Қазақстанда балалар денсаулығын жүйелі түрде нығайтуға бағытталған «Бастау» кешенді бағдарламасы әзірленеді. Жаңа бастама профилактикалық медицинаны дамытуға және балалар арасында аурулардың алдын алу жүйесін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның тапсырмасы бойынша қолға алынуда.
Балалар денсаулығына қатысты негізгі мәселелер қаралды
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен кеңесте балалар денсаулығын сақтауды дамытуға қатысты бірқатар маңызды бағыт талқыланды.
Атап айтқанда:
- мектеп медицинасын жетілдіру;
- профилактикалық тексерулерді цифрландыру;
- «Саламатты мектеп» бағдарламасын іске асыру;
- жазғы сауықтыру науқанын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Кеңес барысында балалар денсаулығын қорғау жүйесін ауылдық және шалғай елді мекендерде де күшейту қажеттігі айтылды.
365 мыңнан астам бала профилактикалық шаралармен қамтылған
Жиында «Салауатты жаз – 2025» бастамасының нәтижелері де сөз болды.
Министрлік мәліметінше, шалғай өңірлерде тұратын 365,5 мыңнан астам бала профилактикалық және сауықтыру шараларымен қамтылған.
Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, негізгі басымдықтар ретінде:
- медициналық тексерулердің қолжетімділігін арттыру;
- қамту ауқымын кеңейту;
- ерте диагностиканы күшейту көзделіп отыр.
Электрондық денсаулық паспорты енгізіледі
Кеңесте цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, балалардың электрондық денсаулық паспорттарын жүргізу:
- денсаулық жағдайын тұрақты бақылауға;
- қауіп факторларын ерте анықтауға;
- медициналық мәліметтерді жүйелеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар стоматологиялық аурулардың алдын алу кабинеттерін ашу және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасатыны айтылды.
«Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында жүзеге асады
Ақмарал Әлназарова балалар денсаулығын қорғау мемлекет бақылауындағы негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.
«Бастау» бағдарламасы:
- балалар арасындағы аурулардың алдын алу;
- ауруларды ерте анықтау;
- медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту;
- ауылдық өңірлердегі медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.