Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы Ә. Ермеков атындағы №17 мектеп-лицейінде автоматтандырылған суару жүйесі мен күн энергиясы арқылы жұмыс істейтін заманауи «ақылды жылыжай» табысты жұмыс істеп тұр. Жоба оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған STEAM зертханасына айналған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жылыжайды жаңғырту идеясы қалай пайда болды
Бұған дейін мектеп жылыжайында негізінен сәндік гүлдер өсірілген. Алайда Балқаш өңіріне тән құрғақ климат пен жаз мезгіліндегі тұрақты күтімнің болмауы өсімдіктердің тұрақты гүлдеуіне кедергі келтірген. Демалыс кезінде қызметкерлердің көпшілігі жұмыста болмағандықтан, жылыжайды күтіп-баптау қиындай түскен.

Осы мәселелерден кейін мектеп ұжымы жылыжайды жаңғыртуға шешім қабылдаған. Идея Balkhash STEAM Serpini жобасына қатысудан кейін жүзеге аса бастаған.

№17 мектеп-лицейі байқауда үздік шыққан бес оқу орнының қатарына еніп, «Автономды күн электрмен жабдықтау жүйесі және тамшылатып суару элементтері бар Smart-жылыжай» жобасына 1,5 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алған.
Жылыжай қалай жұмыс істейді
Грант қаражаты есебінен жылыжайға бірнеше заманауи құрылғы орнатылған:
- күн панельдері;
- фитолампалар;
- температура көтерілген кезде автоматты түрде ашылатын желдету жүйесі;
- 200 құмыраға арналған тамшылатып суару жүйесі;
- суару жүйесіне арналған арнайы насос.
Барлық деректерді жинау, өңдеу және сақтау Raspberry Pi микрокомпьютері арқылы жүргізіледі.
Қазір жылыжайдағы жабдықтардың үздіксіз жұмысын оқушылар мен мұғалімдер бірлесіп бақылап отыр.


Жоба оқушылар үшін тәжірибелік алаңға айналды
STEM бағытының жетекшісі Валерия Подшивалованың айтуынша, жоба оқушылар үшін үлкен тәжірибелік маңызға ие.
– Бұл жоба ең алдымен оқушылар үшін ерекше маңызды, өйткені жылыжай шынайы STEAM зертханасына айналды. Ал педагогтер үшін бұл – заманауи оқу-тәжірибелік алаң, мектеп үшін – жаңа форматтағы білім беру кеңістігі. Сонымен қатар, үдерістерді автоматтандыру су мен электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді STEM бағытының жетекшісі Валерия Подшивалова.
Жобаға оқушылар мен мұғалімдер белсенді қатысып жатыр
Жобаны дамытуға мектеп педагогтерімен қатар оқушылар да атсалысуда.

Атап айтқанда:
- физика пәнінің мұғалімі Евгения Ким энергетика және қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік кеңес береді;
- колледж студенті Арсений Подшивалов датчиктерді баптауға көмектеседі;
- 10-сынып оқушысы Леонид Зайцев құрылғыларды құрастыру және орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр;
- дизайн және визуалдық шешімдерді Каролина Ковальчук әзірлеген;
- зерттеу бағытымен 8-сынып оқушысы Ксения Оралбекова айналысады.
Жоба аясын кеңейту жоспарланып отыр
Мектепте оқушыларды жылыжай жұмысымен ерте жастан таныстыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қазір негізгі жұмыстарға 9–10-сынып оқушылары қатысып жүр. Ал биыл жобаға 6–7-сынып оқушыларын тарту жоспарланған.
– Біз балаларды жылыжай әлемімен бірінші сыныптан бастап таныстырамыз – олар мұнда экскурсияға келіп тұрады. Қазіргі таңда негізгі жұмысты 9–10-сынып оқушылары атқаруда, алайда биыл 6–7-сыныптарды да жобаға тартуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта жобаны одан әрі дамытып, автоматтандыру деңгейін арттырып, түрлі деңгейдегі байқауларға қатысуды көздеп отырмыз, – деп атап өтті Валерия Подшивалова.