Кейптаундағы жетістік үшін ерекше марапат
81 жастағы қазақстандық марафоншы Салтанат Түйтебаев халықаралық аренадағы кезекті жетістігі үшін «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Ардагер спортшы жуырда Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласында өткен халықаралық марафонда үздік ондыққа енген болатын.
Марапатты Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев табыстады.
Көпшілік бұл жаста демалысты таңдаса, Салтанат Түйтебаев әлемнің ең қиын марафон жолдарын бағындырып жүр.
81 жаста да мыңдаған адамнан озық
Салтанат Түйтебаевтың жетістігі тек жас ерекшелігімен ғана таңғалдырып отырған жоқ.
Ол халықаралық марафондарда Қазақстанның атын танытып, көптеген жас спортшыларға үлгі болып келеді.
Кездесу барысында Серік Жарасбаев ардагер спортшының табандылығына ерекше тоқталды.
«Сексеннің сеңгіріне сергек жетіп, ұзақ қашықтықтағы марафонды бағындыруыңыз – үлгі тұтарлық жетістік әрі еліміз үшін зор қуаныш. Себебі саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі сіздің болмысыңыздан айқын байқалады. Бұған дейін де бірнеше мәрте жүлделі орындардан көрініп келесіз. Осы арқылы табандылық пен қажырлы еңбектің нақты үлгісін көрсетіп, көпшілікке өнеге болдыңыз», – деді ол.
Ұстаздықтан халықаралық марафондарға дейін
Салтанат Түйтебаев 1945 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолын мұғалім болып бастаған.
Кейін мектеп директоры, білім бөлімінің инспекторы және кәсіптік-техникалық училище басшысы қызметтерін атқарды.
Оның білім саласындағы еңбек өтілі 45 жылға жуық.
Алайда зейнетке шыққаннан кейін де белсенді өмір салтынан бас тартқан жоқ.
Керісінше, халықаралық марафондарға қатысып, жоғары нәтижелер көрсете бастады.
Әлемнің әйгілі марафондарында топ жарды
Ардагер спортшы Сингапур, Дубай, Доха, Анталия, Малага және Амстердам қалаларында өткен жарыстардың жеңімпазы атанған.
2016 жылы Аустралияның Перт қаласында өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Ал 2017 жылы Жаңа Зеландиядағы Ардагерлер олимпиадасында чемпион болды.
2021 жылы Нью-Йорк марафонында 75+ жас санатында екінші орын иеленді.
Жас емес, жігер шешеді
Салтанат Түйтебаевтың оқиғасы – спорттағы жетістік қана емес.
Бұл адамның мүмкіндігі жаспен шектелмейтінінің дәлелі.
Бүгінде ол мыңдаған қазақстандық үшін салауатты өмір салтының символына айналып отыр.
Ал оның әрбір жарыстағы нәтижесі бір қарапайым ойды еске салады: нағыз чемпиондардың жасы болмайды.



