15 мамыр – Отбасы күні – қоғамдағы ең қастерлі құндылықтардың бірі саналатын отбасы институтын дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күн – әр шаңырақтың берекесі мен бірлігі, өзара сыйластық пен сүйіспеншілік арқылы қалыптасатын мықты қоғамның негізін еске салатын маңызды дата. Отбасы – адам өмірінің тірегі, тәрбиенің бастауы және рухани құндылықтардың алтын қазығы.
Тарихы тереңнен бастау алатын халқымыз қашанда отбасы тәрбиесіне ерекше мән берген. Қазақ қоғамында шаңырақтың берік болуы – елдің бірлігі мен тұрақтылығының кепілі саналған. Бүгінде де осы ұстаным өз маңызын жойған жоқ, керісінше уақыт өткен сайын құндылығы артып келеді.
Еліміздегі отбасы институтының нақты көрінісін түрлі салада еңбек етіп жүрген қарапайым отбасылардан анық байқауға болады. Әсіресе, әскери ортада қалыптасқан жауапкершілік, тәртіп пен өзара қолдау – отбасының беріктігін одан әрі нығайта түседі. Мұнда әрбір отбасы мүшесі ортақ мақсатқа жұмылып, бір-біріне демеу бола біледі.
Осындай татулық пен түсіністікті ту еткен отбасылардың бірі – Қостанай қаласындағы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6697 әскери бөлімінде қызмет ететін Коданиди отбасы. Бұл шаңырақта қазақ қызы мен орыс жігіті ортақ өмір жолын таңдап, өзара құрмет пен сүйіспеншілікке негізделген берік отбасы құрып отыр.
Отбасының отағасы – Коданиди Дмитрий Николаевич. Ол 1997 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында дүниеге келген. Бала кезінен тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен ол мектеп қабырғасында-ақ әскери салаға қызығушылық танытқан. 2014 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің институтына оқуға түсіп, 2018 жылы «Әскерлерді командалық-тактикалық тылдық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әскери қызмет жолын Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінде бастап, кейін Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімінде жалғастырған. Уақыт өте келе тәжірибесі толығып, Степногорск қаласындағы 3517 әскери бөлімінде қызмет етті. Қазіргі таңда Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде абыроймен қызмет атқарып келеді. Қызметтегі жетістіктері үшін бірнеше мәрте медальдармен және алғыс хаттармен марапатталған.
Отбасының отанасы – Коданиди Камила Қайратқызы. Ол 2004 жылы Ақмола облысы Степногорск қаласында дүниеге келген. Балалық шағы осы шағын әрі жайлы қалада өтіп, жүрегінде жылы естеліктер қалдырған. Мектепті Островский атындағы білім ордасында тәмамдап, кейін «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша колледжде білім алып, заңгер біліктілігін иеленген.
Әскери қызметті таңдауда Камиланың өмірінде жақындарының әсері зор болған. Әсіресе жездесінің қызметке деген жауапкершілігі мен тәртібі оның бұл салаға қызығушылығын оятқан. 2023 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қатарына қосылып, өз жолын бастады. Алғашқы қызметін Степногорск қаласындағы 3517 әскери бөлімінде атқарып, тәжірибе жинақтады.
Кейін, 2026 жылдың наурыз айында жұбайының қызметіне байланысты Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөліміне ауыстырылды. Бүгінде ол аталған бөлімде саптық бөлім мен кадрлар бойынша аға маман – жауапты орындаушы қызметін атқарады. Қызмет барысында жауапкершілігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп, түрлі деңгейдегі алғыс хаттар мен грамоталарға ие болған.
Коданиди отбасының таныстығы да әскери қызмет барысында бастау алған. Алғашында әріптес ретінде басталған қарым-қатынас уақыт өте келе ортақ құндылықтар мен өзара сыйластыққа ұласып, шынайы сезімге айналды. Бүгінде олар жарты жылдан астам уақыт бірге тату-тәтті отбасы болып өмір сүріп келеді.

Бұл отбасының ерекшелігі – күнделікті өмірде махаббат пен сыйластықты үйлестіре білуінде. Олар бір-бірінің тәрбиесі мен өмірлік ұстанымдарын құрметтеп, ортақ отбасы мәдениетін қалыптастырған. Мәселен, мерекелерде бірге бас қосып, отбасылық дәстүрлерді сақтауға ерекше мән береді.
Олардың айтуынша, Отбасы күні – тек мереке емес, ол әр шаңырақтағы махаббат пен жауапкершілікті еске салатын маңызды күн.
– Біздің отбасымызда бұл күн бір-бірімізге деген құрметті арттырып, ортақ құндылықтарды бағалаумен ерекшеленеді, – дейді олар.
Коданиди отбасы жастарға да өз ойларын жеткізді. Олардың пікірінше, ең бастысы – адамгершілік, сыйластық және шынайылық. Себебі берік отбасының негізі ұлтқа немесе ортаға емес, өзара түсіністік пен жүрек жылуына байланысты.
Бір шаңырақ астында үйлесім табу – бұл тек тұрмыстық жағдай емес, ол саналы таңдау мен үлкен жауапкершіліктің нәтижесі. Коданиди отбасы – соның айқын дәлелі. Олар үшін отбасы – өмірдің ең басты құндылығы.
Бүгінгі қоғам үшін ең маңызды ұстаным – берік отбасы мен өзара қолдау. Осындай отбасылар көбейген сайын, елдің де іргесі нығая түседі. Өйткені отбасы – тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде қалыптасатын ең қастерлі ұғым.
Лейтенант Асқарбек Әлишер
Қарағанды-Қостанай