2026 жылғы 1 маусымға қарай Қазақстан банктеріндегі салымдардың жалпы көлемі 48,9 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 234,6 млрд теңгеге (немесе 0,5%-ға) өсті.
Салым көлемінің өсімі бойынша айқын басымдықпен Отбасы банк көш бастап тұр: салым мөлшері жыл басынан бері 317 млрд теңгеге (немесе 9,9%-ға) артып, 3,5 трлн теңгеге жетті. Жылдық динамикада (яғни өткен жылдың жазының басымен салыстырғанда) көрсеткіш айтарлықтай 22,6%-ға өсті. Оның ішінде халықтың салымдары жыл басынан бері 234,5 млрд теңгеге (немесе 7,5%-ға) көбейіп, 3,3 трлн теңгеге дейін жетті.
Естеріңізге салсақ, Отбасы банк қазақстандықтарға өз жинақтары арқылы баспана алуға мүмкіндік беретін тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне (ТҮҚЖЖ) маманданған, сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың бейінді даму институты әрі операторы болып табылады.
Бүгінде банкте 4 миллионнан астам депозит ашылған, ал қаржы институты өзінің жұмыс істеген уақыты ішінде 680 мың қарыз берген. ТҮҚЖ жүйесіне қатысатын экономикалық белсенді халықтың үлесі 30,9%-ға жетті. Яғни, әрбір үшінші қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсарту, білім алу және жалпы өмір сапасын арттыру мақсатында Отбасы банкте қаражат жинайды.
Екінші орынға Kaspi Bank жайғасты: жыл басынан бері салымдар 263,2 млрд теңгеге артып, 8,2 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде қаржы институтындағы халықтың салымдары 7,3 трлн теңгені құрады. Kaspi.kz тобының FinTech инфрақұрылымы құрамына кіретін банк барлық сервисінің жоғары деңгейде цифрландырылуы және қызмет көрсету экожүйесінің дамуы жағынан ерекшеленеді.
Жыл басынан бері Қазақстандағы ірі ЕДБ арасында салымдардың өсімі бойынша үздік үштікті Freedom Bank түйіндеді: салымдар 174,3 млрд теңгеге артып, 1,6 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде осы кезеңде халықтың банктегі салымдары 61,3 млрд теңгеге көбейіп, 943,6 млрд теңгені құрады.

Айта кетерлігі, қарастырылған кезеңде халық пен бизнестің депозиттері сақталған жетекші он банктің тек төртеуі ғана, ал жалпы сектор бойынша 11 қаржы институты ғана өз көрсеткіштерін жақсарта алды.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, Қазақстанның ең ірі ЕДБ арасында жыл басынан бері көрсеткішін арттырған тек Bank RBK болды: депозиттер көлемі 22,5 млрд теңгеге өсіп, 2 трлн теңгеге жетті. Қаржы институтындағы халық салымдары 53 млрд теңгеге ұлғайып, 855,8 млрд теңгені құрады. Ал салым көлемі бойынша алғашқы ондыққа кіретін қалған барлық банктердің депозиттік портфелі жыл басымен салыстырғанда қысқарды.
Ал ең ірі ондыққа кірмейтін өзге ҚР ЕДБ арасында жоғары нәтижені Қазақстандағы Қытай Банкі, Home Credit Bank және Нұрбанк көрсетті. Толығырақ ақпараттық кестеде берілген.
Мәлімет үшін: Қазақстан банктеріндегі халық салымдарының жиынтық көлемі 29,3 трлн теңгеге жетіп, жыл басынан бері 1,1 трлн теңгеге артты. Ал бизнес салымдарының көлемі 19,6 трлн теңгені құрады, бұл жыл басындағы деңгейден 842,5 млрд теңгеге аз. Нәтижесінде ҚР ЕДБ-дағы жиынтық депозиттік портфельдің 59,9%-ын жеке тұлғалардың салымдары құраса, заңды тұлғалардың салымдарының үлесі 40,1% болды.
