Елорда оқушылары авиация саласымен танысты

1034
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: t.me/caa_kaz

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жаһандық елшілер бағдарламасын іске асыру аясында, авиациялық мамандықтарды жастар арасында насихаттау және саланың тұрақты кадрлық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара өткізілді. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті елорданың үздік оқушылары мен олимпиада жүлдегерлері үшін Астана әуежайына таныстыру сапарын ұйымдастырды. Бұл шара ИКАО-ның Next Generation of Aviation Professionals (NGAP) бағдарламасы аясында, жас ұрпақты авиация саласына тартуға арналған халықаралық бастамалармен үндес болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Авиация саласының болашағына инвестиция

Кездесуге Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева қатысты. Ол ағымдағы жылдың қаңтар айында ИКАО жаһандық елшілер бағдарламасының елшісі болып тағайындалған. Сондай-ақ, «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Фаат Богдашкин және «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Бекен Сейдахметов өз тәжірибелерімен бөлісіп, авиациялық мамандықтар туралы ақпарат берді.

Салтанат Томпиева жастарды авиация саласына тарту, олардың мамандықтармен танысуы арқылы жаңа буын мамандарын даярлау үшін маңызды қадамдар жасалып жатқанын атап өтті:

"Жастарды авиация саласына тарту - бұл саланың тұрақты болашағына инвестиция. Осындай тәжірибелік іс-шаралар арқылы біз балаларды тек мамандықтармен таныстырып қана қоймай, оларды жаһандық авиациялық қауымдастықтың бір бөлігі болуға ынталандырамыз. ИКАО-ның NGAP бағдарламасы мен жаһандық елшілер бастамасы жаңа буын мамандарын даярлауға берік негіз қалайды."

Шынайы тәжірибе арқылы оқушыларды ынталандыру

Іс-шара барысында Air Astana компаниясының мамандары авиациялық тренажерлардың жұмысын көрсетіп, оқушыларға ұшудың шынайы жағдайларын сезінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, оқушылар штаттан тыс жағдайларда әрекет ету тәртібімен танысып, әуе кемесін аралап, ұшқыш кабинасының құрылымымен танысты.

Әуежай қызметкерлері өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің жұмысын көрсетті, сондай-ақ оқушылар кинологтардың қызметімен танысты.

Аружан Ахпанбетова, елордалық физика-техникалық лицейдің 9-сынып оқушысы, өз әсерлерімен бөлісіп, тренажерде ұшқыш сияқты сезінгенін айтып өтті:

"Барлығының қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көру өте қызықты болды. Ең қатты ұнағаны - тренажер, өзімді нағыз ұшқыш сияқты сезіндім! Осындай әсерлер сыныптастарымда да болды, кейбірі болашақ мамандығын авиациямен байланыстырғысы келді."

Авиация әлеміне жаңа көзқарас

Бұл іс-шара мектеп оқушыларына авиация саласын жаңаша қырынан танытып, олардың көкжиегін кеңейтті. Осылайша, авиацияның қаншалықты сан қырлы және перспективалы болатынын көрсету арқылы жас ұрпақты болашақта осы саланы таңдауға ынталандырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -