1100
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қарапайым еңбек адамдарының отбасынан шыққан тұлғалардың Отанға адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуы – бұл ең алдымен тәрбиенің, өмірлік үлгінің және еңбектің құндылығын ерте сезінудің нәтижесі.

Ауылдағы нағыз еңбек адамдарының шаңырағында өскен бала жастайынан тіршіліктің шынайы болмысын көреді. Ол ата-анасының маңдай терімен тапқан табысын, адал еңбектің қадірін, қиындыққа мойымай, төзіммен өмір сүрудің үлгісін бойына сіңіреді. Мұндай ортада өскен бала үшін еңбек – міндет қана емес, өмірдің мәніне айналады. Сол себепті де олар жауапкершілікті ерте сезініп, өз ісіне ұқыптылықпен қарауды үйренеді.

Қарапайым еңбек отбасынан шығып, ел қорғанына айналған азаматтар – бүгінде қоғамның нағыз тірегі.

Солардың бірі – Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде автомобиль взводының сержанты, аға сержант Құрбанали Наурызбаев.

Әскери жүргізуші – бұл жай ғана көлік тізгіндеген маман емес. Ол – жауапкершілігі жоғары, кез келген жағдайда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай алатын, әскери тәртіпке толық бағынған кәсіби жауынгер.

Әскери қызметте жүргізушілерді даярлау тәжірибемен тығыз байланысты. Жас сарбаздар білікті мамандардың жетекшілігімен шыңдалады. Ал аға сержант Құрбанали Наурызбаев осы саладағы өз ісінің нағыз шебері десек артық емес. Ол ұзақ жылдар бойы әскери жүргізушілерді тәрбиелеп, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына үлкен үлес қосып келеді. 1986 жылы Түркістан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген Құрбанали – отбасының кенже ұлы. Ата-анасы кеңестік кезеңде колхозда маңдай терімен күн көрген қарапайым еңбек адамдары еді. Сол тәрбиенің ықпалы болар, Құрбанали да жастайынан еңбекке араласып, отбасына қолғабыс етуді өмірлік ұстанымына айналдырды.

Мектепті тәмамдаған соң, бірден өмірдің жауапкершілігін сезініп, еңбек жолын бастайды. Ал 2006 жылы Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, мерзімдік қызметтегі сарбаз атанады. Әскери өмірдің тәртібі мен талаптары жас жігіттің жігерін шыңдап, болашақ тағдырына бағыт береді. Сарбаздық қызметін абыроймен аяқтаған соң, туған жерге оралған Құрбанали біржола әскери қызметті таңдауға шешім қабылдайды.

Оның кәсіби әскери жолы 2009 жылы 6506 әскери бөлімінде бөлімше командирі қызметінен басталады. Жауапкершілікті терең сезінетін, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын жас жауынгер аз уақыт ішінде басшылықтың сеніміне ие болады. Небәрі алты айдың ішінде командирдің бірінші көмекшісі, взвод сержанты лауазымына көтерілуі – соның айқын дәлелі.

2013 жылы 6698 әскери бөлімі жеке бөлім болып құрылған кезде Құрбанали материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының автомобиль взводында қызметін жалғастырып, бөлімше командирі және взвод сержанты міндеттерін атқарады. Содан бері ол 13 жылдан астам уақыт бойы әскери жүргізуші мамандарды даярлап, әскери бөлімнің техникалық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.

- Әскери жүргізушілерді дайындаудың басты ерекшелігі – олардың тек техниканы меңгеруімен шектелмей, әскери жағдайда әрекет етуге үйретілуінде. Олар кез келген ауа райында, түрлі жол жағдайында, тіпті төтенше жағдайда да көлікті сенімді басқаруға машықтанады. Сонымен қатар, әскери техникаға ұқыптылықпен қарап, оның әрбір бөлшегінің қызметін жетік білу – басты талаптардың бірі. Бұл салада тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында тұрады. Әскери жүргізушіге тапсырылған техника – мемлекеттің мүлкі, ал кей жағдайда ел қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін құрал. Сондықтан жүргізушілерге сеніп тапсырылған міндетті мінсіз орындау – олардың басты борышы,- дейді Құрбанали Алназарұлы.

Құрбанали тек қызметте ғана емес, отбасында да үлгілі әке, адал жар. 2008 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде төрт баланың әкесі атанды. Жары Ақерке – балабақша тәрбиешісі. Ол тек мамандығына адал жан емес, сонымен қатар екі ұл мен екі қыздың тәрбиесін қатар алып жүрген аяулы ана.

Ақеркенің айтуынша, әскери қызметшінің жары болу – ерекше жауапкершілік.

- Мен жолдасыма әрдайым сенімді қолдау көрсету арқылы өзім де ел тыныштығын қорғауға үлес қосып жүрмін деп есептеймін. Себебі әскери бөлім – біздің екінші отбасымыз. Мұнда біз бір-бірімізге тірек болып, барлық мәселелерді бірге шешеміз. Әскери бөлім аясында өтетін барлық мерекелер мен іс-шараларды да отбасымызбен бірге атап өтеміз, – дейді ол.

Бұл отбасының тағы бір ерекшелігі – білімге деген құрмет. Құрбанали балаларының сапалы білім алуына ерекше мән береді. Оның арманы – ұл-қыздарының ел дамуына үлес қосатын білімді, адал азамат болып өсуі. Бүгінде жоғары сыныпта оқитын балалары мектепте озат оқушылар қатарында.

Аға сержант Наурызбаев Құрбанали үшін әскери қызмет – жай ғана мамандық емес. Бұл – өмірлік таңдау, азаматтық борыш, үлкен мақтаныш. Осындай елжанды азаматтар барда, елдің еңсесі биік, болашағы берік болары анық.

Капитан Мәлика Шынжігітова

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -