Астанада Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігі мен «Бақытты шаңырақ» қайырымдылық қоры ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара өткізді. «Бақытты шаңырақ» орталығында өткен іс-шара барысында балалар өнер көрсетіп, елшілік 700 мың теңге көлемінде рюкзактар, ойыншықтар және білім алуға қажетті құрал-жабдықтар сыйлады.
Астанадағы «Бақытты шаңырақ» қоры ерекше балалар мен олардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. 2020 жылы құрылған орталық бүгінде мыңнан астам отбасын біріктіріп, ерекше қажеттілігі бар балаларға тегін реабилитациялық, білім беру және әлеуметтік қызметтер ұсынады. Қордың негізгі мақсаты – тек балаларды ғана емес, толық отбасын қолдау, ата-аналардың қоғамнан шеттеп қалмауына жағдай жасау.
Бүгінде қор құрамында 1063 отбасы бар. Жалпы балалар саны – 2689, оның ішінде 1158-і мүгедектігі бар балалар. Орталықта массаж, емдік дене шынықтыру, адаптивті дене жаттығулары, сенсорлық интеграция, АВА-терапия, бассейн, шахмат, ағылшын тілі, математика сабақтары, тұзды шахта, шунгит бөлмесі және барокамера қызметтері тегін көрсетіледі. Сонымен қатар ата-аналар мен балаларға арналған тренингтер, семинарлар, шығармашылық және аспаздық шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

16 мамыр күні дәл осы орталықта Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігі мен «Бақытты шаңырақ» қайырымдылық қоры бірлесіп «Шекарасыз махаббат: Балаларды қорғау күніне арналған ерекше балалармен кездесу» атты қайырымдылық шарасын өткізді. Іс-шара Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылып, оған шамамен 60 ерекше бала қатысты.
Мерекелік бағдарлама барысында балалар жекпе-жек өнерінен өнер көрсетіп, ән айтып, домбыра тартты. Шара аясында Қытай елшілігі балаларға және орталыққа 700 мың теңге көлемінде рюкзактар, ойыншықтар мен білім алуға қажетті құрал-жабдықтар сыйлады. Қор өкілдері өз кезегінде елшілікке алғыс хат табыстады.

Іс-шараға Қытай елшілігі атынан кеңесші-елші Чэн Кэфань қатысты. Ол Қазақстандағы Қытай елшісінің ерекше балалар мен орталық ұжымына арналған ыстық ықыласын жеткізді.
«Бұл шара Балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Бүгін орталықтағы ерекше жылы атмосфераны сезіндік. Балалардың өнері мен белсенділігі бізге үлкен әсер қалдырды. Барша балаға денсаулық, бақыт және жарқын болашақ тілеймін», – деді Чэн Кэфань.
«Бақытты шаңырақ» қорының негізін қалаушылардың бірі Ботагөз Сұлтанованың айтуынша, қор Қытай елшілігімен үшінші жыл қатарынан ынтымақтастық орнатып келеді.
«Бұл алғашқы кездесу емес. Біз Қытай елшілігімен тұрақты байланыстамыз. Олар біздің қор туралы біліп, өздері хабарласты. Шынымды айтсам, қорымызды Қытай елшілігі білетініне қуандым. Содан бері түрлі бастамаларды бірге жүзеге асырып келеміз», – деді ол.

Оның сөзінше, қор ерекше балалар мен олардың ата-аналарына 22-ден астам тегін қызмет көрсетеді. Ұйым тек реабилитациямен шектелмей, отбасылардың әлеуметтік өмірге бейімделуіне де ерекше назар аударады.
«Біздің басты мақсатымыз – тек баланы емес, толық отбасын қолдау. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар көбіне қоғамнан оқшауланып қалады. Сондықтан біз оларға моральдық, ақпараттық, әлеуметтік қолдау көрсетуге тырысамыз», – деді Ботагөз Сұлтанова.
Қор жанында ерекше балалардың аналары да жұмыс істейді. Олар акиматтың қоғамдық жұмыс бағдарламасы арқылы еңбекке тартылған.
«Жалақы көлемі шамамен 78 мың теңге. Әрине, мұндай қаражатқа жұмыс істеу оңай емес. Бірақ біздің аналар үшін ең маңыздысы – өзін қажет сезіну, қоғамға пайдасын тигізу. Кейбір қызметкерлеріміз 2020 жылдан бері жұмыс істейді», – деді қор жетекшісі.
Сонымен қатар қор демеушілер арқылы азық-түлік себеттерін таратып, мүгедектер арбасын, қажетті дәрі-дәрмектерді алуға көмектеседі. Ұйым Мәдениет министрлігімен бірге театр қойылымдары мен балалар шараларына тегін билеттер ұсынады.

Шараға қатысқан ата-аналардың бірі Тоғжан Әбдірахман орталықтың балаларына үлкен көмек көрсетіп отырғанын айтты.
«Біз бұл орталыққа былтыр тамыз айынан бері келіп жүрміз. Балаларым массаж, сенсорлық интеграция, АВА-терапия және барокамера қызметтерін алады. Нәтижесі өте жақсы. Мұнда тек балаларға емес, ата-аналарға да үлкен қолдау көрсетіледі», – деді ол.

Қор өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта Қытай елшілігімен бірлескен жобаларды кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, қытайлық клиникалармен бірлесіп ерекше балаларға арналған тұрақты реабилитациялық бағдарламалар ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр.