Алматыда дарынды балаларға арналған заманауи мектеп ашылды

726
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Gov

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған «Абай мектебі» мектеп-интернатының жаңа ғимаратының салтанатты ашылуына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен педагогтер қатысты.

Жаңа кешен 900 оқушыға арналған

«Абай мектебі» Алматыдағы «Дарын» шағынауданында орналасқан.

Жаңа оқу кешенінде:

  • заманауи оқу кабинеттері
  • пәндік зертханалар
  • спорт және акт залдары
  • кітапхана
  • асхана
  • Абай музейі
  • шығармашылық шеберханалар қарастырылған

Сонымен қатар мектеп аумағында оқушыларға арналған спорт алаңдары жабдықталған.

Министр тарихи әділеттілік туралы айтты

Салтанатты рәсім барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл жобаны мектеп дамуының жаңа кезеңі деп атады.

«Бүгінгі басқосу - Абай мектебінің тарихи жолының заңды жалғасы, оның дамуының жаңа сапалық кезеңге қадам басуы. Бұл – болашаққа бағытталған стратегиялық маңызы зор шешім. Кезінде тау бөктерінде бой көтерген бұл қара шаңырақ сапалы білім мен тағылымды тәрбие алуға қызмет етіп, елдің зияткерлік интеллегенциясын тәрбиелеген бірегей білім ордасына айналды. Уақыт өте келе түрлі себептерге байланысты мектептің бастапқы аумағы тарылып, тарихи кеңістігі бөлшектеніп қалғаны белгілі. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатының нақты жүзеге асуы нәтижесінде Абай мектебіне қатысты тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Бұл - елімізде заң үстемдігі, тәртіп пен әлеуметтік әділдік қағидаттарының берік орнығып келе жатқандығының айқын көрінісі»

Мектепте қанша оқушы білім алады

Қазіргі таңда мектепте 351 оқушы білім алып жатыр.

Білім беру процесін:

  • педагог-шеберлер
  • зерттеушілер
  • сарапшылар
  • модераторлар қатарындағы 72 педагог жүргізеді

Жалпы мектеп ұжымында 146 қызметкер жұмыс істейді.

Ашылу рәсімінде Абай мұрасына арналған бағдарлама ұсынылды

Іс-шара барысында қонақтарға:

  • мектеп тарихы туралы бейнеролик
  • шығармашылық қойылымдар
  • Абай өлеңдеріне жазылған музыкалық шығармалар ұсынылды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мектеп ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеумен қатар, заманауи білім беру бағыттарын дамытуға басымдық береді.

«Абай мектебі» қандай міндет атқарады

Мамандардың пікірінше, жаңа оқу кешені:

  • дарынды балаларды қолдауға
  • сапалы білім беруге
  • зерттеу мен шығармашылықты дамытуға мүмкіндік береді

Сонымен қатар мектеп елімізге қажетті білікті әрі зияткер мамандар даярлау бағытындағы жұмысын жалғастырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -