Ел бірлігі – отбасыдан басталады

792
Фотосурет: Ұлттық ұлан

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында мәдениет пен дәстүр арасын жалғап тұрған шынайы көпірге айналған отбасылардың тағдыры ерекше мәнге ие болады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Осындай өнегелі отбасылардың бірі – 5573 әскери бөлімінің штаб бастығының орынбасары – жедел бөлімше бастығы, подполковник Игорь Курловичтің отбасы. Ол ұзақ жылдар бойы Отанға адал қызмет етіп қана қоймай, өзара сыйластық пен ұлтаралық татулыққа негізделген берік шаңырақ қалыптастырған жан.

Өзі ұлты жағынан беларус болса, жары Әсел Макамбетқызы – қазақ қызы. Олардың өмір жолы – түрлі мәдениеттердің адамдарды алшақтатпай, керісінше, жақындастырып, отбасының іргесін одан әрі бекемдей түсетінінің айқын дәлелі.

Тағдырлы кездесу 2003 жылы Тараз қаласында басталған. Сол кезде Игорь Михайлович Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесі, бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясының курсанты еді. Кезекті демалыс кезінде туған жеріне келген ол ортақ достары арқылы болашақ жары Әселмен танысады.

Әсел менің досымның жақын құрбысы болатын. Кездесуіміз мүлде кездейсоқ болғанымен, кейін – бұл тағдырдың жазуы екенің түсіндік.. Сол сәттен бастап біздің өмірлік жолымыз басталды, – деп еске алады офицер.

Қарым-қатынастары біртіндеп, шынайы сенім мен болашаққа деген нық көзқарас негізінде дамыды. 2005 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, жас жұп маңызды шешім қабылдап, шаңырақ көтерді.

Оқуымды аяқтаған кезде біз өмір жолын бірге жалғастырғымыз келетінін анық түсіндік. Осылайша мен үшін ең үлкен тірекке, өмірімнің мәніне айналған отбасымыз құрылды, – дейді Игорь Михайлович.

Міне, содан бері ерлі-зайыптылар 20 жылдан астам уақыт бойы өмір жолында қол ұстасып бірге келе жатыр. Осы жылдар ішінде олар талай сынақтан өтіп, қуанышты сәттерді бірге бөлісіп, қиын кезеңдерде бір-біріне тірек бола білді. Сенім мен түсіністікке негізделген тату да берік отбасы қалыптастырды.

Бүгінде олар екі қыз және бір ұл тәрбиелеп отыр. Әке үшін ерекше мақтаныш – ұлының да Отанға қызмет ету жолын таңдап, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарында мерзімді әскери қызмет атқарып жатқаны.

Әке ретінде, әрине, алаңдадым. Бірақ сонымен бірге үлкен мақтаныш сезімі болды. Балаң өз еркімен еліне қызмет етуді таңдаса, оған өмірлік ұстанымдарыңды дұрыс жеткізе алғаныңды түсінесің, – дейді кейіпкеріміз.

Бұл отбасы үшін Қазақстан халқының бірлігі күні – жай ғана мемлекеттік мереке емес, олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Себебі олар үшін өзге мәдениетке құрметпен қарау, төзімділік пен қолдау – нағыз отбасының іргетасы.

Олардың шаңырағында беларус және қазақ халқының дәстүрлері жарасымды үндескен. Мұнда ұлттық мерекелер де, отбасылық қуаныштар да бірдей жылылықпен аталып өтеді. Православие Пасхасы кезінде отбасы дәстүр бойынша жұмыртқа бояп, кулич пісіріп, үлкен дастарқан басына жиналады. Ал Айт мерекесінде міндетті түрде бауырсақ пісіріліп, ұлттық тағамдар дайындалып, үлкендерге сәлем беріліп, туған-туысқа ізгі тілектер айтылады.

Біз ешқашан дәстүрлерді “менікі” немесе “сенікі” деп бөлген емеспіз. Барлығы ортақ дүниеге айналды. Ең бастысы – сыйластық, түсіністік және бір-бірін тыңдай білу. Ұлтқа қарамай, отбасы дәл осы құндылықтардың үстінде құрылады, – дейді ол.

Үлкенге құрмет, жақындарға жауапкершілік, отансүйгіштік пен отбасы құндылықтары – ерлі-зайыптылар балаларына сіңіруге тырысатын басты ұстанымдар.

Ұлттық ұландағы қызмет те отбасының нығаюына үлкен әсер етті. Әскери тәртіп, борыш сезімі, жауапкершілік пен адалдық офицерді ғана емес, нағыз отансүйгіш азаматты, асыл жар мен ардақты әке болуға үлкен көмегін тигізеді.

Қызмет уақыттың, сенімнің және отбасы қолдауының қадірін түсінуге үйретеді. Арқаңда сенімді отбасы тұрса, кез келген міндет орындалады. Әскери адам үшін отбасы – нағыз күш, – деп атап өтеді подполковник Курлович.

Көпұлтты Қазақстан туралы сөз қозғағанда, офицер елдің шынайы күші халықтың бірлігінде екенін ерекше айтады.

— Қазақстанның күші – түрлі ұлт өкілдерінің бір үлкен отбасыдай өмір сүруінде. Біз бір-бірімізді құрметтейміз, дәстүрлерімізді сақтаймыз және ортақ болашақты бірге құрамыз. Ұлтаралық отбасылар – халықтар достығының сөз жүзінде емес, ең алдымен үйде, отбасында басталатынының жарқын дәлелі, – дейді ол.

Егер өз отбасын небәрі үш сөзбен сипаттау қажет болса, ол: сенім, құрмет және қолдау деп жауап берер еді. Дәл осы қарапайым, бірақ ең маңызды құндылықтар отбасы жылуын сақтап, алға сенімді қадам жасауға көмектеседі.

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Игорь Михайлович барша қазақстандықтарға ақжарма тілегін жеткізді. :

Баршаңызға бейбіт өмір, өзара түсіністік және амандық тілеймін. Әр шаңырақта татулық, сыйластық пен махаббат орнасын. Себебі ел бірлігі – отбасы бірлігінен басталады.

Бұл отбасының тарихы – халықтың шынайы күші қарапайым адами құндылықтардан: махаббаттан, құрметтен және бір-біріне адалдықтан басталатынының тағы бір дәлелі. Осындай отбасылар ғана мықты әрі біртұтас Қазақстанның берік негізіне айналады.

5573 әскери бөлімінің тілшісі

Лейтенант Әйгерім Балтабаева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -