Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтап, 9 мамырдың шынайы мәні туралы маңызды ой айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысы майдангерлер мен тыл ардагерлеріне құрмет білдіріп қана қоймай, бұл күннің даңғаза мерекеден гөрі терең тағылым мен тарихи жадының символы екенін ерекше атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Ұлы Жеңіске орасан үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған қазақстандық майданға аттанып, ерлікпен шайқасты. Ал тылдағы халық күндіз-түні еңбек етіп, армияны қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті.
«Бүгін біз майдан даласында Отан үшін от кешіп, ерлік жасаған жауынгерлерге және тылда табанды еңбек еткен ардагерлерге шынайы ризашылық сезіммен тағзым етеміз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жүзден астам қазақстандықтың «Даңқ» орденінің толық кавалері атанғанын, бес жүз адамның Батыр атағын алғанын еске салды. Сонымен қатар ондаған мың азаматтың ерлігі мен еңбегі мемлекеттік марапаттарға ие болған.
Президент бүгінгі буынның ең басты міндеттерінің бірі – соғыс ардагерлерінің ерлігін ұмыттырмау екенін айтты. Қазақстанда батырлардың есімі көшелерге, мектептерге, музейлер мен әскери нысандарға беріліп, олардың өмірі туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылып жатыр.
«Қаһарман ардагерлеріміздің ерен ерлігінің мән-мағынасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі буынның қасиетті парызы», – деді Тоқаев.
Алайда Президенттің құттықтауындағы ең көп талқыланған тұстардың бірі – Жеңіс күніне қатысты айтқан пікірі болды.
«Ұлы Жеңіс күні – ең алдымен, жауынгерлік ерлігі мен жігерлі еңбегінің арқасында мамыражай заманға жеткізген батырларымыздың есімін ел жадында жаңғырту күні. Бұл – ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі мағыналы ойға шақыратын мереке».
Бұл сөздер әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік Президенттің 9 мамырдың шынайы рухын – құрмет, тағзым және тарихи жадыны сақтау екенін меңзегенін айтуда.
Тоқаев өз құттықтауында қазіргі Қазақстанның бейбіт әрі тәуелсіз ел ретінде дамып келе жатқанын да атап өтті. Оның сөзінше, елде жаңа Конституция негізінде Әділетті Қазақстан құрылып жатыр және онда барлық азаматтың құқығы тең қорғалады.
Сөз соңында Мемлекет басшысы қазақстандықтарға бейбіт өмір мен бірлік тіледі.
«Халқымыздың бейбіт өмірге және өсіп-өркендеуге ұмтылысының айқын көрінісі іспеттес көк байрағымыз әрдайым ашық аспан астында желбіресін!»
Президент үндеуін дәстүрлі тілекпен аяқтады:
«Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!»
