Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери оқу орындарының үздік түлектеріне қатысты жаңа бастаманың жүзеге аса бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Президенттің айтуынша, енді үздік түлектер оқу орнын тәмамдағаннан кейін бірден «лейтенант» емес, «аға лейтенант» әскери шенін алады.
Үздік түлектерге ерекше мәртебе берілді
Мемлекет басшысы бұл бастаманы былтыр көтергенін еске салды.
«Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай «лейтенант» емес, «аға лейтенант» шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім.
Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден «аға лейтенант» шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік», – деді Президент.
«Нағыз сарбаздың беделі шенімен емес, қызметімен өлшенеді»
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен сенім артылатынын айтып, әскери қызметтің мәніне тоқталды.
«Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің «атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын» деген сөзі бар. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді.
Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ата-аналарға алғыс айтты
Президент салтанатты жиынға қатысқан түлектердің ата-аналарына да ризашылығын білдірді.
«Бүгін алқалы жиынға озат түлектердің ата-аналары да қатысып отыр. Сіздер Қазақстанның дәл осындай отаншыл азаматтарына тәлім-тәрбие бердіңіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жас офицерлерге ақжол тіледі
Мемлекет басшысы сөз соңында жас офицерлерді алғашқы әскери шендерінің берілуімен құттықтады.
«Жас офицерлердің алғашқы әскери шені құтты болсын!
Қызметтеріңізге табыс тілеймін!
Туымыз әрдайым көкте желбіресін!
Қазақ елі мәңгі болсын!»
Бұл неге маңызды?
Үздік түлектерге бірден «аға лейтенант» шенін беру бастамасы әскери білім беру жүйесіндегі ынталандыру тетіктерін күшейтеді. Бұл үздік курсанттардың кәсіби дамуына қосымша серпін беріп, әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.