Алматыда GITEX AI Kazakhstan 2026 жалғасуда

781
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: GITEX AI Kazakhstan 2026

Алматыда өткен GITEX AI Kazakhstan 2026 көрмесі Орталық Азия мен Кавказды жаһандық жасанды интеллект экономикасының жаңа өсім нүктесі ретінде қарастыратын ауқымды пікірталас алаңына айналды. Форумның алғашқы күні-ақ AI-инфрақұрылым, инвестиция және кадр даярлау мәселелері басты назарға алынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Аймақтық AI-экономикаға жаңа серпін

Көрме әлемдік AI-инфрақұрылым әлі де ірі технологиялық орталықтарда шоғырланып тұрған кезеңде өтіп отыр. Соған қарамастан, бұл алаңда Орталық Азия мен Кавказды қарқынды дамып келе жатқан AI-экономикалар қатарына қосу идеясы көтерілді.

Іс-шараны GITEX жаһандық операторы inD компаниясы, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен, Astana Hub және Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Алғашқы күні:

  • 60-тан астам елден қатысушылар келді
  • 200-ден астам спикер пікір білдірді
  • мемлекеттік сектор, бизнес және инвесторлар бас қосты

Үш негізгі басымдық айқындалды

Форумның күн тәртібі өңірдегі AI дамуының үш негізгі бағытына шоғырланды:

  • цифрлық инфрақұрылымды кеңейту
  • жаһандық инвестиция тарту
  • технологиялық кадрлар даярлау

Сарапшылардың айтуынша, AI технологияларын кеңінен енгізу Қазақстан экономикасына жыл сайын ЖІӨ өсімінің шамамен 2%-ына дейін үлес қоса алады. Соңғы екі жылда AI секторына салынған венчурлік инвестициялар көлемі бес еседен астам артқан.

Білім беру және адами капитал басты назарда

Пікірталастардың негізгі бөлігі кадр даярлау мен білім беру жүйесіне арналды.

Саясат Нұрбек айтуынша, елімізде AI білім беру жүйесіне жаппай енгізілген:

«Өткен жылы біз колледж студенттсссерінен бастап, олардың 100%-ы AI бойынша базалық дайындықтан өтті. Бір жыл ішінде 673 000 студент AI-ды оқып шықты. Енді екінші кезеңге өтіп, ең үздік әрі амбициясы жоғары 100 000 студентті іріктеп, тереңдетілген дайындық береміз, олар өздерінің AI-агенттерін жасауды үйреніп, бастапқы қаржыландыру мен есептеу қуатына қол жеткізеді».

Ал Грузия тарапынан Байя Квициани адами капиталдың маңызын атап өтті:

«Грузия табиғи ресурстарға бай емес, біздің жалғыз капиталымыз – шығармашылық және адами ресурстар. Үкімет дәл осы бағытқа байыпты инвестиция салып отыр».

Ол сондай-ақ білім беру жүйесіндегі өзгерістер қарқынына тоқталды:

«AI жағдайында ертең не болатынын болжау қиын. Өзгеріс қарқыны өте жоғары, мектептер мен университеттердегі студенттер білімнен шынайы құндылық алатынына қалай көз жеткіземіз?»

Басқару мен инвестиция тепе-теңдігі

Сауд Арабиясы өкілдері AI экономикасын дамытуда негізгі фактор ретінде дұрыс басқару моделін атады.

Ибрагим Нейяз пікірінше:

«Ең бастысы – реттеуші органдар, салалық көшбасшылар және жеке сектор бірлесіп жұмыс істей алатын және технологияларды ауқымдайтын басқару жүйесін құру».

Ол сонымен қатар:

«Егер ұсынысы көп, бірақ сұранысы жоқ экожүйеге көп инвестиция салсаң, қаражат жоғалтасың. Сол сияқты сұраныс бола тұрып ұсыныс жетіспесе де нәтиже болмайды».

және басқару архитектурасы туралы:

«Жағдайға бейімделетін басқару қажет, яғни, цифрлық және AI-экономикамен бірге дамитын реттеу мен саясат. Сонымен қатар, жаңа технологияларды қауіпсіз ортада сынап, кейін нарыққа шығару үшін арнайы тәжірибелік құқық режимдері қажет».

Алғашқы күннің қорытындысы

GITEX AI Kazakhstan-тың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша мазмұнды пікірталастар мен қабылданған міндеттемелер елдің стратегиялық хаб ретіндегі рөлін тағы да растады.

Көрме алаңында:

  • 43 елден келген 336 компания мен стартап
  • 186-дан астам инвестор

ұсынылды.

Форум аясында меморандумдарға қол қойылып, инвестициялық кездесулер өтті.

Форум жалғасуда

GITEX AI Kazakhstan бүгін де Алматыдағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында жалғасады. Бағдарламада инфрақұрылым, энергетика және өнеркәсіпте AI қолдану тақырыптары талқыланады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -