Астанада әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі қалай тексеріледі?

1188
Фотосурет: Gov

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталын іске қосты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Портал азаматтарға әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі туралы алдын ала ақпарат алып, қажетті мекемені өз мүмкіндіктеріне қарай таңдауға мүмкіндік береді.

Портал қандай міндет атқарады?

Бұл туралы Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Оның сөзінше, порталдың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдарға нысандардың қолжетімділігі туралы толық әрі өзекті ақпарат ұсыну.

Сонымен қатар жүйе:

  • азаматтар;
  • мемлекеттік органдар;
  • қоғамдық ұйымдар;
  • әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының меншік иелері арасындағы байланысты күшейтеді.

Нысандар қалай бағаланады?

Порталдағы әлеуметтік нысандардың қолжетімділігіне бағалауды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.

Тексеру кезінде алты негізгі критерий қарастырылады:

  • кіреберіс тобы;
  • нысан ішіндегі қозғалыс жолдары;
  • қызмет көрсету аймағы;
  • санитарлық-тұрмыстық бөлмелер;
  • ақпараттық және телекоммуникациялық құралдар;
  • нысан аумағы.

Бағалау қорытындысы бойынша әрбір нысанға мынадай мәртебелердің бірі беріледі:

  • «қолжетімді»;
  • «ішінара қолжетімді»;
  • «қолжетімсіз»;
  • «мәлімет жоқ».

Бұл тәсіл нысанның нақты бейімделу деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Пайдаланушылар пікір қалдыра алады

Порталдың маңызды ерекшеліктерінің бірі – азаматтардың өз бағасын беру мүмкіндігі.

«Портал арқылы мүгедектігі бар адамдар Қазақстан бойынша бейімделген объектілер туралы ақпаратты қарай алады. Барлық тіркелген пайдаланушы әрбір нысанның бейімделу сапасын бағалауға және фотосуретпен пікір қалдыруға бірегей мүмкіндікке ие. Порталда деректерді жаңарту процесі автоматтандырылған. Онда ақпарат тұрақты түрде жаңартылып отырады, бұл әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.

Интерактивті Қолжетімділік картасында «Санаторийлер» атты арнайы бөлім жұмыс істейді. Онда 168 санаторий-курорттық ұйым туралы мәлімет орналастырылған. Пайдаланушы санаторийлерді өңір бойынша, мекенжай бойынша, атауы бойынша іздей алады. Сондай-ақ, көру, есту немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар, арбаны пайдаланатын адамдарға санаторийлердің қолжетімділігін қарау мүмкіндігі қарастырылған. Әрбір нысанның карточкасында қолжетімділік деңгейі, орын саны және шипажай-курорттық қызмет алушылар туралы ақпарат көрсетіледі.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты аумақтық департаменттер жаңадан салынған нысандардың мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісетін болады. Бұл нысандарды пайдалануға беру кезеңінде бақылауды күшейтіп, кедергілердің пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Келісілген нысандар туралы мәліметтер Қолжетімділік картасына енгізіледі»

Қолжетімділік картасына 42 мыңнан астам нысан енгізілген

Бүгінде Интерактивті қолжетімділік картасына 42 897 нысан енгізілген.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша:

  • 30 314 нысан бейімделген;
  • бұл жалпы көрсеткіштің 71 пайызын құрайды.

Жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу көзделген.

Қандай талаптарға ерекше назар аударылады?

Мамандардың айтуынша, нысандарды бейімдеу кезінде олардың қауіпсіз әрі кедергісіз болуы басты талап саналады.

Бағалау барысында:

  • пандустардың болуы;
  • лифтілердің қолжетімділігі;
  • арнайы автотұрақ орындары;
  • санитарлық бөлмелер;
  • тактильді көрсеткіштер;
  • кедергісіз қозғалыс ортасы ескеріледі.

Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік нысандарға өздігінен және қауіпсіз қол жеткізуіне жағдай жасауға бағытталған.

Бұл неге маңызды?

Қолжетімді орта құру – инклюзивті қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Әлеуметтік нысандардың бейімделуі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың білім алуына, емделуіне, мемлекеттік қызметтерді пайдалануына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Портал мен Интерактивті қолжетімділік картасы азаматтарға қажетті ақпаратты алдын ала алып, өз бағытын жоспарлауға көмектеседі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -