Астанада зейнеткерлерге қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары түсіндірілді

726
Фотосурет: Gov

Астанада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында әлеуметтік спорттық AULAFIT жобасына қатысушы егде жастағы тұрғындарға арналған профилактикалық кездесу өтті. Іс-шара барысында қатысушыларға қаржылық алаяқтықтан қорғану тәсілдері түсіндірілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу елорданың Алматы ауданында ұйымдастырылып, оған полиция қызметкерлері мен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қатысты.

Зейнеткерлерге алаяқтардың айласы туралы айтылды

Таңғы жаттығу алдында мамандар қаржылық алаяқтықтың кең таралған түрлері, алаяқтардың әрекет ету тәсілдері және олардан қорғану жолдары туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар тұрғындарға:

  • қаржылық қауіпсіздік ережелері;
  • азаматтардың құқықтарын қорғау;
  • қоғамдық және жеке қауіпсіздік талаптары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

«Ешкімге банк картасының деректерін бермеңіздер»

AULAFIT жобасының қатысушысы Бақыт Дүйсенбинова мұндай кездесулердің егде жастағы адамдар үшін өте маңызды екенін айтты.

«AULAFIT жобасына қатысып жүргеніме бір аптадан асты. Бұл – зейнеткерлер үшін өте пайдалы әрі керемет ұйымдастырылған жоба деп ойлаймын. Жас кезімізде спортпен тұрақты айналысып, волейбол командасының капитаны болдым. Қазір ауламызда тегін фитнес жаттығуларына қатысып жүргенімізге өте қуаныштымыз. Осындай мүмкіндік жасап отырған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Өз басым қаржылық алаяқтардың арбауына түскен емеспін. Балаларым үнемі ескертіп отырады, сондықтан бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға жауап бермеуге тырысамын. Барша зейнеткерлерге айтарым – ешкімге банк картасының деректерін, SMS-кодтарды бермеңіздер. «Тегін ақша» немесе «оңай табыс» деген ұсыныстарға сенбеңіздер. Бүгін учаскелік полиция қызметкерлерінен көптеген пайдалы мәлімет алдық. Осындай түсіндіру жұмысы жиі өткізілсе, әсіресе зейнеткерлер үшін өте пайдалы болады деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда қаржылық алаяқтық жиілеп кетті. Сондықтан әр адам сақ болып, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет.»

Профилактикалық кездесулер барлық ауданда өтеді

AULAFIT жобасының жетекшісі Айтжан Мусиннің айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта елорданың барлық ауданындағы аула алаңдарында ұйымдастырылады.

«Бүгін «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Алматы ауданындағы «Достар-3» тұрғын үй кешенінің ауласында егде жастағы азаматтарға қаржылық алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру. AULAFIT жобасы аясында күн сайын таңғы 08:00-09:00 аралығында аға буын өкілдеріне арналған жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар 09:00-10:00 аралығында балаларға, 16:00-17:00 аралығында 6-10 жас аралығындағы балаларға, 17:00-18:00 аралығында 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдерге және 18:00-19:00 аралығында жастарға арналған тегін фитнес жаттығулары ұйымдастырылады. Алдағы уақытта осындай профилактикалық түсіндіру жұмыстарын қаланың басқа аудандарындағы аула алаңдарында да өткізуді жоспарлап отырмыз.»

AULAFIT жобасы алты жылдан бері жүзеге асырылып келеді

AULAFIT жобасы елорда тұрғындары арасында алты жылдан бері салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып келеді.

Биылғы маусым маусым айында басталып, қыркүйекке дейін жалғасады.

Жоба аясында:

  • Астананың алты ауданындағы 30 аула алаңында тегін фитнес жаттығулары өтеді;
  • бірқатар спорт нысандарында тұрғындарға арналған сабақтар ұйымдастырылады;
  • жаттығулар аптасына алты күн өткізіледі;
  • барлық жас санатындағы тұрғындар қатыса алады.

Бұл бастаманың маңызы қандай?

Мұндай кездесулер қаржылық алаяқтықтың алдын алуға ғана емес, егде жастағы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да ықпал етеді. Сонымен қатар спорт пен қауіпсіздік тақырыбын ұштастырған жоба тұрғындардың денсаулығын нығайтып, қоғамдағы өзара жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -