15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Бұл күн отбасы құндылығы мен берекелі шаңырақтың қоғамдағы маңызын айшықтай түседі. Әсіресе, әскери қызмет пен отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүрген жандардың өмір жолы көпшілікке үлгі болары анық, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгінде Орал қаласындағы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде 15 әскери отбасы ел тыныштығын күзетіп, Отан алдындағы борышын бірге атқарып келеді.
Әскери қызмет – ортақ тағдыр
Әскери өмірдің тәртібі мен жауапкершілігіне бейімделген бұл отбасылар үшін қызмет жай ғана мамандық емес. Олар үшін бұл – ортақ өмірлік таңдау мен ортақ міндет.
Солардың бірі – Казеновтар отбасы.
Полковник Хамит Казенов пен жары Әсем Казенова осыдан 23 жыл бұрын Петропавл қаласындағы әскери академияда танысқан. Курсант кезіндегі таныстық уақыт өте келе берік отбасыға және әскери дәстүрге ұласқан.
Қазір Хамит Казенов ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік басқармасының бастығы қызметін атқарады. Ал Әсем Казенова кадрлар саласында еңбек етеді.
Отбасында бір қыз, екі ұл тәрбиеленіп отыр.

Әскери дәстүр ұрпаққа жалғасып келеді
Казеновтар әулетіндегі әскери жол келесі буынға да жалғасқан. Үлкен қыздары Айдана ата-анасының жолын таңдап, әскери қызметке келген.
Қазіргі таңда ол 5517 әскери бөлімінің саптық бөлімшесінде қызмет атқарып жүр.
Полковник Хамит Казенов әскери отбасының басты тірегі – өзара түсіністік екенін айтады.
«Әскери отбасы болу – үлкен жауапкершілік. Қызметтің қиындығын да, қуанышын да бірге бөлісеміз. Бір-бірімізді түсінгендіктен, кез келген міндетті еңсеру жеңіл болады. Отбасыдағы ауызбіршілік – әскери қызметтегі табыстың да негізі. Балаларымыздың елге қызмет ету жолын таңдауы – біз үшін үлкен мақтаныш»
Жас сарбаздарға үлгі
Ұлттық ұлан қатарындағы мұндай отбасылар жас сарбаздарға да өнеге болып жүр. Олар әскери антқа адалдықпен қатар, отбасы алдындағы жауапкершіліктің де маңызды екенін көрсетеді.
Әскери отбасылар үшін қызмет пен шаңырақ егіз ұғымға айналған. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге, ұрпақ тәрбиесіне де ерекше мән беріп жүрген жанұялар қоғамдағы отбасы институтының маңызын айқындай түседі.
Халықаралық отбасы күні қарсаңында олардың өнегелі өмір жолы көпшілікке тағылым болары сөзсіз.