Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік шахматшылары қатарына енді

1276
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: KazChess

Қазақстанның жас шахматшылары халықаралық аренада тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді.

Грузияда өткен кадеттер арасындағы Әлем кубогында (U8, U10 және U12) ел намысын қорғаған жас спортшылар төрт бірдей медаль жеңіп алып, әлемдік шахматтағы Қазақстан мектебінің деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ең жарқын жеңіс 10 жастағы алматылық Ризат Ұланның еншісіне бұйырды. Ол O10 санатында 150 қатысушының арасынан озып шығып, 9 ұпаймен алтын медаль иеленді. Бұл жас шахматшы үшін ғана емес, Қазақстан құрамасы үшін де маңызды жетістік саналады.

Күміс жүлдені әлемнің әртүрлі жас санаттарында бірнеше мәрте чемпион атанған Алиша Бисалиева жеңіп алды. G10 санатында ол да 9 ұпай жинады. Дегенмен дәл осындай көрсеткішке қол жеткізген қытайлық Чэнь Чжихань қосымша көрсеткіштердің арқасында бірінші орынға көтерілді.

Қазақстан қоржынына тағы екі қола медаль түсті.

G12 санатында Милана Филиппова 8,5 ұпай жинап, үздік үштіктен көрінді. Ал O12 санатында Рамазан Төлеген де үшінші орын алып, Қазақстанға кезекті жүлдені сыйлады.

Бұл жай ғана Кубок емес

Грузиядағы жарыс кадеттер арасындағы әлем чемпионатына жолдама беретін ең маңызды халықаралық турнирлердің бірі болды. Биылғы додаға әлемнің 68 елінен және аумағынан 662 шахматшы қатысты. Мұндай бәсекеде төрт медаль жеңіп алу – Қазақстан құрамасының жоғары деңгейдегі дайындығын көрсететін нәтиже.

Әлем чемпионатына жаңа мүмкіндік

2026 жылдан бастап FIDE жас кадеттер арасындағы әлем чемпионатының іріктеу жүйесін өзгертті. Енді U8, U10 және U12 жас санаттарының әрқайсында үздік үштікке енген шахматшылар 2026 жылғы 11–16 қараша аралығында Батуми қаласында өтетін FIDE World Cadets Championships 2026 турниріне арнайы жолдама алады.

Сонымен қатар олар ұйымдастырушылар есебінен толық пансионмен қамтамасыз етіледі. Бұл жас спортшылар үшін әлем чемпионатында бар күшін көрсетуге қосымша мүмкіндік береді.

Қазақстандық шахматшылардың Әлем кубогындағы табысы елдегі жасөспірімдер шахматының қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Соңғы жылдары халықаралық жарыстарда тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген жас таланттар енді әлем чемпионатында да жоғары орындарға таласуға дайын екенін байқатты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -