Қазақстандық шахматшы Алишер Сүлейменов Бразилияда өткен беделді халықаралық турнирде жеңіске жетті.
Ол тоғыз партияның сегізінде жеңіс немесе тең нәтиже көрсетіп, тәжірибелі гроссмейстерлерді артта қалдырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстандық шахмат үшін тағы бір қуанышты жаңалық.
28 маусым мен 5 шілде аралығында Бразилияның Матиньюс қаласында өткен X Torneio Internacional de Xadrez SESC Caiobá халықаралық турнирінде Алишер Сүлейменов бірінші орын иеленді.
Жарысқа әлемнің бірнеше елінен келген 150 шахматшы қатысты. Олардың арасында Оңтүстік Американың ең мықты гроссмейстерлері де болды.
8 ұпай және сенімді жеңіс
Турнирдің басты классикалық бағдарламасында қазақстандық спортшы 9 партияның қорытындысында 8 ұпай жинады.
Осылайша ол турнир жеңімпазы атанып, тағы бір халықаралық титулды қоржынына салды.
Жарыс барысында Сүлейменов тәжірибелі гроссмейстерлер Аксель Бахман, Луис Паулу Супи және Яго Сантьягоға қарсы ойнап, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті.
Карьерасындағы үздік нәтижелердің бірі
Турнир аяқталғаннан кейін шахматшы бұл жеңістің өзі үшін ерекше болғанын айтты.
«Өзімнің төртінші open-турнирімді жеңдім — бұл жолы Бразилияда. Нәтиже — 8/9 және карьерамдағы ең жақсы перформанстардың бірі: 2683. Алыс сапар күткеннен де асып түсті. Бөлек айта кететіні — шахмат аңызы Оскар Панно (91 жас)мен танысу. Ол жабылу салтанатында жүлделерді табыстады. Маған қолдау көрсетіп жүргендердің барлығына үлкен алғыс: Тимур Тұрлов, Қазақстан шахмат федерациясы, Freedom Инвестиции, Freedom Shapagat Corporate Foundation. Турнирлерде және одан тыс жерде қолдау көрсеткені үшін психолог Рустам Калинаға алғыс айтамын. Жаттықтырушыларыма және спарринг-партнёрлеріме ерекше алғыс. Сіздердің кәсібилігіңіз, қолдауыңыз және бірлескен жұмысыңыз — менің әрбір жетістігімнің маңызды бөлігі», — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Турнирдің ерекшелігі неде?
SESC Caiobá фестивалі — Бразилиядағы ең беделді халықаралық шахмат жарыстарының бірі.
Биыл ол оныншы рет ұйымдастырылды.
Турнирдің ерекшелігі – қатысушылар тек классикалық шахматта емес, рапид және блиц бағдарламаларында да өнер көрсетті. Осы үш форматтың нәтижесі бойынша жалпы рейтинг жасалды.
Жалпы есепте де жүлдегер атанды
Классика, рапид және блицтің қорытындысы бойынша есептелетін «шахмат триатлонында» Алишер Сүлейменов екінші орынға ие болды.
Бұл сында ол тек бразилиялық гроссмейстер Александр Фиерге жол берді.
Қазақстан шахматы тағы бір маңызды жеңіске қол жеткізді
Бразилиядағы бұл табыс Алишер Сүлейменовтің халықаралық деңгейдегі тұрақты нәтижесінің тағы бір дәлелі болды.
Соңғы жылдары қазақстандық шахматшылар әлемдік ареналарда жиі жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Ал Сүлейменовтің Бразилиядағы жеңісі Қазақстан шахматының жаңа буыны ең мықты қарсыластармен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын тағы бір мәрте көрсетті.