Қазақстанның банк секторы сақталып отырған макроэкономикалық сын-қатерлерге қарамастан, тұрақты өсімін жалғастырып келеді.
Екінші деңгейдегі банктердің активтері негізгі индикаторлардың бірі ретінде нарық ойыншыларының өсу қарқыны мен нарықтағы өзгерістерді айқын көрсетіп отыр.
Бүгінде еліміздің банк секторында 23 ЕДБ жұмыс істейді, оның 15-і — шетелдік қатысуы бар банктер, соның ішінде 10-ы еншілес банк.
2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша еліміздегі банк секторы активтерінің жалпы көлемі 70,5 трлн теңгеге жетті. Бір ай ішінде көрсеткіш 0,7%-ға немесе 500 млрд теңгеден астам сомаға өсті. Бұған дейін қатарынан екі ай бойы төмендеу байқалған еді.
Жекелеген қаржы институттары бойынша жағдай әртүрлі. Мәселен, Қазақстандағы 23 ЕДБ-ның 14-і оң динамика көрсетсе, қалған 9 банк бойынша кері көрсеткіш тіркелді.
Активтердің айлық өсімі бойынша ForteBank көш бастап тұр: плюс 173,5 млрд теңге немесе плюс 3,5%. Биылғы жылдың наурыз айының соңына қарай банктің активтері 5 трлн теңгеден асты. Айта кетерлігі, сәуір айының соңында банк 2025 жылға арналған қорытындысын жариялады. Онда қаржы институтының таза пайдасы 191 млрд теңгені құрағаны, ал меншікті капиталдың рентабельділігі (ROE) 32,9%-ға жеткені атап өтілді — бұл Қазақстанның банк секторындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Бұдан бөлек, 5 мамырда ForteBank 2025 жылдың қорытындысы бойынша біріктірілген қаржылық есептілік пен аудиторлық есепті алғашқылардың бірі болып жариялады.
Айлық өсім бойынша екінші орынға Halyk Bank орналасты: плюс 162,9 млрд теңге немесе плюс 0,8%.
Үздік үштікті Қазақстандағы Қытай банкі түйіндейді: плюс 153,3 млрд теңге.
Алғашқы бестікке Отбасы банк (плюс 120,2 млрд теңге) және Kaspi Bank те (плюс 107,3 млрд теңге) енді.
Жалпы алғанда, соңғы жылдардағы ұзақмерзімді динамикада еліміздің банк секторының активтері тұрақты түрде өсіп келеді және бұл өсім айтарлықтай жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Мәселен, ҚР ЕДБ активтері бір жыл ішінде шамамен 14%-ға артса, соңғы бес жылда 2 еседен астам ұлғайған. Соңғы бесжылдықта бұл көрсеткіш орта есеппен жылына 16,8%-ға өсіп отырған.
Осылайша, қазіргі жағдай Қазақстанның банк секторының өсіп, біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді. Қысқа мерзімді ауытқуларға қарамастан, жалпы бағыт оң, ал активтердің артуы экономиканың қаржылық тереңдей түсуін және капиталды бөлу процесінде банктердің рөлінің күшейіп отырғанын білдіреді.
Осы жағдайда нарық біртіндеп бәсекелі әрі жетілген сипат алып келеді: ойыншылар арасындағы айырмашылықтар айқындалып, нарық үлестері қайта бөлініп, жаңа өсу бағыттары пайда болуда. Қазіргі макроэкономикалық жағдай сақталса, сектор алдағы уақытта да кеңейе береді — әрі жалпы көрсеткіштер бойынша да, экономикаға қосатын үлесі де арта түседі.