Әлемнің үздік университеттері Алматыда шахмат тақтасы басында бас қосады

726
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: Rassul Azadi/KazChess
Алматыда Гарвард пен Оксфорд шахмат тақтасында кездеседі
 
 
Қазақстан тамыз айында әлемдік шахмат тарихындағы ерекше оқиғалардың біріне куә болады. 3–10 тамыз аралығында Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш FIDE World University Team Chess Championship – FIDE командалық әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл жай ғана кезекті халықаралық турнир емес. Бір алаңда ғасырлық тарихы бар әлемнің ең беделді университеттері бас қосып, интеллектуалды спорттың жаңа дәуірін бастайды.

Әлемнің ең атақты университеттері Алматыға келеді

Финалдық кезеңге әлемнің 16 үздік университет командасы жолдама алды. Олардың қатарында Оксфорд, Кембридж, Гарвард секілді ондаған жыл емес, бірнеше ғасырлық академиялық тарихы бар оқу орындары бар.

Кейбір университеттердің шахмат клубтары осыдан 150 жылдан астам бұрын құрылған. Сондықтан бұл жарыс тек қазіргі студенттердің бәсекесі емес, ондаған буын қалыптастырған шахмат дәстүрінің жалғасы саналады.

Алматыда Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа мен Азияның ең үздік студенттері бір үстелде кездеседі.

Қазақстанның шахматтағы жаңа мәртебесі

Бұл чемпионат Қазақстан мен Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) арасындағы серіктестіктің маңызды нәтижелерінің бірі саналады.

2025 жылдың қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев FIDE президенті Аркадий Дворковичпен кездесіп, Қазақстанда ірі халықаралық жарыстар өткізу мен шахматты дамыту мәселелерін талқылаған болатын.

Президент сол кезде шахматтың тек спорт емес, жастардың интеллектуалдық дамуы мен білім беру жүйесінің маңызды бөлігі екенін ерекше атап өткен еді.

Бүгінде осы саясаттың нақты нәтижесі ретінде әлемнің ең беделді университеттері Қазақстанға келмек.

Тимур Турлов: «Ең маңызды нәтиже турнирден кейін басталады»

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов бұл жарыстың басты құндылығы медальдардан да ауқымды екенін айтты.

«FIDE-нің мұндай форматтағы алғашқы чемпионатын өткізу, біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Таңдаудың Қазақстанға түсуі еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы жоғары беделі мен сенімінің айқын дәлелі. Университеттер арасындағы шахмат додасы спорт шеңберінен шығып, кең ауқымды ынтымақтастыққа жол ашатыны өте маңызды. Бүгін шахмат тақтасының басында отырған жастар, арада он жыл өткенде ірі компаниялар мен мемлекеттік институттарды басқаратын тұлғалар. Студенттік шақта орнаған байланыстар әдетте ең берік әрі ұзақ мерзімді болады. Турнир кестесінен тыс қалатын ең басты нәтиже де осы. Мұндай тарихи оқиға үшін Алматы қаласы ең лайықты таңдау. Бұл – республикамыздың ең ірі студенттік орталығы, жастармен өз тілінде сөйлесе алатын қала. Біз қатысушылардың турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп қана қоймай, Қазақстанның қонақжайлылығын сезінгенін қалаймыз. Жылдар өткен соң олардың бірі жаңа жоба бастау немесе бизнес ашу туралы шешім қабылдағанда, елімізді ерекше ықыласпен еске алса, мақсатымыздың орындалғаны».

49 ел қатысты, финалға тек 16 команда шықты

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, чемпионаттың ауқымы оның халықаралық деңгейін анық көрсетеді.

«Бұл чемпионат озық академиялық және шахматтық тарихы бар университеттердің басын қосады. Алматыға шахмат клубтарының тарихы 150 жылдан асқан жоғары оқу орындарының өкілдері келеді. Іріктеу кезеңдеріне 49 елден барлығы 79 команда қатысты. Мұндай ауқым турнирдің халықаралық мәртебесі жоғары екенін дәлелдейді және Қазақстанның әлемдік деңгейдегі интеллектуалды жарыстарды қабылдауға қауқарлы ел ретіндегі позициясын нығайта түседі».

Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

Әлем чемпионатында Қазақстан атынан екі жоғары оқу орны өнер көрсетеді:

  • әл-Фараби атындағы ҚазҰУ;
  • Қазақ ұлттық спорт университеті.

Оларға АҚШ-тың студенттік шахматтағы көшбасшылары – Saint Louis University, Webster University және University of Texas at Dallas секілді тәжірибелі құрамалар қарсылас болады.

Чемпионат қалай өтеді?

Финалға шыққан 16 команда алдымен төрт топқа бөлінеді.

Әр топтан үздік екі команда плей-офф кезеңіне өтеді. Кейін ширек финал, жартылай финал және финалдық кездесулер ұйымдастырылады.

Әр матч төрт тақтада өтеді. Ережеге сәйкес, әр команда құрамында міндетті түрде кемінде бір ер және бір әйел шахматшы болуы тиіс.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры — 50 мың еуро.

Алматыда тағы бір халықаралық матч өтеді

Әлем чемпионатымен қатар 4–5 тамыз күндері Алматы тағы бір ерекше кездесуді қабылдайды.

Қазақстанның 18 жасқа дейінгі құрамасы Әлем құрамасына қарсы матч өткізеді.

Жарысқа 24 жас шахматшы қатысып, кездесулер 12 тақтада ұйымдастырылады. Бұл жас қазақстандық спортшылар үшін әлемнің ең дарынды шахматшыларымен тәжірибе алмасудың сирек мүмкіндігі болмақ.

Гүлмира Дәулетова: «Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік»

Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова турнирдің жастар үшін маңызын ерекше атап өтті.

«Қазақстанда жастардың сапалы білім алуы, өз қабілеттерін дамытуы және жоғары нәтижелерге қол жеткізуі үшін барлық жағдай жасалуда. Шахмат стратегиялық ойлауды, тәртіпті, жауапкершілікті және шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырады. Біздің университеттердің студенттері үшін өз елімізде өтетін әлем чемпионаты ең жоғары деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинақтап, қазақстандық жастардың әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерімен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын дәлелдеуге берілген бірегей мүмкіндік».

Бұл жарыстың ең үлкен жеңісі қандай?

Алматыдағы чемпионатта әлем чемпионы анықталады.

Бірақ оның ең үлкен нәтижесі басқа болуы мүмкін. Бүгін бір-біріне қарсы отырған студенттер ертең халықаралық компаниялардың басшысы, ірі ғалым немесе мемлекеттік шешім қабылдайтын тұлғаға айналады.

Сол себепті Алматыдағы бұл турнир тек шахмат сайысы емес. Бұл — болашақ әлемдік көшбасшылар алғаш танысатын, жаңа халықаралық байланыстар қалыптасатын алаң.

Қазақстан үшін бұл интеллектуалды спорттағы беделін күшейтіп қана қоймай, Алматының әлемдік шахмат орталықтарының біріне айналып келе жатқанын көрсететін маңызды оқиға болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -