Алматы айналасындағы қозғалысты өзгерткен жол

847
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Үш жыл бұрын пайдалануға берілген Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) бүгінде Алматы агломерациясының көлік жүйесіндегі ең маңызды инфрақұрылымдық нысандардың біріне айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бастапқыда транзиттік көлікті мегаполистен тыс бағыттап, қала көшелеріндегі кептелісті азайту үшін салынған магистраль қазір күтілгеннен әлдеқайда жоғары жүктемемен жұмыс істеп жатыр.

Жоба әзірленген кезде ҮАААЖ арқылы тәулігіне шамамен 38 мың көлік өтеді деп жоспарланған еді. Алайда нақты көрсеткіш бұл болжамнан әлдеқайда асып түсті.

2023 жылы жолмен тәулігіне орта есеппен 46 мың көлік жүрсе, 2024 жылы бұл сан 75 мыңға жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҮАААЖ арқылы тәулігіне орта есеппен 85 мың автокөлік қозғалған. Бұл – алғашқы болжамнан екі еседен астам жоғары нәтиже.

Мамандардың мәліметінше, қозғалыстың негізгі бөлігін жеңіл көліктер құрайды. Жалпы трафиктің 86 пайызы – жеңіл автомобильдер. Ал автобустар мен жүк көліктерінің әрқайсысының үлесі шамамен 7 пайыздан келеді.

Осындай қарқын ҮАААЖ-дың тек айналма жол ғана емес, Алматы өңірінің негізгі көлік дәліздерінің біріне айналғанын көрсетеді.

Жолдағы жағдайды жүздеген камера бақылайды

Көлік ағынының артуы қауіпсіздік талаптарын да күшейтуді қажет етеді. Осы мақсатта ҮАААЖ бойына интеллектуалды көлік жүйелері енгізілген.

Бүгінде магистральда 223 бейнекамера жұмыс істейді. Оның ішінде 49 негізгі камера тәулік бойы жолдағы жағдайды бақылайды. Сонымен қатар екі автоматты метеостанция ауа райын бақылап, 18 ауыспалы ақпараттық табло жүргізушілерге маңызды ақпаратты жедел жеткізеді. Көлік ағынын есептейтін 10 автоматтандырылған станция жолдағы қозғалысты тұрақты талдап отырады.

Ең маңызды жүйелердің бірі – оқиғаларды автоматты түрде анықтайтын Event Detection технологиясы. Ол жол-көлік оқиғаларын, тоқтап қалған көліктерді және басқа да төтенше жағдайларды нақты уақыт режимінде анықтап, жедел қызметтердің жылдам әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Шуға қарсы қоршаулар мен тәулік бойғы бақылау

ҮАААЖ тек қозғалыс жылдамдығына емес, жүргізушілердің жайлылығы мен қауіпсіздігіне де басымдық береді.

Жол бойында жалпы ұзындығы 14,2 шақырым болатын шуға қарсы қоршаулар орнатылған. Бұдан бөлек, 222 шақырым қорғаныс тосқауылы көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жолды күтіп ұстауға арналған 49 арнайы техника тұрақты дайындықта болады. Қыс мезгілінде мұзға қарсы материалдардың жеткілікті қоры сақталып, жолдың үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.

ҮАААЖ тәулік бойы бақылауда

Магистральдағы жағдайды тәулік бойы жұмыс істейтін ахуалдық орталық үздіксіз қадағалайды. Сонымен қатар бүкіл бағыт бойынша 24/7 режимінде патрульдік қызмет ұйымдастырылған.

Жобада барлығы 190 маман еңбек етеді. Соның ішінде 166 қызметкер жолды пайдалану мен күтіп ұстау жұмыстарын күн сайын атқарады. Олар инженерлік жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін бақылап отырады.

Үш жылдың ішінде ҮАААЖ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асқан ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде өзінің тиімділігін дәлелдей алды. Көлік ағынының тұрақты өсуі жүргізушілердің бұл бағытты жиі таңдайтынын көрсетсе, интеллектуалды басқару жүйелері мен тәулік бойғы бақылау магистральдың сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -