Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталды. Биыл көктемде Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шақыру барысында цифрлық сервистер кеңінен қолданылып, хабарламалар SMS және eGov порталы арқылы жіберілді.

Әскерге қанша азамат жіберілді?
Көктемгі шақыру нәтижесінде сарбаздар бірнеше әскери құрылымға бөлінді.
Атап айтқанда:
- 11 мыңнан астам азамат – Қарулы күштерге;
- 7 мыңнан астамы – ІІМ Ұлттық ұланына;
- 2 мыңға жуығы – ҰҚК Шекара қызметіне;
- 400-ге тарта азамат – Төтенше жағдайлар министрлігіне;
- 300 азамат – Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.
Шақыру қалай ұйымдастырылды?
Әскери қызметке шақыру туралы хабарламалар азаматтардың ұялы телефондарына SMS арқылы және eGov порталындағы жеке кабинеттеріне жолданды.
Ал әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату рәсімдері автоматтандырылған форматта жүзеге асырылды.
Шақыру науқаны кезінде Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті жергілікті әскери басқару органдарымен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Азаматтар мен олардың ата-аналары:
- «Қауырт желі» арқылы кеңес алды;
- жеке қабылдауларға қатысты;
- ақпараттық-түсіндіру кездесулерінде өз сұрақтарына жауап алды.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысын ұйымдастырып, олардың тиімді қызметіне қажетті жағдай жасады.
Әскери қызметтің қандай мүмкіндіктері бар?
Мерзімді әскери қызмет жас азаматтарға әскери міндетін өтеумен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Әскери қызмет барысында:
- еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеруге болады;
- банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы несиелер бойынша несиелік демалыс беріледі.
Қызметін аяқтағаннан кейін:
- жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде түсе алады;
- қалған әскери қызметшілер ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне қабылдану мүмкіндігіне ие болады.
Бұл неге маңызды?
Қазақстанда мерзімді әскери қызмет елдің қорғаныс қабілетін нығайтумен қатар жастарға жаңа кәсіптік дағдыларды игеруге, әлеуметтік жеңілдіктер алуға және жоғары білімге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлық қызметтердің енгізілуі шақыру процесін ашық әрі ыңғайлы етуге ықпал етіп отыр.


