Темірдей тәртіп, мызғымас күзет

814
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Еліміздің қауіпсіздік жүйесінде көзге көп көріне бермейтін, алайда жауапкершілігі аса жоғары қызметтердің бірі – түзеу мекемелерін күзету. Бұл қызмет Ұлттық ұланның жауынгерлеріне жүктелген басты міндеттердің бірі. Күндіз-түні үздіксіз жалғасатын қарауыл қызметі темірдей тәртіпті, кәсіби дайындықты және ерекше қырағылықты талап етеді. Себебі бір сәттік салғырттықтың өзі ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін.

Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөлімінің атқыштар ротасы осы маңызды міндетті отыз жылдан астам уақыт бойы абыроймен атқарып келеді. Бүгінде әскери бөлімнің жеке құрамы Қылмыс-

тық-атқару жүйесі комитетіне қарасты №15 мекемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ұзындығы 1360 метрге созылған күзет периметрі тәулік бойы Ұлттық ұлан сарбаздарының бақылауында. Қазіргі уақытта түзету мекемеде 750-ге жуық сотталған азамат жазасын өтеп жатса, олардың ішінде ерекше бақылауды қажет ететін, қашуға бейім 7 азамат бар.

Қарауыл қызметінің ерекшелігін сырт көз толық бағамдай бермейді. Мұндағы әрбір сақшылардың ауысымы үлкен жауапкершілікпен басталып, жоғары қырағылықпен аяқталады. Бүгінде бақылау мұнарасында тұрған сақшылар, инженерлік-техникалық күзет құралдары, қызметтік иттер мен тәжірибелі әскери қызметшілер бірлесіп, түзеу мекемесінің қауіпсіздік қамтамасыз етіп отыр.

Осы қызметтің қыр-сырын жақсы білетіндердің бірі – кинолог маман сержант Дәурен Жашибаев. Ол түзеу мекемесін күзету ісіне 23 жылдан бері атсалысып келеді. Мыңдаған қарауылдық қызметке түсіп, жүздеген жас сарбаздың кәсіби қалыптасуына үлес қосқан тәжірибелі әскери қызметші қарауыл қызметіндегі басты қағиданың бірі қырағылық дейді.

– Мен осы түзеу мекемесін күзету ісіне 23 жыл бойы атсалысып келемін. Осы уақыт ішінде қырағылықты бір сәтке де әлсіреткен емеспіз. Қызмет барысында басты назар қашуға бейім сотталғандарға аударылады. Олар қарауыл жеке құрамының тұрақты бақылауында. Соңғы рет түзеу мекемесінен қашуға әрекеттену дерегі 2004 жылы тіркелген еді. Сол кезде сотталған азамат негізгі қоршаудан өтіп үлгермей, қарауыл жеке құрамы мен қызметтік иттің көмегі арқылы ұсталды. Содан бері мұндай әрекеттер тіркелген жоқ, – дейді тәжірибелі кинолог.

Түзеу мекемесін күзету қызметі қиын әрі жауапты қызмет түрі болғандықтан атқыштар ротасына сарбаздарды іріктеу жұмыстары әскер қатарына қабылданған алғашқы күннен басталады. Болашақ қарауыл қызметіне түсетін сарбаздардың дене дайындығы, моральдық-психологиялық тұрақтылығы, жауапкершілігі мен тәртіпке бағынуы жан-жақты сараланады. Әсіресе сабырлылық, төзімділік және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білу қабілетіне басымдық беріледі. Ұлттық ұлан сапына келген жас сарбаздардың арасынан осындай қасиеттерімен ерекшеленгендері атқыштар ротасына таңдалып, арнайы дайындықтан өтеді. Өйткені түзеу мекемесін күзету барысында әскери қызметші тек қару ұстап қана қоймай, тәулік бойы жоғары қырағылық танытып, күрделі жағдайларда кәсіби әрекет етуге дайын болуы тиіс.

Бүгінде қарауыл қызметінің жауапкершілігін жас сарбаздар да жақсы түсінген. Солардың бірі – осыдан алты ай бұрын Ақтау қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған қатардағы жауынгер Нұрболат Сатыбалды. Ол қысқа уақыт ішінде әскери тәртіпке бейімделіп, қарауыл қызметінің қыр-сырын толық меңгерген. 

– Әскерге келген алғашқы күндері қарауыл қызметінің қаншалықты жауапты екенін толық түсіне қойған жоқпын. Уақыт өте келе бұл қызметтің ерекшелігін сезіне бастадым. Мұнда әрбір сарбаздан жоғары қырағылық пен тәртіп талап етіледі. Бізге тәжірибелі сержанттар мен офицерлер өз білімдерін үйретіп, қызмет барысында кездесетін түрлі жағдайларда қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп келеді. Соның арқасында қарауыл қызметінің қыр-сырын меңгеріп, өзіме деген сенімділігім артты.

Қазіргі уақытта жауынгерлік қыз-

метке түскен сайын маған жүктелген міндеттің маңызын тереңірек сезінемін. Біз күзететін түзеу мекемесінің қауіпсіздігі мен белгіленген тәртіптің сақталуы біздің қырағылығымызға байланысты. Сондықтан әрбір қарауыл ауысымына үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Әскери қызмет маған тәртіпті, төзімділікті және кез келген жағдайда сабыр сақтауды үйретті. Отан алдындағы борышымды адал атқарып жүргенімді мақтан тұтамын, – дейді қатардағы жауынгер Нұрболат Сатыбалды.

Жас сарбаздың бұл сөзі Ұлттық ұлан қатарындағы әскери қызметтің тек жауынгерлік машықтарды ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық рухты да қалыптастыратынын аңғартады. Бүгінде атқыштар ротасының жас жауынгерлері тәжірибелі әскери қызметшілерден тәлім алып, қарауыл қызметінің сенімді буынына айналып келеді.

