Астанада «Анаға тағзым» аллеясы ашылды

990
Фотосурет: Gov

Елордада Халықаралық отбасы және Аналар күніне орай «Анаға тағзым» аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мерекелік жиынға қоғам қайраткерлері, аналар қауымы және қала тұрғындары қатысты.

«Ана – ұрпақ тәрбиесінің негізі»

Салтанатты шарада алғаш болып сөз сөйлеген Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Молдабек отбасы құндылықтарының маңызын атап өтті.

Ол ананың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне ерекше тоқталды.

— Ана деген бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деп қазақ ежелден аналардың отбасындағы қадірін ерекше атап көрсеткен. Әр адамның бойындағы қасиеті, тәрбиесі, отансүйгіштігі аналарымыздың ақ сүтімен беріледі. Отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін. Өсіріп-жатқан ұл-қыздарыңыздың қызығын көріңіздер, – деді Қуаныш Молдабек.

Аналарға құрмет көрсетілді

Іс-шара барысында бірқатар қоғам өкілдері сөз сөйлеп, аналарды мерекемен құттықтады.

Олардың қатарында:

  • Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, жазушы Камал Әлпейісова;
  • ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Сұңқар Хангелдина;
  • Астана қаласы әкімдігі жанындағы комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова болды.

Салтанатты рәсімде бала тәрбиесі мен қоғамдық өмірдегі белсенділігімен танылған аналарға:

  • «Алтын алқа»;
  • «Күміс алқа» марапаттары табысталды.

Аллея елорданың көрікті орындарының біріне айналуы мүмкін

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама тек қаланы көгалдандырумен шектелмейді.

Жоба:

  • қаланың жасыл белдеуін кеңейтуге;
  • табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға;
  • отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған.

Іс-шараға қатысқан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева да өз пікірін білдірді.

— Бүгін елордада өте мағыналы іс-шара өтіп жатыр. «Анаға тағзым» аллеясының ашылып жатқанына қуаныштымыз. «Анаға тағзым» деген сөздің өзі – үлкен құрметтің белгісі. Бұл елордамызға көрік беретін орын болады деп ойлаймын. Қазақ жылы лебізін білдірген кезде «жапырағың жайылсын» деген тілек айтады ғой. Ұрпақ ана арқылы өсіп-өнеді. Ана деген – жайқалған жасыл желекпен бірдей ұғым. Сол аналарымыз сияқты бүгін егілген әр ағаштың да жапырағы жайылып, бұл жер жанға сая көрікті орынның біріне айналсын деп тілеймін, – деді Светлана Айтбаева.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -