Соңғы жүріске дейінгі тартыс: KazChess Masters 2026 турнирінде кім жеңіске жетті

726
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: KazChess

Алматы тағы бір мәрте әлемдік деңгейдегі шахмат шайқасының орталығына айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

KazChess Masters Almaty 2026 турнирі соңғы турға дейін интригасын сақтап, жеңімпаз тек тай-брейк нәтижесімен анықталды. Биылғы басты жүлде сербиялық гроссмейстер Алексей Саранаға бұйырды. Бұл – оның Қазақстандағы кезекті ірі жеңісі.

Соңғы турға дейін созылған тартыс

Турнирдің тағдыры соңғы партияларға дейін шешілген жоқ. Алексей Сарана мен Германия өкілі Александр Донченко бірдей 6 ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша алтын жүлде сербиялық шахматшыға берілді.

Бұл – Сарананың Қазақстандағы қатарынан тағы бір ірі табысы. Өткен жылы ол Aktobe Open 2025 пен KazChess Masters 2025 турнирлерінде де чемпион атанған болатын.

Жеңімпаз жарыстың оңай болмағанын жасырмады.

«Соңғы күнге дейін бәрі белгісіз болды. Соңғы екі турда мен көшбасшылар қатарында болмадым, басқа лидерлер бар еді. Бірақ финиште екі партияны жеңіп, күтпеген жерден бұл жеңіске жеткілікті болды. Турнир мен үшін өте ауыр өтті. Кейбір жерлерде жеңіліп қалу қаупі болды, бірақ бәрі ойдағыдай аяқталды. Мен Қазақстанда көп рет ойнадым, прогресс байқалады, көптеген жас шахматшылар өсіп келеді. Осы турнирде мен Алуа Нұрманмен ойнадым және жеңіліс жағдайында болдым. Әйелдер шахматы өте жоғары деңгейде екені байқалады», – деді Алексей Сарана.

Күміс – Германияға, қола – Украинаға

Екінші орынды Германияның гроссмейстері Александр Донченко, ал үшінші орынды Украина өкілі Игорь Коваленко иеленді.

Донченко турнирдің алғашқы кезеңіндегі сәтсіздікке қарамастан нәтижесіне көңілі толатынын айтты.

«Турнирдің алғашқы партиясында мен іс жүзінде 1,5 ұпай беріп қойдым, өйткені Игорь Коваленкоға жеңілгенім үшін әрқашан көрсеткіштерім нашар болады. Дегенмен турнирмен өте ризамын: көптеген партияларды жеңдім, бірқатар жақсы партиялар ойнадым», – деді Александр Донченко.

Қазақстандықтар қалай өнер көрсетті?

Қазақстан құрамасының көшбасшысы Денис Махнёв төртінші орынға тұрақтады. Ол америкалық Сэм Шенклендпен бірге 5 ұпай жинады.

Жарыстың жағымды жаңалықтарының бірі – халықаралық шебер Алуа Нұрманның сенімді ойыны болды. Әйелдер құрамасының екінші нөмірі мықты гроссмейстерлермен тең дәрежеде күресіп, рейтингін жақсартты.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Садвакасов оның өнеріне ерекше тоқталды.

«Турнирдің жалғыз қатысушысы — әйелдер құрамасының екінші нөмірі Алуа Нұрманды ерекше атап өткім келеді. Ол өте лайықты өнер көрсетті, рейтингін көтерді. Мұндай жұлдызды құрамда оған оңай болған жоқ. Екі жеңіліс және қалғаны тең нәтиже — менің ойымша, бұл өте лайықты көрсеткіш», – деді Дармен Садвакасов.

Бұл турнир неліктен маңызды болды?

KazChess Masters Almaty 2026 тек жүлде үшін өткен жарыс емес. Оның нәтижелері Қазақстанның қыркүйекте өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысатын ұлттық құрамасын жасақтау кезінде негізгі көрсеткіштердің бірі болады.

Дармен Садвакасовтың айтуынша, қазіргі таңда құраманың бес ойыншысының үшеуі анықталған. Қалған екі шахматшының есімі жаттықтырушылар кеңесінің шешімінен кейін белгілі болады.

«Өздеріңіз байқағандай, біз турнирлерімізді бүкіл ел бойынша өткізіп келеміз. Бұл өңірлердегі шахматты дамытуға бағытталған. Буквально ертең жаттықтырушылар кеңесінде жиналып, қыркүйекте өтетін Әлемдік шахмат олимпиадасына баратын ұлттық құрамаларды анықтаймыз», – деді ол.

25 миллион теңге жүлде қоры

Турнирдің кепілдендірілген жүлде қоры 25 миллион теңгені құрады.

Жеңімпаздар мынадай сыйақы алды:

  • 1-орын – 7 млн теңге;
  • 2-орын – 5 млн теңге;
  • 3-орын – 3,5 млн теңге.

Айта кетерлігі, турнирге қатысқан барлық он шахматшы ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Қорытынды нәтиже

  1. Алексей Сарана (Сербия) – 6 ұпай
  2. Александр Донченко (Германия) – 6 ұпай
  3. Игорь Коваленко (Украина) – 5,5 ұпай
  4. Денис Махнёв (Қазақстан) – 5 ұпай
  5. Сэм Шенкленд (АҚШ) – 5 ұпай
  6. Максим Чигаев (Испания) – 4,5 ұпай
  7. Марк Смирнов (Қазақстан) – 4 ұпай
  8. Алуа Нұрман (Қазақстан) – 3,5 ұпай
  9. Қазыбек Нөгербек (Қазақстан) – 3 ұпай
  10. Алдияр Ансат (Қазақстан) – 2,5 ұпай

Алда – Өскемен мен Алматыдағы ірі жарыстар

Қазақстандағы шахмат маусымы мұнымен аяқталмайды. Шілде айында Oskemen Open халықаралық турнирі өтеді. Ал тамызда Алматы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының командаларын жинайтын халықаралық шахмат Универсиадасын қабылдайды.

Жарысқа Harvard, Cambridge, Oxford, Пекин университеті және басқа да беделді оқу орындарының командалары қатысады. Қазақстан намысын үш команда қорғайды. Бұл турнир елдегі шахматтың халықаралық деңгейдегі беделін тағы бір мәрте айқындайтын маңызды оқиға болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -