Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында саладағы өндіріс көлемі 9,8%-ға ұлғайып, шығарылған өнімнің жалпы құны 16 трлн теңгеден асты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Шикізаттық емес экспорт 12 млрд долларға жуықтады
Алғашқы жартыжылдықта Қазақстанның шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,6%-ға өсіп, шамамен 12 млрд долларды құрады.
Экспорттың негізгі бөлігін:
- металлургия өнімдері
- машина жасау өнімдері
- химия өнеркәсібінің тауарлары
- құрылыс материалдары құрады
Сонымен қатар елде жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің, киім-кешек пен тоқыма бұйымдарының, резеңке және пластмасса өнімдерінің, автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелердің импорты төмендеген.
Мемлекеттік органдар 45 мыңнан астам шарт жасасты
Мемлекеттік сатып алуда 5 323 түрлі тауар бойынша қазақстандық өнімге басымдық берілді.
«Министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі – реттелетін сатып алу шеңберінде отандық өндірушілерді қолдау және оларды тауарларын өткізу ісінде ынталандыру. Мемлекеттік сатып алуда 5 323 түрлі тауар бойынша отандық өнімге басымдық берілді. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 82 млрд теңге болатын 45 мыңнан астам шарт жасасты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаудың 16 шарасы аясында отандық тауар өндірушілермен 3,8 мың шарт жасалды. Оның ішінде 390 млрд теңгеге 286 ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарт бар», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Жер қойнауын пайдалану саласында кепілдендірілген сатып алу бойынша жалпы сомасы 123 млрд теңгені құрайтын 425 шарт жасалған.
Кәсіпорындардың өндірістік жүктемесі артты
Қабылданған қолдау шаралары кәсіпорындардың өндірістік қуатын тиімді пайдалануға және өнім өткізудің тұрақты нарығын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Мәселен:
- Шымкенттегі трансформатор өндірушісінің жүктемесі 90%-ға жетті
- Семейдегі кабель-өткізгіш өнімдерін шығаратын кәсіпорынның жүктемесі 72%-ды құрады
- Қарағандыдағы арқан өндіруші кәсіпорынның жүктемесі 71%-ға жетті
Бұл көрсеткіштер ұзақ мерзімді және кепілдендірілген сатып алу шарттарының отандық зауыттарға нақты тапсырыс беріп отырғанын көрсетеді.
2023 жылдан бері 623 жаңа жоба іске қосылды
Экономиканың құрылымын жаңғырту және өңдеу өнеркәсібінің көлемін арттыру аясында 2023 жылдан бері 623 жоба іске қосылды.
Қазақстанда бұған дейін өндірілмеген бірқатар өнім түрін шығару жолға қойылды.
Олардың қатарында:
- локомотивтердің тірек арқалықтары
- автобустардың қаптау элементтері
- жүк көліктерінің жетекші ось арқалықтары
- цилиндр блоктары
- автомобиль орындықтары
- мультимедиялық жүйелер
- тұрмыстық техника
- тік жікті дәнекерленген құбырлар
- терезе профильдері
- талшықты цемент плиталары
- ламинат
- жылыту радиаторлары бар
2030 жылға дейін тағы 478 жоба жүзеге асырылады
Алдағы төрт жылда Қазақстанда тағы 478 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Жаңа өндірістер:
- жаңартылатын энергия көздеріне арналған трансформаторлар
- бандаждар мен тісті дөңгелектер
- өнеркәсіптік престер
- сутегі
- сутегі пероксиді
- желатин мен пептон
- асфальтбетонға арналған қоспалар
- басқа да жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталады
Бұл жобалар импортқа тәуелділікті азайтып, қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық өндірушілердің тізілімі енгізілді
Отандық кәсіпорындарды қолдау және өнім өткізудің кепілдендірілген нарығын қалыптастыру мақсатында Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі қолданысқа енгізілді.
Ірі компаниялар қазақстандық өндірушілермен кепілдендірілген сатып алу шарттарын жасасуды және шағын әрі орта бизнес белдеуін дамытуды көздейтін ұзақ мерзімді бағдарламалар әзірлеп жатыр.
Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуатын тиімді пайдалануға арналған толлингтік схемалар енгізілуде.
Минералды тыңайтқыштар экспорты лицензияланады
Ішкі нарықты қажетті өніммен қамтамасыз ету үшін минералды тыңайтқыштар экспортын лицензиялау енгізілді.
Бұл шара қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді алдын ала келісілген бағамен минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Металл сынықтарының айналымын реттеу тетіктері де жетілдіріліп жатыр. Бұл қара металлургияны дамытуға, болаттың жаңа маркаларын шығаруға және автомобиль, машина жасау мен құрылыс салаларына арналған өнім өндірісін арттыруға бағытталған.
Құрылыс материалдарының импортына шектеу енгізілді
Ішкі нарықты қорғау мақсатында үшінші елдерден бірқатар құрылыс материалының импорты шектелді.
Олардың қатарында:
- цемент
- гипсокартон
- табақ шыны
- тас бұйымдары
- құрылысқа арналған құрғақ қоспалар бар
Министрліктің мәліметінше, қабылданған шаралар ішкі нарықтағы бағаға теріс әсер етпей, отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік берген.
Арнайы экономикалық аймақтардың жаңа моделі әзірленді
Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа моделі дайындалды.
Ол:
- АЭА құру
- инфрақұрылыммен қамтамасыз ету
- қатысушыларды іріктеу
- инвестициялық жобаларды іске асыру
- міндеттемелердің орындалуын бақылау
- басқару жүйесін жетілдіру кезеңдерін қамтиды
Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Арнайы мақсаттағы көлік құралдарын өндіру кезінде қазақстандық компоненттерді пайдалануды көздейтін заңнамалық өзгерістер енгізілді.
«Министрлік алдағы уақытта да отандық тауар өндірушілерді қолдау, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейту және қазақстандық өнімнің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді», – деп түйіндеді сөзін Ерсайын Нағаспаев.