«Мен материалдарды орналастыра алмайтынмын, мен тек Бажкенованың тапсырмаларын орындадым» – Orda.kz-тің бұрынғы тілшісі Дүйсенованың мәлімдемесі

561
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: коллаж DKNews.kz/AI-generated

Алматыда Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Бүгінгі отырыста бұрынғы редакция қызметкерлерінің айғақтары тыңдалып, жарияланымдардың қалай дайындалғаны мен оларды жариялау туралы шешімдердің кімнің құзырында болғаны сөз болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сот отырысындағы басты назар куәгерлердің айғақтарына ауды. Олардың бірі – Orda.kz сайтының бұрынғы меншікті тілшісі Сандуғаш Дүйсенова. Ол елден тыс жерде болғандықтан, өз түсініктемесін жазбаша түрде жолдаған. Айғақтарды сотта прокурор оқып берді.

Редакциядағы шешімдерді кім қабылдаған?

Куәгердің мәліметінше, оның міндетіне ақпарат жинау, оқиға орындарына бару және материалдың бастапқы нұсқасын әзірлеу кірген.

Сонымен бірге, ол ақпараттың шынайылығын тексеру үшін ресми сауалдардың жобаларын дайындап, редакцияға жіберіп отырғанын айтты. Алайда бұл сауалдарды мемлекеттік органдарға жолдау немесе жолдамау, сондай-ақ мақаланы жариялау туралы түпкілікті шешім редакция басшысы Гүлнар Бажкенованың құзырында болған.

Куәгердің айтуынша, өзі журналист болғанымен, Orda.kz сайтында материалдарды өздігінен жариялау мүмкіндігіне ие болмаған.

Бірнеше эпизод бойынша жауап берді

Бүгінгі сот отырысында куәгер көрінеу жалған ақпарат тарату ісі аясында қаралып жатқан бірнеше эпизодқа қатысты жауап берді.

Эпизодтардың бірі бұрынғы балық шаруашылығы инспекторы «С» туралы жарияланған материалға байланысты болды.

Куәгердің сөзінше, ол оқиға орнына барып, фототүсірілім жүргізген. Кейін жиналған ақпарат пен мақала жобасын бас редакторға тапсырған.

Тағы бір эпизод «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға қатысты жарияланған материалмен байланысты.

Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, бұл материал бойынша тапсырма мен бастапқы деректерді оған Гүлнар Бажкенова берген. Сонымен қатар, бұрынғы бас редактор теміржол бойындағы ықтимал заң бұзушылықтарды қалай түсіру қажет екенін де түсіндірген.

Алайда тілші ешқандай заң бұзушылық белгілерін анықтай алмаған.

«Ықтимал заң бұзушылықтар анықталмаған соң, материалды жариялауға қатысты күмәнімді Orda.kz сайтының бұрынғы басшысына жеткіздім. Соған қарамастан, материал өңделіп, айтарлықтай өзгерістермен жарияланды», – делінген куәгердің сотта оқылған жазбаша айғағында.

«ECSAD» ЖШС туралы эпизод

Сотта қаралған тағы бір эпизод «ECSAD» ЖШС-ға қатысты болды.

Куәгердің айтуынша, бұл материалдың бастапқы деректері анықталмаған дереккөзден алынған. Ол дайындалған мәтінді редакция басшысына тапсырғаннан кейін мақала сайтта жарияланған.

Кейін компания ресми түрде жарияланған ақпаратты жоққа шығарып, теріске шығару мәлімдемесін жасаған.

«Мен жарияланған ақпаратты қайта тексеруді ұсындым. Бірақ Гүлнар Бажкенова бұл ұсыныстан бас тартты», – деп көрсетілген куәгердің жазбаша түсініктемесінде.

Бажкеноваға қандай айып тағылып отыр?

Еске салсақ, Гүлнар Бажкеноваға үш бірдей қылмыстық құқық бұзушылық бойынша айып тағылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, оған:

  • аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және талан-таражға салу;
  • заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу;
  • көрінеу жалған ақпарат тарату

баптары бойынша айып тағылып отыр.

Қазір іс бойынша сот талқылауы жалғасуда. Келесі отырыстарда өзге куәгерлердің айғақтары мен тараптардың дәлелдері зерттеледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -