Қазақстандық жұмыс берушілерді отандық және халықаралық сарапшылар қалай бағалады?

704
Фотосурет: depositphotos.com

Қазақстандық сарапшылар отандық жұмыс берушілердің жетістіктерін бағалады. Жуырда Қазақстандағы компаниялардың әлеуметтік тұрақтылығына арналған ең ауқымды зерттеу негізінде жасалған Paryz Bridge жұмыс берушілер рейтингісінің нәтижелері жарияланды, зерттеуді Қазақстанның HR-менеджерлер қауымдастығы Ұлттық Paryz жұмыс берушілер конфедерациясымен бірлесіп жүргізді.

Зерттеуге жалпы саны шамамен 150 мың қызметкерді біріктіретін 117 компания қатысты. Сонымен қатар 47 мыңнан астам жұмыскерден сауалнама алынды. Қорытынды баға тәуелсіз дереккөздер мен компаниялардың нақты көрсеткіштерін көрсететін бірыңғай әдістеме негізінде қалыптастырылды. Зерттеу нәтижесінде елдің үздік жұмыс берушілері мен жекелеген салалардың көшбасшылары анықталды.

Бізді ең алдымен қаржы және бизнес қызметтері саласы қызықтырды. Өз санаттарында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, Отбасы банк және «Даму» қоры көшбасшылар қатарынан көрінді. «Бәйтерек» ҰБХ қызметкерлер саны 500 адамға дейінгі компаниялар санатында бірінші орынға ие болса, Отбасы банк пен «Даму» қоры қызметкерлер саны 500 адамнан асатын қаржы секторы компаниялары санатында екінші және үшінші орындарды иеленді. Жалпы, бұл заңды нәтиже деуге болады: холдингтің өзі де, оның еншілес ұйымдары да тұрақты даму және ESG қағидаттарын дәйекті түрде ұстанып келеді.

Мәселен, Отбасы банк ESG күн тәртібі аясында адами капиталды дамытуға және тұрақты корпоративтік ортаны қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Банктің кадр саясаты тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, кемсітушілікке жол бермеу, кәсіби қасиеттерді әділ бағалау және қызметкерлерді тек еңбек нәтижесіне, білімі мен құзыреттеріне қарай жоғарылату қағидаттарына негізделген. Paryz Bridge сыйлығы Отбасы банкінің адами капиталды дамытуға жүйелі түрде инвестиция салып келе жатқанын тәуелсіз түрде растады. Сарапшылардың жоғары бағасы мен қазақстандықтардың банкке жұмыс беруші ретінде білдірген сенімі оның кадр саясатының сапасын әрі мықты корпоративтік ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмысының тиімділігін айғақтайды.

Банктің тұрақты даму бағытындағы жетістіктері халықаралық сарапшылар тарапынан да жоғары бағаланып келеді: Sustainable Fitch рейтингтік агенттігі 2025 жылы қаржы институтына жаңартылған баға берді. Нәтижесінде Отбасы банктің тұрақты даму рейтингісі 55 балдан 60 балға дейін көтерілді, ал рейтингтің жалпы деңгейі «3» деңгейінде расталды.

Айта кету керек, Қазақстанның еңбек нарығына қатысты бірқатар көрсеткіштері халықаралық сарапшылар тарапынан да жоғары бағаланып келеді. Мәселен, International Labour Organization (Халықаралық еңбек ұйымы, ХЕҰ) деректеріне сәйкес 2025 жылы Қазақстан жұмыспен қамту деңгейі бойынша Орталық Азия елдері мен ЕАЭО кеңістігінде көшбасшы атанды. ҚР көрсеткіші 67%-ды құрап, Беларусьтен (61%) бірден 6 пайыздық тармаққа жоғары болды. Ресей мен Әзербайжан 60% нәтижемен кейінгі орындарға жайғасса, макроөңірдің қалған елдерінде жұмыспен қамту деңгейі 55%-дан аспады, ал Түркіменстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш небәрі 40% және 36% болды.

Жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі Қазақстанның жаһандық рейтингтегі позициясын да нығайтты. Еліміз 187 мемлекеттің ішінде 29-орынға ие болып, Жаңа Зеландиядан кейін орналасты. Рейтингтің көшін 87% көрсеткішпен Кувейт бастаса, соңғы орында жұмыспен қамту деңгейі 21% болған Африкадағы шағын арал мемлекеті Сан-Томе мен Принсипи тұр.

Маңызды жайт, ХЕҰ-ның жұмыспен қамту деңгейі (Employment Index) халықтың қандай үлесі экономикалық қызметке қатысып, тауарлар мен қызметтер өндіруге атсалысатынын көрсетеді. Бұл көрсеткіш экономиканың жаңа жұмыс орындарын құру қабілетін сипаттайды және көптеген жағдайда жұмыссыздық деңгейіне қарағанда ақпараттық мәнге ие болып саналады.

Жұмыспен қамту деңгейінің өзі еңбек нарығындағы жағдайды толық сипаттай алмайды. Көрсеткіштің жоғары болуы әрдайым сапалы жұмыс орындары мен лайықты еңбек жағдайларының бар екенін білдірмейді, сондықтан ахуалды жан-жақты бағалау үшін басқа да халықаралық индикаторларды ескерген жөн, біз оларды төменде қарастырамыз.

Мысалы, жастар арасындағы жұмыссыздықтың ең төмен деңгейі бойынша (бұл экономиканың және қоғамның болашақ даму әлеуетін тікелей көрсететін маңызды индикатор) Қазақстан Trading Economics деректеріне сай 63 ел мен экономиканың ішінде екінші орынға ие болды, еліміз Швейцария, Жапония, Таиланд, Германия, Оңтүстік Корея және басқа да дамыған мемлекеттермен бірге алғашқы ондыққа енді.

Қазақстандағы еңбек нарығының негізгі факторларының бірі ретінде жұмыс берушілердің қызметіне берілген бағаларды да қарастыруға болады. Мәселен, қызметкерлерді оқыту және олардың біліктілігін арттыруға жұмыс берушілердің қаншалықты басымдық беретінін көрсететін Employee Training индексі бойынша Қазақстан 69 елдің ішінде 11-орынға ие болып, 7,13 балл жинады. Еліміз көптеген мемлекеттерді, соның ішінде бірқатар дамыған экономикаларды басып озып, Швейцария, Дания, Австрия, Швеция, Финляндия және еңбекпен қамту мәселелерінде мойындалған өзге де көшбасшы елдермен бірге үздіктер қатарына енді.

Нақтылай кетсек, бұл көрсеткіш — елдердің білікті кадрларды дамыту, тарту және ұстап қалу қабілетін бағалайтын жыл сайынғы халықаралық IMD World Talent Ranking рейтингісінің қосалқы индексі. Жалпы рейтингте Қазақстан лайықты 34-орынға ие болды.

Мұндай нәтижелер қазақстандық жұмыс берушілердің қызметкерлерді дамытуға елеулі көңіл бөліп, біліктілігін арттыруға инвестиция салатынын көрсетеді. Халықаралық рейтингтердегі жоғары нәтиже бизнес тарапынан кадрлық әлеуетті дамытуға және қоғамның тұрақты дамуына жүйелі қолдау көрсетіліп отырғанын дәлелдейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -