Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілер үшін шешуші кезеңдердің бірі басталды.
Ел бойынша барлық әскери бөлімдерде мамандық бойынша даярлық ұйымдастырылып, онда 25 мыңнан астам әскери қызметші өз әскери мамандығы бойынша білімін тереңдетіп, практикалық дағдыларын жетілдіреді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл кезең жай ғана жоспарлы оқу емес. Дәл осы уақытта әскери қызметшілер өздерінің күнделікті қызметінде қажет болатын негізгі машықтарды меңгеріп, қару-жарақ пен әскери техниканы дұрыс пайдалану тәртібін іс жүзінде игереді. Кейінгі жауынгерлік дайындықтың сапасы да осы кезеңнің нәтижесіне тікелей байланысты.

Әр әскери қызметшіге жеке тәсіл
Биылғы оқу кезеңінде оқу процесін тиімді ұйымдастыру үшін Қарулы күштерде 2,5 мыңнан астам оқу тобы құрылды. Бұл әрбір әскери қызметшінің мамандығына қарай жеке дайындалуына мүмкіндік береді.
Сабақтарды тәжірибелі офицерлер мен сержанттар өткізеді. Негізгі басымдық теорияны жаттауға емес, нақты әскери жағдайда қажет болатын практикалық әрекеттерді қалыптастыруға берілген.
Мерзімді әскери қызметшілер үшін бұл – әскери мамандықты алғаш рет жүйелі түрде меңгерудің маңызды кезеңі. Ал келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер кәсіби деңгейін жетілдіріп, жаңа тәжірибе жинақтайды.

«Бұл – бүкіл жауынгерлік даярлықтың іргетасы»
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің аға офицері, майор Нұрзат Оразбектің айтуынша, мамандық бойынша даярлық әскери бөлімдердің кейінгі жауынгерлік әзірлігінің негізін қалайды.
– Дәл осы кезеңде әскери қызметші өз әскери мамандығы бойынша міндеттерін сенімді орындауға қажетті білім мен практикалық дағдыларды меңгереді. Әрбір маманды сапалы даярлау бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылына, жауынгерлік машық деңгейіне және Қарулы күштердің алға қойылған міндеттерді орындауға дайындығына тікелей әсер етеді, – деді майор Нұрзат Оразбек.
Даярлық қалай аяқталады?
Мамандық бойынша оқу аяқталғаннан кейін барлық әскери бөлімдерде білім мен практикалық машықтарды бағалайтын бақылау сабақтары өтеді.
10 тамыздан бастап әскери қызметшілер оқу бағдарламасын қаншалықты меңгергенін көрсетіп, жауынгерлік даярлықтың келесі кезеңіне дайын екенін дәлелдеуі тиіс.

Осылайша, бүгін басталған мамандық бойынша даярлық мыңдаған әскери қызметші үшін кәсіби шеберлікті шыңдайтын маңызды кезең ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлік қабілетін нығайтатын негізгі тетіктердің бірі саналады.

