Астана ұлттық сусындардың ғана емес, қазақтың дәстүрі мен гастрономиялық мәдениетінің де үлкен сахнасына айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Елордада өтіп жатқан BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестиваліне жиналған жұрт қымыз бен шұбаттан дәм татып, ұлттық тағамдармен танысып, қазақы салт-дәстүрдің ерекше атмосферасын сезінуде.
Биылғы фестивальге қатысушылар арнайы 1 тонна шұбат пен 200 литр қымыз алып келген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – ұлттық сусындарды кеңінен таныстырып, оларды күнделікті тұтыну мәдениетін дамыту.
Солардың бірі – «Сыр дәмі» брендінің иесі Дамир Әбілда. Оның айтуынша, шаруашылық әзірге негізінен шұбат өндіруге маманданған.
«Біз негізінен шұбат өндірумен айналысамыз. Фестивальге 1 тонна шұбат пен 200 литр қымыз алып келдік. Қазіргі таңда қолымызда жылқы көп болғанымен, оның 350 басы ет бағытында өсіріледі. Ал сүт бағытындағы шаруашылықты енді ғана дамытып жатырмыз», – деді «Сыр дәмі» брендінің иесі Дамир Әбілда.
Кәсіпкер мұндай ауқымды фестивальдердің ұлттық өнімдерді көпшілікке кеңінен танытуға және дәстүрлі сусындарға деген қызығушылықты арттыруға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ұлттық дәстүр мен заманауи формат тоғысқан алаң
11–12 шілде күндері «Қазанат» ипподромында өтіп жатқан BaiQymyz-2026 тек қымыз фестивалі емес. Бұл – қазақтың мәдениеті, ұлттық тағамдары, ат спорты және дәстүрлі өнері бір алаңда тоғысқан үлкен мереке.
Қонақтарды ұлттық тағамдардың көрмесі мен дегустациясы, мәдени бағдарламалар, спорттық жарыстар, ат спорты көрсетілімдері, балалар мен отбасыларға арналған аймақтар, сондай-ақ танымал өнерпаздардың концерттері күтіп тұр.
Қымыз ғана емес, ұлттық брендке айналатын мүмкіндік
Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық тағамдар мен сусындарға деген қызығушылық артып келеді. Осындай фестивальдер қымыз бен шұбатты тек дәстүрлі өнім ретінде емес, туристер мен шетелдік қонақтарға ұсынылатын ұлттық бренд деңгейіне көтеруге жол ашады.
BaiQymyz-2026 осы үрдістің айқын көрінісіне айналып, Астананы қазақтың гастрономиялық мәдениетін насихаттайтын маңызды орталықтардың біріне айналдырып отыр.
«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.