Қазақстанда барлық тауар үшін кедендік алым төлене бермейді.
Заңда мұндай төлемнен толық босатылатын бірнеше санат қарастырылған. Бұл жеңілдік халықаралық тасымалдаушылардан бастап гуманитарлық көмекке, дипломатиялық жүктерге және Ұлттық банктің кейбір операцияларына дейін қолданылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекстің 80-бабына сәйкес кедендік алым төлеуден босатылатын жағдайларды түсіндірді.
Халықаралық тасымалдағы көліктерге жеңілдік бар
Кедендік алымдар жүктерді, багажды және жолаушыларды тұрақты халықаралық бағыттарда тасымалдайтын көлік құралдарына қолданылмайды.
Сондай-ақ олардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін шетелден сатып алынатын қосалқы бөлшектер, жанармай, азық-түлік, материалдық-техникалық жабдықтар және жол үстіндегі апатты немесе техникалық ақауды жоюға қажетті басқа да мүлік кедендік алымнан босатылады.
Қазақстандық теңіз кемелеріне де ерекше тәртіп қарастырылған
Жеңілдік теңіз кәсіпшілігімен айналысатын қазақстандық кемелерге және қазақстандық компаниялар жалға алған теңіз кемелеріне де қатысты.
Олардың өндірістік қызметіне қажетті жанармай, азық-түлік, керек-жарақтар мен басқа да материалдық-техникалық қамтамасыз ету құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерге шығарылған кезде алым салынбайды. Сонымен қатар Қазақстанға әкелінетін кәсіпшілік өнімдері де осы санатқа кіреді.
Ақша, бағалы қағаздар және гуманитарлық көмек
Кедендік алымнан босатылатындардың қатарында:
- ұлттық және шетел валютасының банкноттары мен монеталары (мәдени-тарихи құндылығы барларын қоспағанда);
- бағалы қағаздар;
- акцизделетін тауарлардан басқа гуманитарлық көмек ретінде әкелінетін тауарлар;
- техникалық жәрдемді қоса алғанда, мемлекеттер, халықаралық ұйымдар немесе шетел үкіметтері желісі арқылы жеткізілетін қайырымдылық жүктері бар.
Бұл ретте медициналық мақсатқа арнайы арналған жеңіл автомобильлерге қатысты ерекшелік сақталады.
Ұлттық банк пен дипломатиялық өкілдіктер де босатылады
Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның филиалдары мен ұйымдары ақша белгілерін жасауға қажетті шикізатты әкелген кезде кедендік алым төлемейді.
Сонымен қатар шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің ресми пайдалануы үшін, сондай-ақ дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналдың және олармен бірге тұратын, Қазақстан азаматы болып табылмайтын отбасы мүшелерінің жеке пайдалануы үшін әкелінетін немесе әкетілетін тауарлар да халықаралық шарттарға сәйкес кедендік алымнан босатылады.
Грант қаражатына алынған тауарларға да жеңілдік қарастырылған
Қазақстанның салық заңнамасына сәйкес мемлекеттердің, олардың үкіметтерінің немесе халықаралық ұйымдардың гранттары есебінен сатып алынатын тауарлар үшін де кедендік алым алынбайды.
Бұдан бөлек, егер тауар мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен рәсімделсе, онда оны декларациялау кезінде де кедендік алым төленбейді.
Жеңілдікті пайдалану үшін не қажет?
Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, кедендік алымнан босату автоматты түрде берілмейді. Заңда көзделген жеңілдікті пайдалану үшін тиісті құжаттарды ұсыну қажет.
«Осы бапта көрсетілген кедендік алымдар салудан босату үшін құжаттар ұсыну тәртібін уәкілетті орган айқындайды».
Сондықтан импорт немесе экспорт кезінде жеңілдікке үміткер тұлғалар мен ұйымдар алдын ала қажетті құжаттардың толық тізбесін нақтылап алғаны жөн.