Қазақстанда Private Banking нарығының құрылымы біртіндеп айқындалып, қолжетімді бола түсуде. Банктер арасында ауқатты клиенттер үшін бәсеке күшейіп келеді. Депозиттік базаның өсуі аясында премиум банктік қызметтер аса ауқатты клиенттердің тар шеңберімен шектелмей, енді кең аудиторияға да қолжетімді бола бастады.
Private Banking — банктер ауқатты клиенттерге (HNWI — High-Net-Worth Individuals сегменті) ұсынатын қаржылық, инвестициялық және қаржылық емес қызметтердің эксклюзивті кешені. ҚР ЕДБ корпоративтік сайттарында берілген деректерге сай Қазақстанда мұндай сервистерді 11 банк ұсынады. Бұл сегментке қол жеткізу үшін банкке орналастырылатын қаражат көлеміне қойылатын талап бар, ең төменгі сома банкке байланысты шамамен 15 млн теңгеден (немесе валютадағы баламасынан) басталып, 100 млн теңгеден де асуы мүмкін. Бірқатар банк ең төменгі талаптарды жарияламайды, ал кейбіреуінде премиум қызмет көрсетудің бірнеше деңгейі қарастырылған, осы талдауға олардың ішіндегі ең жоғары сегмент қана енгізілді.
Private Banking үш негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі — жеке қызмет көрсету: әр клиентке 24/7 қолжетімді дербес менеджер бекітіледі. Кездесулер мен операциялар құпиялылық деңгейі жоғары, жайлы VIP-кеңселерде жүргізіледі. Екіншісі — эксклюзивті қаржылық және инвестициялық шарттар: клиенттерге депозиттер бойынша жоғары мөлшерлемелер, жеке кредиттік желілер, капиталды сенімгерлік басқару, брокерлік қызмет көрсету, бағалы қағаздарға (акциялар, облигацияларға) инвестиция салу, сондай-ақ кешбэк мөлшері жоғары премиум төлем карталары (оның ішінде металл карталар) ұсынылады. Үшіншісі — қаржылық емес және lifestyle-қызметтер: заңдық және салықтық консалтинг (соның ішінде шетелде тұруға ықтиярхат пен азаматтық алуға көмек), сейфтік сақтау, сақтандыру, сондай-ақ бизнес-джеттерді жалға алу, шетелдік жылжымайтын мүлік сатып алу және бос уақытты ұйымдастыруға дейінгі жеке мәселелерді шешуге көмек көрсету.
Қазақстанда премиум банктік мәртебені қолжетімді капитал көлемімен де алуға болатынын атап өткен жөн.
Үздік деңгейде қызмет көрсету бойынша нарық көшбасшысы — Home Credit Bank, банк ең төменгі кіру шегін ұсынады. HCB Prime мәртебесін алу үшін депозит, депозиттік сертификат немесе облигациялар түрінде 15 млн теңге орналастыру жеткілікті. Бұған қоса, жоғарыда аталған қызметтерден бөлек, артықшылықтар пакетіне барлық сатып алудан 5% кешбэк есептелетін әрі айына 100 мың теңгеге дейін нақты ақша алуға мүмкіндік беретін премиум TAU картасы да кіреді. Сонымен қатар тек премиум клиенттер үшін ақшаны 21,4%-ға дейінгі СЖТМ-мен орналастыру мүмкіндігі қарастырылған («Депозиттік сертификат + толықтырылатын депозит» комбо өнімі), сондай-ақ жылдық табыстылығы 6,5% болатын АҚШ долларындағы облигациялар ұсынылады.
Қолжетімділік деңгейі бойынша екінші орында Банк ВТБ тұр, кіру шегі 35 млн теңгеден басталады, бұл сома мерзімді салымдар бойынша жинақ шоттарында жалпы қалдық ретінде орналастырылуы тиіс.
Үздік үштікті Еуразиялық Банк түйіндейді, мұнда капиталды орналастырудың ең төменгі деңгейі 50 млн теңгені құрайды (қаражат ағымдағы және жинақ шоттарына да) қабылданады.
Тәжірибеде бұл Қазақстандағы премиум банктік қызметке қолжетімділік тек аса ірі капитал иелеріне ғана емес, сонымен қатар орта және орташадан жоғары деңгейдегі жинақтары бар клиенттерге де ашық екенін білдіреді, бұл әлеуетті VIP-клиенттер базасын кеңейтеді.
Бұл трендті депозит нарығының құрылымы да қосымша растайды. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) деректеріне сәйкес 2025 жылы бөлшек депозиттердің көлемі 14,7%-ға өсіп, 28,2 трлн теңгеге жетті. Нарық құрылымы біртіндеп өзгеріп отыр. Жаппай сегменттің (15 млн теңгеге дейін) үлесі 2020 жылы 55,1%-дан 2025 жылы 49,7%-ға дейін төмендеп, жүйедегі шағын салымдардың салмағы азайғанын көрсетеді. Орта сегмент (15–50 млн теңге) керісінше тұрақты өсім көрсетіп, 12,2%-дан 18,6%-ға дейін артты, бұл нарықтың ең серпінді бөлігін қалыптастырып, премиум банктік қызметтердің әлеуетті аудиториясын кеңейтуде. Ірі сегмент (50 млн теңгеден жоғары) 31%–34% аралығында тұрақты қалып отыр, бұл ең ауқатты клиенттер базасының қалыптасқанын, бірақ оның өсуі шектеулі екенін білдіреді.
Қорытындылай келе, Қазақстандағы Private Banking нарығы екі бағытта қатар дамып отыр: бір жағынан ауқатты клиенттердің шектеулі тобы үшін бәсеке күшейіп келеді, екінші жағынан кіру шектері мен нарық құрылымы клиенттердің кеңірек бөлігінің премиум сегментке өтуіне жол ашып отыр. Соның нәтижесінде Қазақстан банктеріндегі VIP-қызметтер қолжетімдірек болып, премиум мәртебе ала алатын клиенттер ауқымы кеңейіп келеді.