Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мобильді құрылғыларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізу ережелеріне өзгеріс енгізілгенін хабарлады. Енді шетелден телефон немесе басқа да ұялы байланыс құрылғысын әкелетін азаматтар кедендік декларацияда IMEI-кодты міндетті түрде көрсетуі тиіс, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа талап 2026 жылғы 19 сәуірден бастап күшіне енді.
Қандай құрылғыларға жаңа талап қолданылады?
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының №34 шешіміне сәйкес, жеке пайдалануға арналған мобильді құрылғыларды әкелу кезінде олардың бірегей халықаралық идентификаторы (IMEI) декларацияда көрсетілуі қажет.
Бұл талап:
- смартфондарға;
- ұялы байланыс қолдайтын планшеттерге;
- жеке IMEI-коды бар және мобильді байланыс желілерін пайдаланатын басқа да құрылғыларға қолданылады.
IMEI-кодты қайда көрсету керек?
Жолаушылар кедендік декларациясын толтырған кезде құрылғының IMEI-коды міндетті түрде «Тауардың атауы және оның сипаттамасы» деген бағанда көрсетілуі тиіс.
Бұл ақпарат құрылғыны кейіннен сәйкестендіру және тексеру үшін қажет.
IMEI-кодты қайдан көруге болады?
Мемлекеттік кірістер департаменті шекарадан өтпес бұрын құрылғының IMEI-нөмірін алдын ала тексеруге кеңес береді.
IMEI-кодты:
- құрылғының қорабынан;
- телефон корпусынан;
- құрылғының баптауларынан көруге болады.
Кедендік декларацияда осы нөмірдің дұрыс көрсетілуі маңызды.
Ереже сақталмаса не болады?
Ведомствоның мәліметінше, кедендік декларацияда толық емес немесе дұрыс емес ақпарат көрсету ЕАЭО және Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Шекарада кідірістерге жол бермеу үшін азаматтарға IMEI-кодты алдын ала анықтап, декларацияға қатесіз енгізу ұсынылады.