Қазақстандықтар банктік қарыздар мен микрокредиттерді кез келген уақытта мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтей алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың құқықтарын тағы бір мәрте түсіндірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, несиені мерзімінен бұрын өтеу артық төленетін сыйақыны азайтып, кредитор алдындағы міндеттемелерді ертерек орындауға мүмкіндік береді.
Несиені қалай мерзімінен бұрын өтеуге болады?
Қарыз алушы:
- несиені толық өтеп, шартты жаба алады
- қарыздың бір бөлігін мерзімінен бұрын төлеп, негізгі берешек сомасын азайта алады
Ішінара өтеу кезінде кредит шартын қайта есептеудің екі негізгі тәсілі қолданылады.
Олар:
- ай сайынғы төлемді сақтай отырып, несие мерзімін қысқарту
- несие мерзімін өзгертпей, ай сайынғы төлем көлемін азайту
Банктердің өз рәсімдері болуы мүмкін
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банктер мен микроқаржы ұйымдары заң талаптарына сәйкес мерзімінен бұрын өтеудің ішкі рәсімдерін белгілей алады.
Бұл рәсімдер:
- өтініш беру тәртібін
- өтінішті қарау мерзімдерін
- қайта есептеу күндерін
- басқа да ұйымдастырушылық талаптарды қамтуы мүмкін
Нені алдын ала нақтылаған жөн?
Агенттік төлем жасамас бұрын кредитордан бірнеше маңызды мәселені нақтылауға кеңес береді.
Атап айтқанда:
- берешекті қайта есептеу тәртібін
- қаражаттың есептен шығарылу тәртібін
- сақтандыру сыйлықақысын қайтару шарттарын (бар болса)
- ипотекалық қарыз кезінде кепілдегі мүлікке салынған ауыртпалықты алу рәсімін
Жеке тұлғалар үшін айыппұл қарастырылмайды
Агенттік 2025 жылғы 31 тамыздан бастап қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енгенін еске салды.
Соған сәйкес:
- жеке тұлғалар несиені кез келген уақытта толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтей алады
- бұл үшін айыппұл немесе өзге де санкциялар қолданылмайды
- мұндай шектеулер тек заңды тұлғаларға қатысты қолданылуы мүмкін
- жаңа талаптар бұрын жасалған қолданыстағы несие шарттарына да таралады
Мерзімінен бұрын өтеудің қандай пайдасы бар?
Агенттік мұндай шешімнің бірнеше артықшылығын атап өтті.
Мерзімінен бұрын өтеу:
- қарыз жүктемесін азайтады
- артық төлем көлемін қысқартады
- оң кредиттік тарих қалыптастыруға ықпал етеді
Сонымен бірге азаматтарға несиені мерзімінен бұрын өтеу туралы шешім қабылдамас бұрын өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін мұқият бағалау ұсынылады.