Қазақтың дәстүрлі биі жаңа технологиялардың көмегімен цифрлық форматқа көшіріледі.
Madeni Qazyna Qory халықтың рухани мұрасын сақтауға бағытталған Altyn Mura жобасының басталғанын жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жоба қазақтың дәстүрлі би өнерін зерттеуді, құжаттауды және оны келешек ұрпаққа дәл күйінде жеткізуді мақсат етеді. Бұл үшін Motion Capture технологиясы мен жасанды интеллект құралдары қолданылады.
Altyn Mura жобасы АҚШ Елшілерінің мәдени мұраны сақтау қорының (U.S. Ambassadors Fund for Cultural Preservation) қолдауымен жүзеге асырылады. Оның басталуы АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Дәстүрлі би қалай цифрлық форматқа көшіріледі?
Қазақтың дәстүрлі биі – халықтың тарихы, дүниетанымы мен мәдени жадын бойына жинаған ерекше өнер. Осы уақытқа дейін ол негізінен шеберден шәкіртке тікелей үйрету арқылы сақталып келді.
Жоба аясында қолданылатын Motion Capture технологиясы бидің сыртқы көрінісін ғана емес, оның ырғағын, пластикасын, қимыл құрылымын және орындау мәнерінің ең нәзік ерекшеліктерін де цифрлық форматта тіркейді.
Бұл деректер кейін ғылыми зерттеулерге, би үлгілерін қайта жаңғыртуға және білім беру жобаларына пайдаланылмақ.
Қазақстан бойынша экспедициялар ұйымдастырылады
Жобаны жүзеге асыратын мамандар бір жыл бойы ғалымдармен және хореографтармен бірге Қазақстанның өңірлері мен шекаралас аймақтарға экспедиция ұйымдастырады.
Экспедиция барысында:
- дәстүрлі биді сақтап жүрген өнер иелері анықталады
- олардың би қимылдары Motion Capture технологиясымен жазылады
- орындаушылардың өмір жолы мен шығармашылық тәжірибесі зерттеледі
- өнердегі сабақтастық туралы деректер жинақталады
Материалдар ашық цифрлық қорға енгізіледі
Жиналған материалдар жасанды интеллект көмегімен өңделіп, қазақтың дәстүрлі биіне арналған ашық цифрлық қорға енгізіледі.
Болашақта бұл қорды Qazaq Culture ұлттық платформасына біріктіру жоспарланып отыр. Бұл дәстүрлі мәдени мұраны зерттеушілерге, хореографтарға, студенттерге және өнерсүйер қауымға кеңінен қолжетімді етеді.
Жоба нәтижесінде не дайындалады?
Altyn Mura аясында бірнеше маңызды өнім әзірленеді.
- Motion Capture технологиясы негізінде жасалған қазақ биінің цифрлық қоры
- Дәстүрлі би өнері мен оны бүгінге дейін сақтап келген тұлғалар туралы деректі фильм
- Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі электрондық оқу құралы
- Хореографтарға арналған шеберлік сабақтары
- Көрме инсталляциялары
Неліктен бұл маңызды?
Altyn Mura – дәстүрлі мәдени мұраны сақтаудың жаңа кезеңіне жол ашатын жоба. Заманауи технологиялар арқылы қазақ биінің қимылдары ғылыми тұрғыдан дәл тіркеліп, болашақ ұрпаққа жоғалмай жетеді.
Сонымен қатар жоба қазақтың дәстүрлі би өнерін халықаралық деңгейде кеңінен таныстыруға, мәдени дипломатияны дамытуға және ұлттық мұраны цифрлық форматта сақтаудың жаңа үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.