Расында да қарауыл қызметіне шығар алдында қарауылға түсетін сарбаздар жауынгерлік қызметке тыңғылықты дайындалады. Олар өз міндеттерін қайталап, күзетілетін нысанның ерекшеліктерімен тағы бір мәрте танысады. Әрбір әскери қызметшіге жауынгерлік есеп жеткізіліп, қызмет барысында туындауы мүмкін жағдайлар іс жүзінде пысықталады.

Осы салада 22 жылдан бері қыз-

мет атқарып келе жатқан қарауыл бастығы сержант Қуан Унаев қарауыл қызметіндегі дайындықтың маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Біз қарауылға түсетін сарбаздардың дайындығына әрдайым ерекше мән береміз. Қызметке кіріспес бұрын тәрбие жұмыстарын өткіземіз. Онда әскери қызметшілерді қырағылыққа шақырып, қарауыл қызметінің ерекшеліктерін түсіндіреміз. Қай учаскелерге баса назар аудару қажеттігін, қандай жағдайда қалай әрекет ету керектігін тағы бір мәрте еске саламыз. Тәрбие сағатынан кейін жеке құрам өздеріне бекітілген қаруды қабылдап алып, нұсқаулық сабақтарға шығады. Арнайы оқу қалашығында әртүрлі нормативтер орындалып, қарауыл қызметі барысында кездесуі мүмкін барлық жағдайлар тәжірибе жүзінде қайталанады. Осыдан кейін ғана қарауыл таралымға қатысып, жауынгерлік бұйрық алып, қызмет орындарына аттанады, – дейді тәжірибелі қарауыл бастығы.

Шынында да, қарауыл қызметіндегі әрбір әрекет нақты тәртіп пен талапқа негізделген. Мұнда кездейсоқтыққа орын жоқ. Әр сарбаз өз міндетін жетік меңгеріп, белгіленген алгоритм бойынша әрекет етеді. Себебі түзеу мекемесінің қауіпсіздігі ғана емес, қоғам тыныштығы да осы Ұлттық ұлан сарбаздарының сенімді қызметіне байланысты.

Біз қарауыл үй-жайына келген сәтте түзеу мекемесін күзетуге тағайындалған жаңа қарауыл жеке құрамы қызмет орнына келіп жатты. Сарбаздар қарауыл үй-жайына кірісімен бірінші ауысым жауынгерлік қызметке дайындық жұмыс-

тарын бастап кетті. Әрқайсысы өз міндеттерін тағы бір мәрте қайталап, қару-жарақтарын тексеріп, алдағы тәуліктік қызметке әзірленді.

Арада біраз уақыт өткен соң қарауыл бастығының пәрмені берілді.

– Бірінші ауысым, саптал! – деген бұйрықтан кейін сарбаздар сапқа тұрып, қаруларын жарақтандырды.

Осыдан кейін қарауыл бастығы күзет мұнараларына және бекеттерге шығатын әрбір сақшыға жеке-жеке жауынгерлік тапсырмалар қойып, қызмет барысында ерекше назар аударылатын тұстарды тағы бір мәрте түсіндірді. Жауынгерлік бұйрық жеткізілген соң жаңа ауысым сақшылары түзеу мекемесінің күзет периметріне бет алды.

Бекеттерді ауыстыру кезінде сарбаздардың әр әрекетінен жауапкершілік пен қырағылық анық байқалады. Олар күзет бағыттары бойымен қозғала отырып, із кесу жолақтарын мұқият тексеріп,  айналадағы жағдайды бақылап, негізгі қоршаулардың бүтіндігін, инженерлік-техникалық күзет құралдарының жарамдылығын көзбен шолып шықты.

Осылайша қарауыл бастықтары барлық бекеттердегі сақшыларды белгіленген тәртіппен ауыстырып алды. Ендігі кезекте жаңа қарауыл жеке құрамы түзеу мекемесінің қауіпсіздігін тәулік бойы үш ауысыммен қамтамасыз етеді. Ал өз міндетін толық орындаған ескі қарауыл жеке құрамы қару-жарағы мен оқ-дәрілерін белгіленген тәртіппен тапсырып, бір тәулік бойы атқарған жауынгерлік қызметін аяқтады.

Түзеу мекемесінің күзеті сырт көзге бірқалыпты көрінгенімен, оның арғы жағында үлкен жауапкершілік, темірдей тәртіп және үздіксіз қырағылық жатыр. 5546 әскери бөлімінің сарбаздары мен сержанттары тәулік сайын осы міндетті мінсіз атқару арқылы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді.

Қорыта айтқанда, түзеу мекемелерін күзету – Ұлттық ұланның маңызды жауынгерлік міндеттерінің бірі. Бұл қызмет жоғары дайындықты, төзімділікті және кәсіби шеберлікті талап етеді. Атыраудағы атқыштар ротасының әскери қызметшілері осы талаптарды жоғарғы деңгейде орындап, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздіктің сенімді қалқанына айналып отыр. Бақылау мұнарасындағы сақшының сергек жанары, қарауыл бастығының тәжірибесі және жас сарбаздардың жігері – мемлекеттің қауіпсіздігіне қызмет етіп тұрған көзге көрінбес, бірақ аса маңызды күш. Сондықтан олардың күнделікті еңбегі мен жауынгерлік қызметі сый-құрметке әбден лайық. Біз бұған шүбәсіз сенеміз. Ел қорғаған ерлеріміз аман болсын!

Майор Ертуған Әубәкір

Батыс ӨңҚ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -