Гонконгта өткен семсерлесуден әлем чемпионаты Қазақстан спорты үшін жаңа тарихи белеске айналды.
Ерлер құрамасы алғаш рет әлем чемпионы атанып, ел қоржынына алтын медаль салды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл жеңістің артында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері де тұр.
Алматы халықаралық әуежайында тарихи жетістікке қол жеткізген Қазақстан құрамасын салтанатты түрде қарсы алды. Чемпиондарды туыстары, жанкүйерлер, жаттықтырушылар мен "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының өкілдері ерекше ықыласпен қарсы алып, жеңісті бірге атап өтті.
Тарихқа айналған алтын
Қазақстан Республикасы ІІМ "Arlan" спорт клубының қолдауымен өнер көрсеткен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері — ефрейторлар Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов Қазақстан ерлер құрамасының сапында ел спортының жаңа парағын ашты.
Бұл — Қазақстан ерлер құрамасының семсерлесуден әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы алтын жүлдесі. Бұған дейін мұндай жетістікке қол жеткізу отандық семсерлесу тарихында болмаған.
Әлемнің үздіктерін бірінен соң бірін жеңді
Чемпиондық жол оңай болған жоқ. Қазақстандық спортшылар турнир барысында әлемнің мықты құрамаларын кезек-кезегімен жарыс жолынан шығарды.
Олар:
- 1/16 финалда Финляндияны — 45:39;
- 1/8 финалда Өзбекстанды — 28:27;
- ширек финалда Данияны — 45:36;
- жартылай финалда Египетті — 41:32;
- финалда Украинаны — 45:40 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Әсіресе Өзбекстанмен өткен кездесудің тағдыры соңғы сәтте шешілсе, финалда қазақстандық семсерлесушілер сабыр мен шеберліктің арқасында тарихи жеңісті өз пайдасына аяқтады.
Әуежайдағы ерекше сәт
Алматы әуежайында чемпиондарды жақындары гүл шоқтарымен, қошеметпен қарсы алды. Жеңімпаздардың мойнындағы алтын медаль мен жүздеріндегі қуаныш көпшіліктің мақтаныш сезімін еселей түсті.
Бұл сәт тек спортшылардың ғана емес, бүкіл елдің жеңісі ретінде қабылданды.
Ұлттық ұланның мерейін өсірген жеңіс
Әскери қызмет пен үлкен спортты қатар алып жүрген ұландықтар халықаралық аренада Қазақстанның абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.
Олардың жеңісі Ұлттық ұлан жауынгерлерінің кәсіби даярлығы мен тәртібінің, табандылығының және жеңіске деген жігерінің айқын көрінісі болды.
Сонымен қатар бұл жетістік жас спортшылар мен әскери қызметшілерге үлкен мотивация беріп, қазақстандық семсерлесудің жаңа буыны үшін маңызды серпін болмақ.


