Қазақстан мен Таиланд жаңа инвестициялық жобаларды талқылады

660
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президент мәртебелі мейманның Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстан мен Таиланд ынтымақтастықты кеңейтеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Таиландтың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші экономикалардың бірі әрі халықаралық аренадағы маңызды серіктес екенін айтты.

«Сіздің еліңіз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші экономикалардың бірі, Жаһандық Оңтүстіктің маңызды өкілі әрі халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі саналады. Қазақстан Таиландпен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Келесі жылы елдеріміз арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толуын атап өтеміз», – деді Президент.

Сауда мен инвестицияның әлеуеті жоғары

Мемлекет басшысы соңғы жылдары екі ел арасындағы экономикалық байланыстар қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Оның айтуынша, визасыз режимнің енгізілуі, туристер санының артуы және іскерлік байланыстардың кеңеюі бұл үдеріске оң әсер етіп отыр.

Бүгінде:

  • Қазақстан – Таиландтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі;
  • өңірмен арадағы жалпы тауар айналымының шамамен 70%-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі;
  • елімізде 55 таиландтық компания жұмыс істейді.

Президент Таиланд кәсіпкерлерін Қазақстандағы инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Таиланд Қазақстанмен жаңа жобаларды дамытуға мүдделі

Сихасак Пуангкеткео Қазақстанның экономикалық жетістіктеріне жоғары баға беріп, елімізді Орталық Азиядағы негізгі серіктес ретінде атады.

Оның айтуынша, Таиланд:

  • туризм және медициналық туризм;
  • қонақ үй бизнесі;
  • аса маңызды минералдарды жеткізу тізбегі;
  • азық-түлік қауіпсіздігі бағыттарында бірлескен жобаларды дамытуға дайын.

Сонымен қатар Таиланд Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі цифрлық бастамалары мен Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

Халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қасым-Жомарт Тоқаев Таиландтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, халықаралық ұйымдар аясындағы тиімді ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракулді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырып, ізгі тілегін жеткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -