ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) инклюзивті даму моделін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Бұл ретте әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту негізгі басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Аталған бастамалардың жүзеге асырылуы туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит аясында өткен «су – климат – бейбітшілік» өзара байланысы шеңберіндегі әйелдерге инвестиция мәселесіне арналған арнайы сайд-ивентте баяндады. Іс-шара Өңірлік экологиялық саммит аясында өтіп, ЕХӘҚМ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, сондай-ақ «БҰҰ-әйелдер» құрылымының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту – басты басымдық
Ербол Тұяқбаев өз сөзінде климаттың өзгеруі, су ресурстары тапшылығы және экожүйелерге түсетін жүктеменің артуы бүгінде экономиканың тұрақтылығына, жұмыспен қамтуға және халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп отырғанын атап өтті. Қазақстан бұл сын-қатерлерді жаңа, орнықты, инклюзивті әрі адамға бағдарланған даму моделін қалыптастырудың негізі ретінде қарастырады. Осы тұрғыда елдің климаттық және ресурстық саясатына гендерлік тәсілдерді енгізу басым бағыттардың бірі болып отыр.

Қазақстандағы гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары
Ербол Тұяқбаев Қазақстанда мемлекеттік саясат деңгейінде ерлер мен әйелдер үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің тұтас жүйесі қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша:
- Ұлттық еңбек заңнамасында кемсітусіз тең еңбекке тең ақы төлеу қағидаты бекітілген;
- Бірдей мамандық бойынша еңбек ететін немесе бірдей лауазым атқаратын жұмыскерлер үшін еңбекақы мөлшерінің теңдігі қарастырылған;
- Әйелдер экономиканың барлық негізгі салаларына, соның ішінде өнеркәсіп, көлік және құрылыс секторларына еркін қатыса алады.
«Әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге деген ұстанымымыз Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымының Әлеуметтік әділеттілік жөніндегі жаһандық коалициясына қосылуымен расталды. Сонымен қатар ұлттық деңгейде «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуді жою туралы» ХЕҰ конвенциясын ратификациялау мәселесі қаралуда», – деді бірінші вице-министр.
Әйелдер көшбасшылығы мен бизнестегі мүмкіндіктер
Министрдің айтуынша, Үкімет әйелдердің бизнес-бастамаларын қолдауға және жеке капиталдың дамуына қолайлы жағдай жасауға айрықша мән беріп отыр. Бұл өз кезегінде қазақстандық әйелдердің жеке дамуына ғана емес, тұтастай алғанда қоғамның экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

«Біз әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және олардың ресурстарды басқаруға қатысуын арттыру бағытындағы шараларды жүйелі түрде жетілдіріп келеміз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілері басшыларының қатарындағы әйелдердің үлесі 48%-дан асты, ал елдегі кәсіпкерлердің жалпы құрылымында бұл көрсеткіш 54%-ға жетті. Бұл деректер әйелдердің жұмыспен қамтылуы мен экономикалық белсенділігі еліміздің тұрақты дамуының маңызды тірегіне айналғанын айқын көрсетеді», – деді Ербол Тұяқбаев.
Әйелдерді жұмыспен қамту және кәсіби оқыту
Баяндамада халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру нәтижелері де кеңінен қамтылды. Министрлік республика өңірлерінің барлығында әйелдерді кәсіби оқыту, біліктілігін арттыру және өзін-өзі жұмыспен қамтуға ынталандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығын азайтып, жаңа технологиялық салалардың дамуына серпін береді.

«Бүгінде Қазақстан экономикасында 4,5 млн әйел еңбек етеді. 2025 жылы жұмыспен қамту шаралары аясында шамамен 475 мың әйел жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар 30 мыңнан астам қазақстандық әйел кәсіпкерлік негіздері бойынша бейіндік оқытудан өтіп, олардың бір бөлігі өз ісін бастау үшін мемлекеттік гранттарға ие болды. Бұл әйелдердің жұмыспен қамтылуы әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамның ұзақ мерзімді дамуының маңызды факторы екенін тағы бір мәрте дәлелдейді», – деп түйіндеді бірінші вице-министр.
Әйелдерге инвестиция салудың маңызы
Сөз соңында Ербол Тұяқбаев әйелдерге инвестиция салудың жекелеген әлеуметтік топты қолдау ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығына, әділ еңбек нарығын қалыптастыруға және өңірдегі ресурстарды тиімді басқаруға бағытталған инвестиция екенін атап өтті.