Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Салтанатты қарсы алу
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия көшбасшысын өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің истребителдері Түркия туын бейнелейтін қызыл және ақ түсті жолақтардан із тастап ұшты.


Содан кейін президенттер ресми делегация мүшелерін таныстырып, құрмет қарауылының бастығы рапорт берді. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, рәсім аяқталды.

Шағын құрамдағы кездесу
Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған шағын құрамда кездесті. Қазақстан Президенті Түркия басшысына ілтипат білдіріп, былай деді:
“Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым, Өзіңізбен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!”
Өткен сапарларды еске алу
Мемлекет басшысы былтырғы Анкарада өткен ресми сапарды да ықыласпен еске алды:
“Біз Анкарада Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысын өткіздік. Өте маңызды шешімдерге қол жеткіздік. Бүгін Кеңестің алтыншы отырысы болады. Ауқымды бизнес форум өтеді. Өзіңізбен бірге Астанаға үлкен делегация келді. Сондықтан сапарыңыз ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз. Осылайша, өзара ынтымақтастығымыздың жарқын болашағына зор қадам жасаймыз.”
Түркия Президентінің жауабы

Режеп Тайип Ердоған бауырлас қазақ елінің көрсеткен құрметіне ризашылығын білдірді:
“Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін.”

