Жаз басталысымен мыңдаған қазақстандық табиғат аясында демалуды жоспарлайды. Бірі Бурабайдың қарағайлы ормандарын таңдаса, енді бірі Алакөлдің жағалауына немесе Балқаштың жағажайларына жол тартады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алайда жайлы демалыстың басты шарты – межелі жерге қауіпсіз әрі ыңғайлы жету.
Соңғы жылдары Қазақстанда туристік аймақтардың көліктік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Автомобиль жолдары жаңартылып, жол бойындағы сервис жақсарып, негізгі туристік бағыттар кезең-кезеңімен нормативтік жағдайға келтірілуде. Соның нәтижесінде елдегі ең танымал демалыс орындарына апаратын бағыттар жазғы маусымдағы автокөлік ағынын қабылдауға дайын.
Бурабай: елдегі ең танымал бағыттың бірі
Қазақстан туризмінің символына айналған Бурабайға жету бұрынғыдан да ыңғайлы. Курорттық аймаққа кіру Щучинск қаласы арқылы өтетін «Астана – Петропавл» республикалық автомобиль жолы арқылы жүзеге асады.
Бұл бағыт бүгінде өңірге баратын негізгі әрі ең қолайлы жол саналады. Демалушылар үшін жол сапасы ғана емес, бағыттың түсініктілігі мен қауіпсіздігі де маңызды факторлардың біріне айналып отыр.
Зеренді: тыныштық іздейтіндерге арналған мекен
Ақмола облысындағы көркем Зерендіге бірнеше бағыт арқылы жетуге болады. Негізгі жолдардың бірі – «Көкшетау – Атбасар» бағыты болса, екіншісі – «Щучинск – Зеренді» автомобиль жолы.
Бұл жолдың ерекшелігі – өңірдегі екі ірі курорттық аймақты, яғни Бурабай мен Зерендіні тікелей байланыстыруында. Сондықтан саяхатшылар бір демалыс сапарында екі бағытты да қамти алады.
Қарқаралыға апаратын жол жаңарды
Соңғы жылдары ішкі туризмнің жаңа нүктесіне айналған Қарқаралыға жету де әлдеқайда жеңілдеді. Өткен жылы «Қарағанды – Қарқаралы» республикалық маңыздағы автомобиль жолында жөндеу жұмыстары аяқталды.
Нәтижесінде бағыттағы қозғалыс қауіпсіз әрі жайлы болып, өңірге келушілер санының артуына қосымша мүмкіндік пайда болды.
Баянауыл: табиғат ғажайыптарына бастайтын бағыт
Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркі жыл сайын мыңдаған туристі қабылдайды. Шипажай аймағы республикалық маңызы бар «Қалқаман – Баянауыл – Ботақара» автомобиль жолының бойында орналасқан.
Бұл бағыт Павлодар мен Қарағанды облыстарын байланыстырып, өңірдегі туристік қозғалыстың негізгі артерияларының біріне айналған.
Балқашқа екі бағытпен баруға болады
Балқаш көліне демалуға шығатындар үшін бірнеше нұсқа қарастырылған.
Негізгі бағыт – «Қарағанды – Алматы» автомобиль жолы арқылы Балқаш қаласына жетіп, одан әрі көлдің батыс жағалауы бойымен Бұрылбайтал ауылына қарай қозғалу.
Соңғы реконструкциядан кейін бұл бағыттағы жол жүру жағдайы айтарлықтай жақсарып, өткізу қабілеті артты.
Ал көлдің оңтүстік-шығыс жағалауына баруды жоспарлаған туристер облыстық маңызы бар «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолын пайдалана алады.
Алакөлге апаратын жолдар толық дайын
Жазғы маусымдағы ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – Алакөл. Көлдің солтүстік жағалауына жету үшін жүргізушілер «Талдықорған – Өскемен» тасжолынан «Таскескен – Бахты» бағытына бұрылып, одан әрі «Мақаншы – Қабанбай» маршрутымен қозғала алады.
Ал оңтүстік жағалауға апаратын «Үшарал – Достық» автомобиль жолы соңғы жылдары толық реконструкциядан өтіп, бүгінде курорттық аймақпен сенімді көліктік байланысты қамтамасыз етіп отыр.
Жазғы маусымға дайындықтың басты нәтижесі
Туристік нысандардың тартымдылығы тек табиғатымен немесе сервистік мүмкіндіктерімен өлшенбейді. Оларға апаратын жолдың сапасы да демалыс сапарының маңызды бөлігі.
Соңғы жылдары жүргізілген жаңғырту жұмыстарының арқасында Қазақстанның негізгі курорттық аймақтарына апаратын бағыттар айтарлықтай жақсарып, туристер үшін қолжетімді бола түсті. Бұл ішкі туризмнің дамуына серпін беріп қана қоймай, жазғы демалысты жоспарлаған азаматтарға сапарларын әлдеқайда жайлы әрі қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді.