Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік саласын дамытуға арналған Ұлттық даму институты құрылды. Жаңа құрылым Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық үкіметті қолдау орталығының құрамында жұмыс істейді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Институттың басты мақсаты – ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға ғылыми және технологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ еліміздің киберқауіпсіздік әлеуетін күшейту.
Институт қандай міндеттерді атқарады?
Жаңа институттың қызметі бірнеше негізгі бағытты қамтиды:
- ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
- ұлттық стандарттар мен нормативтік құжаттарды әзірлеу;
- ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстар жүргізу;
- ақпараттық жүйелер мен жобаларға сараптама жасау;
- ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру.
Қазақстан киберқауіпсіздікке ғылыми тәсілді күшейтеді
Жасанды интеллект, бұлттық технологиялар және киберқауіптердің қарқынды дамуы жағдайында институт ғылыми зерттеулерге ерекше басымдық береді.
Негізгі жұмыстардың қатарында:
- киберқауіптерді модельдеу;
- цифрлық криминалистика;
- киберполигондар құру;
- ақпараттық қауіпсіздік шешімдерінің прототиптерін әзірлеу;
- ұлттық білім қорын қалыптастыру бар.
Сонымен қатар мамандар кибершабуылдардың эволюциясын, жасанды интеллект пен бұлттық технологияларға байланысты жаңа қауіптерді зерттеп, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қорғаудың ғылыми негізделген тәсілдерін әзірлейді.
Қазақстан халықаралық ғылыми қауымдастыққа қосылады
Институттың алғашқы халықаралық бастамаларының бірі – 2026 жылғы 25–27 маусым аралығында Ыстамбұлда өтетін 2nd IEEE International Conference in Cybersecurity, Digital Forensics and AI Applications (ICCSDFAI 2026) конференциясын ұйымдастыруға қатысу болды.
Конференцияны Цифрлық үкіметті қолдау орталығы 11 университеттен, мемлекеттік органдардан және технологиялық компаниялардан құралған халықаралық консорциуммен бірлесіп өткізеді.
Конференция материалдары IEEE халықаралық ғылыми дерекқорында жарияланып, индекстеледі.
Қазақстан жаңа технологияларды әзірлеуші ел болуды көздейді
Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Алия Оспанованың айтуынша, бұл жоба Қазақстанның халықаралық ғылыми кеңістікке тұрақты шығуына мүмкіндік береді.
«Бұл біз үшін бір реттік қатысу емес, халықаралық зерттеу алаңына тұрақты шығу мүмкіндігі. IEEE жүйесінде индекстелу қазақстандық мамандардың әзірлемелері әлемдік ғылыми базаның бір бөлігіне айналатынын білдіреді, ал 11 ұйымнан тұратын консорциум – бірлескен зерттеулер жүргізіп, тәжірибе алмасатын серіктестер желісі. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның киберқауіпсіздік саласында дайын шешімдерді тұтынушы ғана емес, жаңа тәсілдердің тең авторы болуы», – деді Алия Оспанова.
Әлемдік компаниялар жобаға қатысады
Халықаралық серіктестер қатарында:
- Palo Alto Networks;
- Amazon Web Services (AWS);
- ASELSAN;
- TI-Lab;
- FerroTechnics (Канада);
- цифрлық қауіпсіздік саласындағы басқа да халықаралық ұйымдар бар.
Конференция бағдарламасына пленарлық сессиялар, воркшоптар, CTF және Hackathon жарыстары, B2B кездесулер, технологиялық көрмелер және тәжірибе алмасу алаңдары енгізілген.