Алматыда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан медиа саласы өкілдеріне жаңа баспананың кілтін тапсыру рәсімі өтті. Биыл Алматыда түрлі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне барлығы 15 пәтер берілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараны «Dara» Президенттік бастамалар қоры ұйымдастырды. Салтанатты рәсімге Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров қатысып, журналистерді кәсіби мерекесімен және қоныс тойымен құттықтады.
Алматыдағы журналистерге 15 пәтер берілді
Баспана кілттері «Qazaqstan», «Хабар», «Еуразия», «КТК», «31 арна» телеарналарының, «Қазақ газеттері» ЖШС, «Жас Алаш», «Время», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» басылымдарының және «Шалқар» радиосының қызметкерлеріне табысталды.
Жалпы Алматы қаласында 15 журналист жаңа пәтерге ие болды.

Айбек Смадияров: Президент аймақ журналистеріне де ерекше көңіл бөлді
Президент кеңесшісі Айбек Смадияров Мемлекет басшысы отандық журналистиканы дамытуға әрдайым ерекше назар аударатынын айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, Президент отандық журналистиканың дамуына ұдайы көңіл бөледі. БАҚ қызметкерлері күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел мен ұлт мүддесі үшін қызмет етіп жүрген журналистердің еңбегіне ерекше тоқталып өтіп: «Сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады», – деп айтқан еді. Осы тапсырмаға сәйкес, биыл алматылық әріптестеріміз де жоба игілігін көріп жатыр. Алматы – қазақ баспасөзінің қарашаңырағы. Көптеген дәстүрлі ақпарат құралдарының тарихы осы шаһардан бастау алады. Мемлекет басшысы Алматы қаласының тыныс-тіршілігін әрқашан назарда ұстап отырады».
Биыл журналистерге 66 пәтер беріледі
Биыл тұрғын үй бағдарламасы еліміздің барлық өңірін қамтыды. Жалпы БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер табысталады.
Оның ішінде:
- Астана қаласында – 15 пәтер;
- Алматы қаласында – 15 пәтер;
- қалған 18 өңірдің әрқайсысында – 2 пәтерден беріледі.
Тұрғын үй бағдарламасы қалай жүзеге асырылды?
Баспанаға үміткерлерді іріктеу және пәтерлерді дайындау жұмыстары «Dara» Президенттік бастамаларды қолдау қоры, Президенттің Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларымен бірлесіп жүргізілді.

Президент қолдауымен жүздеген журналист баспаналы болды
Соңғы үш жылда Мемлекет басшысының атынан еліміздің ақпарат саласында еңбек етіп жүрген 200 журналистке баспана берілді.
Биылғы бастама алғаш рет барлық өңірді қамтып, республикалық және аймақтық БАҚ қызметкерлеріне жаңа тұрғын үй алу мүмкіндігін ұсынды. Бұл мемлекет тарапынан журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және ақпарат саласы мамандарын қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болып отыр.
