Тәрбиеші офицер рух тірегі

913
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Әскери өмірді көпшілік сап түзеген сарбаздармен, қатал тәртіппен, бұйрық пен талапқа құрылған орта ретінде елестетеді. Алайда әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігінің ар жағында көзге көп көріне бермейтін, бірақ тұтас ұжымның рухани ахуалы мен ішкі бірлігіне жауап беретін мамандар бар. Солардың бірі – капитан Зиябек Оразбек. Бүгінде ол рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары ретінде жас сарбаздардың рухын шыңдап, азаматтық болмысын қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді.

Кейіпкеріміз үшін әскери қызметке келу бір сәттік шешімнің нәтижесі емес, өмірдің өзі жетелеген, тәрбие мен жауапкершілік тоғысқан таңдауға айналды. 1995 жылы қасиетті оңтүстіктің жүрегі — Шымкент қаласында дүниеге келген Зиябек бала күнінен мінезі тік, қайсар болып өседі. Өзі айтқандай, жастық шақтағы тентектігі мен асау мінезін дұрыс арнаға бұруға ең алдымен ағасы ықпал еткен. «Әскер адамды тәрбиелейді» деген сеніммен басталған жол уақыт өте келе оның өмірлік таңдауы мен азаматтық ұстанымына айналды. Бүгінде сол тәрбиені өзі кейінгі буынға беріп жүргені — өмірдің ерекше үйлесімі іспетті.

Әскердегі тәрбие жұмысы сырт көзге құжат, жиналыс немесе ресми іс-шаралардан ғана тұратындай көрінуі мүмкін. Бірақ бұл қызметтің шынайы салмағы мүлде басқа. Бұл — жүздеген мінез, жүздеген тағдыр, жүздеген арманмен күн сайын жұмыс істеу деген сөз. Зиябек Бауыржанұлының күнделікті қызметі де дәл осы жауапкершіліктен басталады. Таң атқаннан бастап жеке құрамның денсаулығы, көңіл-күйі, тұрмыстық жағдайы, тамақтануы, әскери міндеттерге дайындығы — бәрі оның назарында. Әр сарбаздың көңіл күйіндегі өзгерісті дер кезінде байқап, мұңын тыңдап, қажет кезде бағыт беру — оның күнделікті дағдысына айналған.

Жас сарбаз үшін әскери ортаға бейімделу әрдайым оңайға соқпайды. Үйдің жылуы, ата-ананың қамқорлығы, еркін өмір ырғағы бір сәтте қатаң тәртіпке алмасады. Осындай кезеңде кейбірінің бойында сағыныш, алаңдаушылық, сенімсіздік пайда болуы заңдылық. Мұндай сәтте офицер үшін жарғыдан бұрын адамдық қарым-қатынас маңыздырақ. Ашық әңгіме, дер кезінде айтылған мотивациялық сөз, туғандарымен байланыс орнатуға көмектесу — кейде сарбаздың жігерін қайта жандыратын ең үлкен күшке айналады.

Зиябек Бауыржанұлы әскери ұжымдағы ең басты құндылық ретінде тәртіп пен сенімді қатар қояды. Оның өмірлік ұстанымына айналған «Аш қалсақ та, арсыз қалмайық» деген қағида қызмет барысында да, адамдық болмысында да айқын көрінеді. Себебі сарбаз офицердің шеніне емес, ең алдымен оның сөзі мен ісінің бірлігіне қарайды. Уәдесінде тұру, әділ болу, түсіне білу, тыңдай білу — оның офицерлік кредосына айналған қасиеттер.

Әлеуметтік-құқықтық жұмыстар барысында түрлі тағдырлармен бетпе-бет келуге тура келеді. Бір сарбаз үйіндегі ауыр хабарды естіп абдырап жатса, енді бірі ортаға бейімделуде қиналуы мүмкін, кей жағдайда өзара түсініспеушілік те кездеседі. Осындай сәттерде мәселені тек қызметтік тұрғыда емес, адами тұрғыдан шешу — офицердің басты миссиясына айналады.

Зиябек Бауыржанұлы үшін бұл қызмет жай ғана жұмыс емес, бұл — өзін де, өзгені де тәрбиелеу жолы. «Біреуге ақыл айту үшін алдымен өзіңді тәрбиелей білуің керек» деген сөзі оның өмірлік философиясын анық аңғартады. Расында, нағыз офицер бұйрық беру арқылы емес, жеке үлгісі арқылы тәрбиелейді.

Өмірін әскери қызметпен байланыстырған офицер бүгінгі жастарға да айтары анық: адам қандай істі атқарса да, жүрек қалаған жолды таңдауы керек. Сонда ғана мамандық міндет емес, мақтанышқа айналады. Ал елге қызмет етуді өмірлік мұрат еткен жандар үшін әскер — тек форма емес, бұл — мінезді, рухты, тұлғаны қалыптастыратын үлкен мектеп.

Осындай азаматтар барда әскери бөлімде тек тәртіп қана емес, сенім де, рух та, нағыз жауынгерлік бауырластық та берік болары анық.

Лейтенант Әйгерім Балтабаева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -