Елдің әлеуметтік бюджеті — 6,8 трлн теңге.
2026 жылдың алғашқы жартысында 4,6 млн қазақстандық зейнетақы мен жәрдемақы алды. Осы мақсатқа 3,3 трлн теңге — жылдық қаражаттың жартысына жуығы жұмсалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстандағы қолдау жүйесі бала дүниеге келгеннен бастап жұмысынан айырылғанға дейінгі негізгі жағдайларды қамтиды. Оған көпбалалы отбасыларға көмек, мүгедектік, асыраушысынан айырылу және отбасы табысының төмендеуі де кіреді.
Бірақ мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем — екі бөлек ұғым. Жәрдемақы бюджеттен төленеді, ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлем әлеуметтік аударымдарға байланысты.
Бала туған отбасы қанша алады
Бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы барлық отбасына беріледі. Ата-ананың табысы мен жұмыс істеген-істемегені төлем мөлшеріне әсер етпейді.
2026 жылы бірінші, екінші немесе үшінші балаға 164 350 теңге төленеді. Төртінші және одан кейінгі әр балаға — 272 475 теңге.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған ата-ана бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын жәрдемақы ала алады. Оның мөлшері бірінші балаға 24 912 теңгеден басталып, төртінші және одан кейінгі балаларға 38 493 теңгеге дейін жетеді.
Жұмыс істейтін және әлеуметтік аударымдары төленген ата-анаға МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем тағайындалады. Сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс негізінде жеке есептеледі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы берілген өтініш сегіз жұмыс күні ішінде қаралады. eGov, банк қосымшасы немесе проактивті қызмет арқылы шешім төрт жұмыс күнінде қабылданады.
Проактивті форматта дәстүрлі өтініш жазудың қажеті жоқ. Баланың тууы тіркелгеннен кейін ата-анаға SMS келеді — деректер мен банк шотын растау жеткілікті.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы олардың табысына тәуелді емес. Оны бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар алады.
2026 жылғы төлем мөлшері:
- төрт балаға — 69 330 теңге;
- бес балаға — 86 673 теңге;
- алты балаға — 104 017 теңге;
- жеті балаға — 121 360 теңге.
Сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға әр балаға төрт АЕК, яғни 17 300 теңгеден төленеді.
Жәрдемақы тағайындағанда отбасының табысы мен мүлкі тексерілмейді. Өтінішті қараудың стандартты мерзімі — жеті жұмыс күні.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, бұрын «Батыр ана» атағын алған немесе «Ана даңқы» орденімен марапатталған әйелдерге берілетін жәрдемақы да жеті жұмыс күні ішінде тағайындалады.
Мүгедектік пен асыраушысынан айырылу: екі төлем қатар берілуі мүмкін
Мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақының мөлшері мүгедектік тобы мен оның белгілену себебіне байланысты.
Жалпы ауру, кәсіптік сырқат немесе өндірістік жарақат салдарынан мүгедектігі бар адамдарға 2026 жылы:
- бірінші топқа — 111 873 теңге;
- екінші топқа — 89 498 теңге;
- үшінші топқа — 61 022 теңге төленеді.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ана айына 81 871 теңге алады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын азаматқа да осындай сома төленеді.
Бюджеттік жәрдемақы жеті жұмыс күнінде тағайындалады. Егер азамат үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілсе, ол еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты МӘСҚ төлемін де ала алады.
Бұл төлемнің бекітілген бірыңғай мөлшері жоқ. Есептеу кезінде бұрынғы табыс, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және жалпы еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі ескеріледі.
Асыраушысынан айырылған отбасыларға да екі деңгейлі қолдау қарастырылған. Мемлекеттік жәрдемақы мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің санына қарай есептеледі.
Егер асыраушы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысса, отбасы МӘСҚ-тан қосымша әлеуметтік төлем алады. Оның мөлшеріне қайтыс болған адамның табысы, сақтандыру өтілі және асырауындағы адамдар саны әсер етеді.
Демек, бір отбасы мемлекеттік жәрдемақы мен сақтандыру төлемін қатар ала алады.
Асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы жеті жұмыс күнінде тағайындалады. МӘСҚ төлемі портал немесе проактивті қызмет арқылы төрт, мемлекеттік корпорация арқылы сегіз жұмыс күнінде рәсімделеді.
Жұмыссыз қалған адам табысының 45%-ын ала алады
Қазақстанда әрбір жұмыссызға автоматты түрде жәрдемақы берілмейді. Ақшаны МӘСҚ төлейтіндіктен, оған құқық бұрын жасалған әлеуметтік аударымдарға байланысты.
Алдымен азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, ресми жұмыссыз мәртебесін алуы керек. Мұны мансап орталығы, eGov немесе Электрондық еңбек биржасы арқылы жасауға болады.
2026 жылғы тәртіп бойынша төлем соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 45%-ын құрайды.
Ақша бір айдан алты айға дейін төленеді. Мерзім әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты: аударымдар неғұрлым ұзақ жасалса, қолдау да соғұрлым ұзақ көрсетіледі.
Мансап орталығы немесе мемлекеттік корпорация арқылы қызмет көрсету мерзімі — алты жұмыс күні. Бұл төлем адам жаңа жұмыс іздеген кезеңде жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеуге арналған.
Табысы төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бере алады. Оның бәріне ортақ сомасы жоқ: мемлекет өңірде белгіленген кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы табысы арасындағы айырманы төлейді.
Құрамында еңбекке қабілетті адамы жоқ отбасылар шартсыз көмек алады. Бұл санатқа жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі кішкентай балаға, мүгедектігі бар балаға немесе тұрақты күтімді қажет ететін адамға қарайтын отбасылар да кіреді.
Егер отбасында еңбекке қабілетті азаматтар болса, көмек алу жұмысқа орналасу, оқу немесе кәсіпкерлікті қолдау шараларына қатысу талабымен байланыстырылуы мүмкін.
eGov немесе мансап орталығы арқылы берілген өтініш 15 жұмыс күніне дейін қаралады. Ауыл, кент немесе ауылдық округ әкіміне тапсырылса — 18 жұмыс күніне дейін.
Мемлекеттік органдардан қосымша мәлімет қажет болған жағдайда мерзім 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы өтініш иесіне жазбаша хабарлауға міндетті.
Төлемнің тағайындалуы — ақшаның шотқа түскені емес
Қызмет көрсету мерзімі мемлекеттік органның өтінішті қанша күн қарайтынын көрсетеді. Ол ақшаның банк шотына түсетін нақты күні емес.
Шешім қабылданғаннан кейін қаражат қаржыландыру кестесіне сәйкес аударылады. Сондықтан төлемді мақұлдау мен оның картаға түсуі арасында қосымша уақыт өтуі мүмкін.
Тағайындалған жәрдемақылар мен зейнетақы төлемдерін eGov арқылы тексеруге болады. Егер ақпарат мемлекеттік базаларда болса, электрондық анықтама шамамен 15 минутта дайындалады.
Цифрлық сервистер азаматтардың өз бетімен жинайтын құжаттарының санын азайтты. Бірақ ақпараттық жүйелерде қажетті мәлімет болмаса, мемлекеттік орган растаушы құжаттарды сұрата алады.
Негізгі қағида қарапайым: мемлекеттік жәрдемақы бюджеттен төленеді, сақтандыру төлемі әлеуметтік аударымдарға, ал атаулы көмек отбасының табысына байланысты. Кімнің қанша және қай мерзімде ақша алатынын осы айырмашылық анықтайды.