Астанадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында дәстүрлі «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі өтті.
Биыл 9-шы рет ұйымдастырылған ауқымды шара отандық кәсіпкерліктің әлеуетін танытатын маңызды іскерлік алаң. Биылғы көрме ең ауқымды форматта өтуде, оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам кәсіпорын қатысып отыр. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе көп. Іс-шараны «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастыруда. «Ulttyq Ónim» көрмесінде азық-түлік өндірісі, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, химия саласы, машина жасау, жиһаз өндірісі мен құрылыс индустриясы секілді түрлі бағыттағы өнімдер ұсынылуда. Биылғы көрменің басты ерекшеліктерінің бірі – қызмет көрсету саласының алғаш рет қамтылуы. Аталған бағыт аясында медицина, білім беру, туризм, IT және креативті индустрия өкілдері жобалары мен жетістіктерін таныстыруда.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, өндіріс көлемін ұлғайту және шағын әрі орта бизнестің әлеуетін арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ министр көрме қатысушыларына Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің хатын оқып берді.
«2025 жылы мемлекет тарапынан «Даму» қоры арқылы бизнеске қолдау көрсетуге 560 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл шара 13 мың шағын және орта бизнес жобасын қамтып, жалпы көлемі 2,2 трлн теңге болатын несиелерді қолдауға мүмкіндік берді. Бұл жай ғана сандар емес – шамамен 15 мың жаңа жұмыс орны, 27,7 трлн теңге көлемінде өнім өндірудің өсуі және 2 трлн теңгеге жуық салық түсімдері. Бұл экономикаға, өңірлерге және халыққа қосылған нақты үлес. Дәл осы алаңда біз жыл сайын қазақстандық компаниялардың қалай өсіп, нығайып келе жатқанын көреміз. Көптеген отандық өндірушілер ішкі нарықта сенімді түрде бәсекеге түсіп, экспортқа шығып, елден тыс жерлерде танымал брендтерге айналуда. Біздің міндетіміз – шағын бизнестің орта және ірі бизнес деңгейіне дейін өсуін ынталандыру, әсіресе экономика үшін маңызды салаларда. Біз өндірушілерімізге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Біз елдің беделін арттырып, дамуына үлес қосып жүрген әрбір қазақстандық брендті, әрбір өндірушіні мақтан тұтамыз»,- делінген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың үндеуінде.

Пресс-конференция барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев қордың атқарып жатқан жұмыстары мен қолдау шараларының маңызына тоқталды. Ол шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелері мен кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдаулар жөнінде баяндады.
«Елімізде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Қаржыландыруға мүмкіндікті молайту және кәсіпкерлерді көптеп қолдау мақсатында «Даму» қоры кепілдік беру құралдарын едәуір кеңейтті. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің жабдықтарын жаңғыртуға арналған «Өрлеу» және «Өрлеу-лизинг» жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары арқылы нарықтық қолдау тетіктері күшейтілді. Бұдан бөлек, шағын қалалар мен ауылдардағы микро және шағын бизнеске кешенді қолдау көрсетуге арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Қордың өңірлік филиалдары базасында «Бәйтерек» холдингінің бизнесті қолдау бағдарламалары бойынша Бірыңғай фронт-офистер құрылды. Ал шалғай аудандар үшін мобильді фронт-офистер – кәсіпкерлерге кеңес беру үшін арнайы жабдықталған микроавтобустар іске қосылуда».
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қолдау шаралары кезең-кезеңімен күшейіп келеді. Атап айтқанда, бизнесті қолжетімді қаржыландыру, жаңа нарықтарға шығуға жағдай жасау, кәсіп жүргізудегі кедергілерді азайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Көрме аясында Алматы қаласынан келген кәсіпкерлермен тілдесіп, мемлекеттік қолдау тетіктерінің бизнесті дамытудағы нақты нәтижесіне көз жеткіздік.
«Біз Алматы қаласында өзіміз чемодандарды өндіреміз. 70 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бұл кәсіпті 2010 жылы бастадық, 16 жылдай тәжірибеміз бар. «Даму» қорының ұйымдастыруымен біз отандық өніміміз – ұлттық чемодандарды осы көрмеге алып келдік. Басында Қытайдан әкеліп сатып, қазір өзіміз өндіріп жатырмыз. «Даму» қорының ұлттық өнімді қолдауының арқасында. Бұл іс-шара өте тамаша өтіп жатыр, өз өнімімізді халыққа таныстырып, брендті халық көріп, қолдап жатыр», - деді «QazaqSumka» компаниясының негізін қалаушы Думан Дәулетбек.
Бүгінде мегаполисте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 21 мыңнан астам жоба қолдау тауып, мыңдаған кәсіпкер кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алған. Атап айтқанда, 10 666 жобаға субсидия беру тетігі қолданылса, 5 603 кәсіпкер кепілдендіру бағдарламасы арқылы қолдау көрген. Сондай-ақ 5 095 жоба жеңілдетілген қаржыландыруға ие болған. Мемлекеттік қолдаудың нақты тиімділігі жұмыспен қамту көрсеткіштерінен де байқалады. Алматыда осы бағдарламалардың арқасында 19,3 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Ал кәсіпорындар өндірген өнім көлемі 34,325 миллиард теңгеге жетіп, отандық өндірістің қарқыны күшейе түскенін көрсетті.

Көрмеде еліміздің барлық аймағынан келген сан алуан кәсіпкер түрлі өнімдерді ұсынған. Ерекше назарымызды аудартқан бағыттардың бірі – жылқы және түйе сүтінен жасалатын отандық өнімдер. Қарағанды облысы, Осакаров ауданында орналасқан «ЕвразияИнвест Ltd» зауыты – жылқы және түйе сүтінен ұнтақ пен капсула шығаратын отандық мақтаныш. Саумалдың құрамында 40-тан астам дәрумен мен микроэлемент бар, ол иммунитетті нығайтып, ас қорыту жүйесі жұмысын жақсартуға ықпал етеді. Пайдалы өнім туралы «ЕвразияИнвест Ltd» зауытының дистрибьюторы, кәсіпкер Бақытгүл Мағзамова толығырақ тарқатты.
««Saumal» және «Saubota» атты 2 брендті Қазақстан бойынша сатамыз. Көрмеге қатысқанымызға өте қуаныштымыз! Зауыттың салынғанына 10 жыл болды. Біз 2016 жылдан бастап сатып жатырмыз. Мысалы, 2016 жылы «Saumal-дың» не екенін ешкім білмейтін де. «Даму» қоры бізге көмек берді, сондықтан біз осындай көрмеге қатысып жатырмыз. Қатысқанымыз дұрыс. Мысалы, түкпір-түкпірден келіп жатқан қонақтар «Біздің елімізде осындай өнім бар екен ғой!» - деп қызығушылық көрсетіп жатыр. Осындай көрме көп болу керек деп ойлаймын. Біздің Қазақстанда тұратын адамдар тек басқа жақ емес, біздің еліміз де осындай өнім шығара алады деген сенім болады. Біз шын жүрегімізбен жұмыс істеп, осындай пайдалы өнімді адамдарға жеткізгіміз келеді».
Көрме аясында кәсіпкерлер, сарапшылар мен сала өкілдері тәжірибе алмасу үшін панельдік сессиялар өтті. Мұндай кездесулер отандық кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп, жаңа идеялар мен серіктестік байланыстардың қалыптасуына жол ашуда. Пайдалы панельдік сессияның бірі франчайзинг саласындағы өзекті трендтерге арналды. Бұл жиында Қазақстан франчайзинг қауымдастығы «KazFranch» ұйымы құрылтайшыларының бірі Бекнұр Кисиков франчайзинг нарығының қазіргі ахуалына жан-жақты талдау жасады.
«Франчайзинг болаттай мінезді, төзімділікті және тәртіпті талап етеді. Нарық өзгеріп отырады, франчайзинг те соған сәйкес өзгереді. Бүгінде әлеуметтік франчайзинг қарқынды дамып келеді. Әр бизнесте әлеуметтік жауапкершілік өте үлкен рөл атқарады. Дәл осы франчайзинг әлеуметтік бағыттарға белсенді түрде әсер етеді. Екіншісі — экологиялық бағыт. Бүгін брендіңіздің экологияға қаншалықты әсер ететіні өте маңызды. Табиғи ресурстарды қаншалықты пайдаланатыныңыз үлкен рөл ойнайды. Қазір экологиялық бірегейлік пен тазалық – өте маңызды».
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда бүгінде 900-ден астам франчайзингтік концепция жұмыс істейді. Олардың құрылымында 67% шетелдік брендтердің үлесі болса, ал отандық франшизалар 33%-ды құрайды. Салалық бөлініс бойынша франчайзинг нарығында қоғамдық тамақтану секторы көш бастап тұр, шамамен 30%. Одан кейін бөлшек сауда – 28%, білім беру саласы – 14%, ал ойын-сауық пен демалыс бағыттары 5%-ды құрайды. Мұндай талқылаулар көрменің мазмұнын одан әрі байытып, кәсіпкерлерге тек өнім көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар стратегиялық ой алмасу, нарықты түсіну мүмкіндігін ұсынып отыр.

Көрмеге келушілер қатары қалың болды. Солардың бірі – Елена Лобанова. Ол отандық өнімдер үшін мақтанатынын және осындай ауқымды көрмеден алған әсері туралы толығырақ айтты.
«Бүгін осы көрмеде болғаныма өте қуаныштымын. Елімізде осындай ірі, маңызды кәсіпорындардың пайда болғанын мақтан тұтамын. Көрменің осындай ауқымды болатынын күтпеген едім. Бұл өте қуантарлық жағдай! Елімізде қызығушылық тудыра алатын кәсіпорындардың пайда болғаны қандай жақсы! Көрмеде адамдар көп және олар жай ғана уақыт өткізу үшін емес, шын мәнінде қызығушылықпен келгені көрініп тұр. Менің ойымша, көрмеге келген адамдар жағымды әсер мен пайдалы ақпарат алады. Ең бастысы – өз еліне деген мақтаныш сезімін оятады».
Бүгінде қазақстандық өнім сапа жағынан да, бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан да жаңа деңгейге көтерілді. Отандық брендтер ішкі нарықта ғана емес, шетелде де танылып, экспорттық әлеуетін нығайтуда. Мұндай көрмелер ұлттық өндірістің дамуына тың серпін беріп, «Қазақстанда жасалған» өнімдердің беделін арттыра түсетіні анық.