Астанада өтіп жатқан халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» тек спорт пен технологияның мерекесі ғана емес.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар, ресми делегациялар мен мыңдаған жанкүйер үшін ең маңызды мәселенің бірі – қауіпсіздік, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы жауапты міндетті бүгінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері атқарып жатыр. Елордада құқықтық тәртіпті сақтау үшін олар күшейтілген режимге көшкен.
Қауіпсіздік бірнеше бағытта қамтамасыз етілуде
Ұлттық ұланның әскери жасақтары тәулік бойы жарыс өтетін спорт нысандарының маңында қызмет атқарады. Сонымен қатар қатысушылар мен ресми делегациялар орналасқан орындар, халық көп жиналатын қоғамдық кеңістіктер, негізгі көлік тораптары мен стратегиялық маңызды нысандар да ерекше бақылауға алынған.
Бұл – халықаралық деңгейдегі іс-шара кезінде кез келген тәуекелдің алдын алуға бағытталған кешенді қауіпсіздік шараларының бір бөлігі.
Астанаға төрт қаладан әскери күш жұмылдырылды
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге Астана, Көкшетау, Қарағанды және Теміртау қалаларындағы әскери бөлімдердің жеке құрамы тартылған.
Жалпы, халықаралық жарыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 1600-ден астам әскери қызметші қызметке жұмылдырылды.
Бас қолбасшы үздік сарбаздарды марапаттады
«Болашақ ойындары» аясында өз міндетін мінсіз орындап жүрген әскери қызметшілерді Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков арнайы марапаттады.
Ол халықаралық жарыс барысында ұландықтардың кәсібилігіне жоғары баға берді.
«Ұлттық ұланның әскери қызметшілері халықаралық деңгейдегі жарыс кезінде жоғары тәртіптің, қырағылықтың және әскери антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп отыр. Бұл жауапты қызметке әскери жолын енді ғана бастаған жас сарбаздардың да қатысуы олардың тәжірибе жинақтауына үлкен мүмкіндік болды», – деді Бас қолбасшы.
Сондай-ақ генерал-лейтенант марапаттың тек жақсы атқарылған қызметке берілген баға ғана емес, әскери борышқа адалдық пен мінсіз қызметке көрсетілген құрмет екенін ерекше атап өтті.
Жауапты қызмет әлі аяқталған жоқ
Ұлттық ұлан үшін жауапкершілік мұнымен шектелмейді. «Болашақ ойындары – 2026» 9 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде әскери қызметшілер елордадағы қоғамдық тәртіп пен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады.
Халықаралық жарыстың көрермендері мен қонақтары алаңсыз жарыс тамашалап жүрген сәтте, олардың тыныштығын күзетіп тұрған мыңдаған ұландық өз қызметін үнсіз әрі кәсіби түрде атқарып келеді.



