Астанадағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан ірі өртті сөндіру жұмыстары бірнеше тәуліктен бері тоқтаусыз жалғасып жатыр.
Құтқарушылардың айтуынша, тілсіз жаумен күрес тәулік бойы жүргізілуде, алайда қою түтін мен қоқыс үйінділерінің тұрақсыз болуы жұмысты едәуір қиындатып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өртпен күрес екі бағытта жүргізілуде
Төтенше жағдайлар қызметі өртті барынша жылдам оқшаулау үшін полигонда екі жауынгерлік учаске ұйымдастырған. Негізгі күштер мен арнайы техника дәл осы учаскелерге шоғырландырылған.
Сонымен қатар мамандар өрттің жаңа аумақтарға таралуына жол бермеу үшін инженерлік жұмыстарды қатар жүргізіп жатыр. Полигон аумағы инертті материалмен жабылып, жанып жатқан ошақтарды оқшаулау қолға алынған.
Қазіргі уақытқа дейін полигонға 14,85 мың тоннаға жуық инертті материал жеткізілген.
Қою түтін техниканың қозғалысына кедергі келтіруде
Өртті толық сөндіруге бірнеше фактор кедергі болып отыр. Ең алдымен, аумақты қалың түтін басқан. Бұған қоса, жиналған тұрмыстық қалдықтардың құрылымы тұрақсыз әрі бос болғандықтан, ауыр техниканың еркін қозғалуына мүмкіндік жоқ.
Мұндай жағдай өрт сөндіру техникасының маневр жасауын қиындатып, жұмыстардың қарқынына әсер етуде.
Су үздіксіз жеткізіліп жатыр
Өртті сөндіру кезінде судың үздіксіз берілуі де ерекше бақылауда. Су өрт гидрантынан арнайы өрт сөндіру автоцистерналары мен су таситын көліктер арқылы жеткізіліп жатыр.
Қазіргі таңда оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың 120-ға жуық қызметкері және 150 бірлік техникасы жұмыс істеуде.
«Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында. Өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасуда», – деп хабарлады ведомство.
Құтқарушылар өрт толық жойылғанға дейін барлық қажетті күш пен техниканың жұмылдырылатынын атап өтті.