Самбодан Ұлттық ұлан үздіктері анықталды

1122
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогына арналған спорттық және жауынгерлік самбодан чемпионат өз мәресіне жетті.

Ел қорғаны саналатын айбынды құрылым сарбаздарының басын қосқан бұл дүбірлі додаға Ұлттық ұланның «Оңтүстік», «Орталық», «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарынан, сондай-ақ Астана қаласындағы 5573, 6636 әскери бөлімдерінен, Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінен және Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясынан келген 100-ге жуық спортшы қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтады.

Тартысқа толы біріншіліктің финалдық кездесулеріне Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков арнайы қатысты.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Бекайдар Қазкеев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде мұндай ауқымды спорттық шаралар жас сарбаздарды патриоттық рухта тәрбиелеумен қатар, олардың дене дайындығын шыңдап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал ететінін атап өтті.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Зиннатұлы да сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ел тыныштығын қорғап жүрген әскери қызметшілердің әскери қызмет пен спортты қатар алып жүруі – жоғары тәртіптің, табандылықтың және жан-жақты дайындықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.

Жарыстың әсерлі сәттерінің бірі – Ұлттық ұлан сапында спорт саласының дамуына 20 жылға жуық уақытын арнаған 5548 әскери бөлімінің дене дайындығы және спорт бастығы, лейтенант Нұрлан Баймағамбетовті құрметті зейнет демалысына шығарып салу рәсімі болды. Осы орайда ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының Жауынгерлік дайындық бас басқармасының дене дайындығы және спорт бөлімшесінің бастығы, полковник Сәтжан Әбішев оның спорттағы жетістіктеріне арнайы тоқталып, қызмет жолындағы елеу-
лі еңбегін атап өтті. Қазақы дәстүр бойынша құрмет көрсетудің айрықша белгісі ретінде иығына шапан жабу рәсімі бұл жолы спорттық сипатта өрнектелді.

- Қазақ халқы қашанда құрметті азаматтарына шапан жауып, ілтипатын білдірген. Бүгін біз де сол игі дәстүрден жаңылмаймыз. Алайда Нұрлан Амантайұлы бар ғұмырын спорт саласына арнағандықтан, өз ісіне деген адалдығы мен еңбегін айрықша атап өту үшін арнайы тігілген, өз есімі жазылған самбо кимоносын жабуға рұқсат етіңіздер, – деп иығына кимоно жапты.

Әрмен қарай чемпионат салтанатты түрде ашылып, әнұран шырқалды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінен кейін боз кілемдегі тартысты белдесулер бірден бастау алды. Алғашқылардың бірі болып 64 келі салмақ дәрежесінде «Орталық» өңірлік қолбасшылығынан келген жауынгер Қылыш Еренқайыпов пен Ұлттық ұлан Әскери академиясының спортшысы Бекзат Түскен күш сынасты. Екі балуан да бұл додаға тыңғылықты дайындықпен келгенін алғашқы минуттардан-ақ аңғартты. Белдесу барысында қарсыластар бір-біріне дес бермей, әдіс-айлаға толы тартысты жекпе-жек көрсетті. Әрбір қимыл, әрбір ұпай көрермен назарын өзіне аударып, боз кілем үстіндегі бәсекенің қызуын арттыра түсті. Дегенмен, кездесудің қорытындысында тәжірибе мен табандылық танытқан Қылыш Еренқайыпов 4:1 есебімен басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

– Бұл жарысқа жақсы дайындықпен келдім, бапкерлерімнің берген тапсырмаларын толық орындауға тырыстым. Қарсыласым да осал болған жоқ, жақсы белдесу болды. Бірақ әр белдесуде барымды салып, жеңіске жету үшін күресемін. Басты мақсат – осы чемпионатта топ жарып, жеңімпаз атану, – деді Қылыш Еренқайыпов.

Жарыс бағдарламасына сәйкес, бұл жолғы додада спорттық самбодан 6 салмақ дәрежесі бойынша, ал жауынгерлік самбодан 5 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың жан-жақты дайындығын талап етіп, боз кілемдегі белдесулердің тартымдылығын арттыра түсті.

Чемпионаттың алғашқы күні іріктеу белдесулері өтіп, әр салмақ дәрежесінде үздік шыққан спортшылар келесі кезеңге жолдама алды. Қатысушылар алғашқы кездесулерден-ақ жоғары қарқын мен мықты дайындықтарын көрсетіп, әр ұпай үшін аянып қалмады.

Екінші күні боз кілемдегі тартыс тіпті қыза түсті. Жартылай финалдық белдесулерде тәжірибелі спортшылар мен жас үміткерлер арасындағы бәсеке ерекше шиеленіске толы болды. Әрбір кездесу финалға берілер жолдаманың тағдырын шешкендіктен, балуандар бар күш-жігерін салып, көрермендерге әсерлі жекпе-жектер сыйлады.

Үшінші күні чемпионаттың шешуші кезеңі – финалдық белдесулер өтті. Бұл кезеңде өз салмақ дәрежелерінде үздік атанған спортшылар өзара мықтыны анықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімі белгілі болды. Финалдық кездесулер жоғары деңгейдегі техникалық шеберлік пен тактикалық сауаттылықтың көрінісіне айналып, жарыстың көркін қыздырды.

Үш күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша спорттық самбодан әр салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер төмендегідей анықталды.       

58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығынан келген Амир Орынбасар иеленсе, екінші орын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының өкілі Илёс Умирбаевқа бұйырды. Ал бірінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығының спортшысы Сағыныш Қуанышұлы жеңіп алды.

64 келіге дейінгі салмақта үшінші орынды 6636 әскери бөлімінің өкілі Бердібек Үмбедхан иеленді. Екінші орын «Орталық» ӨңҚ спортшысы Қылыш Еренқайыповқа бұйырса, алтын жүлдені «Батыс» ӨңҚ  өкілі Диас Куанышкереев еншіледі.

71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орын 6636 әскери бөлімінің өкілі Ұлан Елеусизовке бұйырды. Екінші орынды «Орталық» ӨңҚ спортшысы Нұрсұлтан Әменов иеленсе, бірінші орынды «Батыс» ӨңҚ  өкілі Мади Жеткерген жеңіп алды.

79 келіге дейінгі салмақта үшінші орын Ұлттық ұлан академиясының курсанты Рамазан Садирбаевқа бұйырды. Екінші орынды «Орталық» ӨңҚ спортшысы Мади Мұқан иеленсе, бірінші орынды «Батыс» ӨңҚ өкілі Ғазиз Бейбіт жеңіп алды.

88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орын Ұлттық ұлан академиясының курсанты Мадияр Мақашқа бұйырды. Екінші орынды «Оңтүстік» ӨңҚ өкілі Әділет Ахметғали иеленсе, чемпион атанған «Батыс» ӨңҚ спортшысы Азат Қуанов болды.

98 келіге дейінгі салмақта үшінші орынды «Шығыс» ӨңҚ өкілі Жабраил Хациев еншіледі. Екінші орынды «Оңтүстік» ӨңҚ спортшысы Рахат Құрманбай иеленсе, бірінші орынды «Батыс» ӨңҚ өкілі Нұрдәурен Тынышқали жеңіп алды.

Ал жауынгерлік самбодан өткен жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан келесілер көрінді.

58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынды Мадияр Баубеков («Шығыс» ӨңҚ) иеленді. Екінші орын Кабидолла Козыбаевқа («Орталық» ӨңҚ) бұйырды. Ал бірінші орынды Шыңғыс Айтжанов («Батыс» ӨңҚ) жеңіп алды.

64 келіге дейінгі салмақта үшінші орын Ерасыл Тұрсынбай (Ұлттық ұлан академиясы) бұйырды. Екінші орынды Елнұр Газизов («Оңтүстік» ӨңҚ) иеленсе, жеңіс тұғырының ең биік сатысына Қылышбек Ниязбеков («Батыс» ӨңҚ) көтерілді.

71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынды Ернұр Мұхит (Ұлттық ұлан Әскери академиясы) еншіледі. Екінші орын Шахриер Расуловқа («Оңтүстік» ӨңҚ) бұйырды. Ал бірінші орынды Руслан Қазыбай («Батыс» ӨңҚ) жеңіп алды.

79 келіге дейінгі салмақта үшінші орынды Курванжан Гуламдунов («Шығыс» ӨңҚ) иеленді. Екінші орын Қайрат Тулегеновке («Батыс» ӨңҚ) бұйырса, бірінші орын  Рамазан Нурановқа («Оңтүстік» ӨңҚ) бұйырды.

88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынды Тамирлан Жолдыбаев (Ұлттық ұлан Әскери академиясы) иеленді. Екінші орын Ержан Манарбеке («Оңтүстік» ӨңҚ) бұйырса, бірінші орынды Али Нәсіпқалиев («Батыс» ӨңҚ) жеңіп алды.

Жалпы командалық есептің қорытындысы бойынша жарыс жеңімпазы «Батыс» ӨңҚ атанды. Екінші орынды «Оңтүстік» ӨңҚ иеленсе, үшінші орын «Орталық» ӨңҚ еншісіне тиді.         

Жарыстың салтанатты марапаттау рәсіміне Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков арнайы келіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады.

- Ұландықтар арасындағы спорттық және жауынгерлік самбо жарысы қызықты әрі тартысты өтті. Бұл додада сіздер жоғары шеберлік, мықты рух және нағыз жауынгерге тән қайсарлық таныттыңыздар. Самбо – тәртіп пен төзімділікті, батылдық пен шапшаңдықты талап ететін ерекше спорт. Бүгінгі белдесулер осы қасиеттерді айқын көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жетістіктеріңіз – табанды еңбектің, үздіксіз жаттығудың және жеңіске деген жігердің нәтижесі. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Спортқа қабілетті әр әскери қызметші – жас буынға үлгі, елге қорған. Сондықтан баршаңыз-
ға мықты денсаулық, толағай табыс және қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, - деді өз сөзінде.

Марапаттау рәсімінен кейін боз кілемдегі бәсекенің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны, қатысушылардың дайындық деңгейі мен жарыстың тартысты өткені ерекше атап өтілді. Осы орайда жарысқа қатысқан қонақтар атынан Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов  сөз алып, мұндай ауқымды спорттық іс-шаралар әскери қыз-
метшілердің рухын көтеріп қана қоймай, олардың кәсіби және дене дайындығын жетілдіруге зор ықпал ететінін атап өтті.

Жарыс өз мәресіне жетіп, боз кілемде өткен тартысты белдесулер қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін айқындады. Әр салмақ дәрежесінде үздік шыққан спортшылар өз шеберлігін дәлелдеп, Ұлттық ұлан әскерінің намысын абыроймен қорғауға дайын екендіктерін көрсетті.

Айта кету керек, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері биылғы мамыр айында Семей қаласында өтетін Ішкі істер министрінің кубогында Ұлттық ұланның намысын қорғайтын болады.

Майор Ертуған Әубәкір

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -