Қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман Гонконгта өткен 2026 жылғы рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатында жарқын ойын өрнегін көрсетіп, әлемнің ең мықты шахматшыларымен тең дәрежеде өнер көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
19 жастағы алматылық спортшының нәтижелі ойынының арқасында Barys командасы рапид турнирінде жүлде үшін соңғы турға дейін күресті. Ал Алуаның өзі әйелдер тақтасында күміс медаль иеленді.
Әлем чемпиондарын жеңген қазақстандық шахматшы
Турнир барысында Алуа Нұрман бірнеше атақты қарсыласын жеңіп немесе ұпай бөлісті.
Олардың қатарында:
- 12-ші әлем чемпионы, рапид бойынша әлем чемпионы Александра Костенюк;
- қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь;
- Өзбекстан құрамасының көшбасшыларының бірі Гүлрұхбегім Тоқыржонова;
- 2025 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы Дивья Дешмұх;
- әлемдегі ең тәжірибелі шахматшылардың бірі Харика Дронавалли.
Осындай нәтижелердің арқасында Алуа әйелдер тақтасында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Блицте де жоғары нәтиже көрсетті
Блиц турнирінде де қазақстандық шахматшы сенімді ойын көрсетті.
Ол:
- 2025 жылғы Еуропа чемпионы Теодора Иньяцті жеңді;
- блицтен әлем чемпионатының қола жүлдегері Лэй Тинцземен өткен микроматчта 1,5:0,5 есебімен басым түсті.
Бұл нәтижелер Алуаның әлемдік деңгейдегі шахматшылармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазақстан екі командамен қатысты
Қазақстан шахмат федерациясы мен оның бас демеушісі Freedom Holding Corp. әлем чемпионатына Kazchess және Barys командаларын қосты.
Kazchess құрамында:
- Бибісара Асаубаева;
- Қазыбек Нөгербек;
- Алдияр Ансат;
- Меруерт Камалиденова;
- әуесқой Кұмар Түлепұлы.
Команда сапында сондай-ақ Шахрияр Мамедьяров, Александр Грищук, Рихард Раппорт және Ван Хао өнер көрсетті. Команда капитаны – Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Садвакасов.
Кұмар Түлепұлы рапид турнирінде әуесқойлар тақтасында қола медаль жеңіп алды.
Barys командасы үздік ондыққа енді
Barys құрамында:
- Дмитрий Андрейкин;
- Пётр Свидлер;
- Денис Махнев;
- Рамазан Жалмаханов;
- Даниял Сапенов;
- Ерғали Сүлеймен;
- Ксения Балабаева;
- Алуа Нұрман;
- Айлин Зарқым өнер көрсетті.
Команданы Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова бастап барды.

Рапид турнирінің қорытындысы бойынша Barys командасы тоғызыншы орынға тұрақтады. Ал Алуа Нұрманның жеке жетістігі Қазақстан шахматы үшін әлемдік деңгейдегі маңызды нәтижелердің бірі болды.