Заңдылық пен тәртіп – жауынгерлік әзірліктің кепілі

1210
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көтерілген «Заң мен тәртіп» қағидаты — еліміздегі құқықтық мемлекет қағидаларын нығайтуға бағытталған негізгі идеологиялық және саяси бағыттардың бірі.

Ал Ұлттық ұлан қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін негізгі әскери құрылымдардың бірі ретінде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруда маңызды рөл атқарады.

Осыған байланысты қазіргі таңда әскери ортада заң мен тәртіп қағидатын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын-алу және әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылуда.  Бұл бағытта құқық қорғау органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Солардың бірін Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6698 әскери бөлімі әскери қызметшілерімен әскери тергеу басқармасының өкілдері өткізіп, жеке құраммен құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізді.

Осы сәтті пайдаланып, әскери  қызметшілерге ұйымдастырылған құқықтық шара туралы толығырақ білу мақсатында әскери тергеу басқармасының өкілімен сұхбаттасқан едік.

Сұхбат қонағы — Қазақстан Республикасы ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы Шымкент бөлімінің тергеушісі әділет капитаны Шамидинов Алибек Лесбекұлы.

Қайырлы күн! Сұхбатымызды толығымен «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруда әскери қызметшілермен өткізіліп жатқан іс-шараларға арнасақ. Бүгінгі профилактикалық іс-шараның негізгі мақсаты қандай болды?

Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты — әскери қызметшілер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әскери тәртіп пен заңдылықты нығайту, сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу. «Заңды білмеу ешкімді жауапкершіліктен босатпайды», әскери қызметшілерге негізгі құқықтық құжаттар Қазақстан Республикасы Конституциясының, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның және «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жалпыәскери жарғылары» талаптары туралы, сонымен қатар, мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығы кеңінен түсіндіріліп, әрбір әскери қызметші әскери антқа адал болып, заң талаптарын мүлтіксіз орындауы қажеттігі туралы айтылды.

Іс-шара барысында қандай құқықтық мәселелер қозғалды, толығырақ тоқталсаңыз?

Әскери қызметшілермен сұхбат кезінде әскери тәртіпті сақтау, қызметтік міндеттерді адал орындау, әскери қызметшілер арасындағы өзара  жарғылық қарым-қатынас мәдениеті, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және әскери қызмет өткеру кезінде заң талаптарын бұзудың жауапкершілігі түсіндірілді. Әсіресе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі әскери қылмыстарға қатысты баптар, атап айтқанда әскери қызметтен жалтару, бұйрықты орындамау, әскери мүлікті бүлдіру және әскери тәртіпті бұзу әрекеттерінің құқықтық салдары нақты мысалдармен түсіндірілді. Сонымен қатар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс талаптары да назарға алынды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты әскери салада қаншалықты маңызды?

Әскери салада заңдылық пен тәртіп — жауынгерлік әзірліктің, қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі кепілі. Әскери қызмет қатаң тәртіпке негізделеді. Жалпыәскери жарғыларға сәйкес әрбір әскери қызметші командирдің заңды бұйрығын бұлжытпай орындауға міндетті. Егер әскери ортада тәртіп әлсіресе, бұл бөлімнің жауынгерлік қабілетіне, әскери ұжымның моральдық-психологиялық ахуалына кері әсер етеді. Сондықтан құқықтық профилактика — әскери басқару жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі.

Әскери қызметшілер арасында құқықбұзушылықтың алдын-алу бағытында қандай жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі?

Әскери қызметшілер арасында құқықбұзушылықтың алдын-алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Атап айтқанда құқықтық сабақтар, түсіндіру кездесулері, жеке профилактикалық әңгімелер, ақпараттық сағаттар өткізіледі. Ал бұл шараларды өткізудің жоспары алдын-ала дайындалып, біздің мекеме басшысымен бекітіледі және сол жоспарға сәйкес жүйелі түрде ұйымдастырылып, өткізіледі. Сонымен қатар әскери психологтар мен тәрбие құрылымдары бірлесіп, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын бақылауда ұстайды.

Бұдан бөлек, әскери бөлімдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша да арнайы жоспарлар жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы талаптары өткізілетін шаралар кезінде түсіндіріліп, кез-келген заңсыз әрекет үшін қатаң жауапкершіліктің қарастырылатыны ескертіледі.

Әскери қызметшілер арасында жас сарбаздардың категориясы да бар, бүгінгі профилактикалық әңгіме барысында оларға қандай талаптар мен кеңестер айтылды?

Жас сарбаздарға ең алдымен әскери антқа адал болу, әскери жарғы талаптарын сақтау, әскери қызметтен жалтармау, өзара сарбаздар арасында бір-біріне күш көрсетпеу, командирлердің заңды талаптарын орындау және жарғылық емес қарым-қатынастардан аулақ болу, әскери мүлікті күтіп ұстау қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ жоғары айтылған құқықбұзушылықтарға жол берген жағдайда оның қатаң жазасы мен жауапкершілігі туралы нақты мысалдармен жеткізілді. Осы арада әлеуметтік желілерді пайдалану мәдениетіне ерекше тоқталдық. Қызметтік ақпараттарды жарияламау, әскери нысандардың суреттерін рұқсатсыз таратпау, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері кеңінен айтылды. Бұл талаптар әскери қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды.

Бүгінгі шара өзара әңгіме, түсіндірме жұмысы ретінде өткендіктен әскери қызметшілер тарапынан өздерін толғандырып жүрген қандай да бір сұрақтар қойылды ма?

Әрине, әскери қызметшілер тарапынан әскери қызмет өткеру тәртібі, құқықтық жауапкершілік, әскери қызметшілердің әлеуметтік құқықтары мен жеңілдіктері жөнінде сұрақтар қойылды. Бұл әскери бөлімдегі офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің негізгі жауынгерлік қызметі түзету мекемелерін күзету, сотталған азаматтардың тәртібін қадағалау болғандықтан, осы жауынгерлік қызметті атқару барысында түзету мекемемесінде орын алатын кейбір мәселелерде әскери қызметшілердің мүддесін қорғауға байланысты да орынды сұрақтар жолданды. Барлық сұрақтарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары мен әскери нормативтік-құқықтық актілер аясында толық түсіндірме берілді.

Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жалғасын таба ма?

Міндетті түрде, мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Бүгінгі таңда әскери ортада құқықтық мәдениетті арттыру — әскери тәртіп пен заңдылықты нығайтудың, құқықбұзушылықтардың алдын алудың және әскери қызметшілердің еліміздің ішкі қауіпсіздігін, қоғамдық тәртібін күзетудегі салмақты жауапкершілігін қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз — заңды құрметтейтін, тәртіпті сақтайтын, Отан алдындағы борышына адал әскери қызметшілерді тәрбиелеуге үлес қосу.

Сұхбатыңызға рахмет, қызметтеріңіз жемісті болсын!

Қорыта айтқанда, «Заң мен тәртіп» қағидаты — әскери ортадағы тәртіп пен жауапкершілікті нығайтудың маңызды бағыты. Осындай профилактикалық кездесулер әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттырып, заң талаптарын қатаң сақтауға бағыт береді. Тәртіп пен заңдылықты басты қағида еткен жауынгер — ел қауіпсіздігі мен қоғам тұрақтылығының сенімді кепілі екені сөзсіз.

Сұхбаттасқан капитан Шынжігітова Малика

6698 әскери бөлімі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -